DataLife Engine / Мектеп білім мен тәрбиенің ошағы

Мектеп білім мен тәрбиенің ошағы

Бұл мақаланы жазған кезде ішімде түрлі эмоциялардың арпалысы болды десем өтірік айтпағаным болар. Себебі, мектепте өткен уақыттарыңды, түрлі қызықтарға толы сәттерді жазу оңай емес. Алайда, өзімнің мектепке деген сағынышымды тек қағаз бетіне түсіру арқылы ғана баса аламын.

Мектеп... Бір сөздің өзі қаншама қуанышты сәттерге толы десеңізші! Ойын қуып жүріп, 11 жылдың қалай өткенін білмей де қалыппын. Артқа көз салсам осы жылдардың бейнесінен балалық шағымның балдай тәтті кездерін көремін.

Алғаш қолыма гүл шоқтарын алып, мектеп табалдырығын аттағаным, маған күлімсіреп қараған ұстазымның ақжарқын келбеті әлі де есімде. Басында барлық затқа таңырқаумен басталған мектеп өмірі кейіннен жаныңа жақын дос табумен ұштасты.

Әрине, алғашқы әріп тануың, алғашқы алған бестік бағаларың, мектеп туралы, оның не екенін, мағынасын түсінген уақыттар – мұның бәрі де адамның жадынан өшірілмейтін естеліктер. Маған білім беріп, қанатымның кеңістікте жайылуына мүмкіндік берген алғашқы мектебіме алғысым шексіз!!!

Ұмытылмас есімің,

Армандардың аштың есігін

Мәңгі өшпес із қалдырған лицей...

Иә, мен 11 жылдың ішінде бір ғана мектептің оқушысы болған жоқпын. Армандаған армандарыма жету жолында мен қазақ-түрік мектеп-интернатының (“БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” лицейі) жас шәкірті атандым. Өмірімнің ең қызықты, ең мағыналы бес жылы осы лицей қабырғасында өтті десем қателеспегенім болар...

Лицей – бұл өзінің айрықша тәрбиесімен, жоғары білімімен, білікті мұғалімдерімен көзге түсетін Қазақстандағы бірден-бір білім ордасы. Алғаш жатақханада тұрып ата-анамды сағынған кездерім, сабақтарымның қиындап, оларды оқуға үлгермеген шақтарым әлі есімде. Алайда, дәл осы кезде маған жан-жақтан келген, бірақ, бір үйдің баласындай болып кеткен құрбыларым қолдау көрсетті. Біз бір-бірімізбен бір нанды бөлісіп жедік, қиындықты бәріміз бірге көрдік, ұрыстық, керістік, бірақ бәрібір де соңында татуласуды ұмытқан жоқпыз. Шынымды айтсам, осы сәттерді есіме түсіргенде көзіме сағыныштың жастары келеді. Менің жүрегімде әр сыныптасымның орны бар. Себебі, әрқайсысы өзінің маған жасаған жақсылығымен ерекше.

Лицейім жайлы әңгіме қозғағанда мақсатымды алдыма айқын қоюды, өмірдің кішкене бөлігін болса да танып-білуді үйреткен ұстаздарым мен тәрбиешілерімді айтып өтпесем болмас. Лицей бізге жаныңа жақын жандармен қоштасуды, алайда, оларды ұмытпауды үйретті. Мұны айтқан себебім, осы 5 жыл ішінде біз талай мұғалімдердің ақыл-кеңестерін алдық, тәрбиешілердің тәлім-тәрбиесін бойымызға сіңірдік. Жанымызда жүрген әр тәлімгер, әр тәрбиеші біздің мәңгілік жадымызда. Қасымызда анамыз болмағанда, біздің қуанышты сәттерімізге куә болған осы жандар екенін сеніммен айта аламын.

Бүгінде біз – мектеп бітірген түлектерміз. Әр қырық бес минуттық сабақтарды, үзілістерді, ақкөңіл мұғалімдеріміз бен әпкеміздей болып кеткен тәрбиешілерімізді, алғашқы қоңырау үні мен соңғы қоңырауды сағынатын түлектерміз. Және де бірге туған бауырдай болып кеткен жан достарымызды сағынамыз. Біз – ішіне қуаныш пен түрлі естеліктерді сақтап қалған мектеп атты кемеден түстік, балалықтың есігін жаптық. Алда бізді бағындырар талай белестер тұр.

Қорытындылай келе, бойыма білімнің нәрін сепкен мектептеріме тек алға қарай өркендеуді және маған білім берген әр ұстазға алдағы уақытта тек сәттілік тілегім келеді. Ал қиын қыстау заманда бірге болған достарыма болашақта білімнің биік шыңына шығуына шын жүректен тілектеспін.Мен сендердің жеткен әр жетістіктеріңе қуанамын, мақтан тұтамын. Келешекте әрқайсысымыз елдің бетке ұстар азаматшасы болып, әлемнің жарқыраған 27 жарық жұлдызына айналатынымызға кәміл сенемін!!!

05.11.2018
Вернуться назад