DataLife Engine / Қазақ елінің әскери рәміздері

Қазақ елінің әскери рәміздері

Жақып Аяулым
10 сынып, №6 Талап орта мектебі
Талап селосы, Жезқазған қаласы
Жетекшісі: Алибаева Гүлденсін

Қазақ... Осы сөздің әрбір қазақ елінде тұратын адамға ерекше бір рух берері сөзсіз. Қазақ – намысы мен абыройын, елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін барлық қасиеттерден жоғары қоя білген, ерекше халық. Қазақ халқының бүгінгі кешіп отырған бейбіт өміріне қол жеткізудегі көрген қиянаттары мен қиыншылықтарын сөзбен айтып жеткізуге болмасы анық. Еліміздің шаңырағы биікке көтеріліп, керегесінің нығаюы ата – бабаларымыздың талай ғасырлар бойғы төккен қанды тері мен жасының арқасында екенін келер ұрпақ, яғни біздер ұмытпауымыз керек деп білемін. Жылдар, тіпті ғасырлар бойғы қазақ халқының егеменді ел болып қалыптасуы үшін жалғасқан қантөгістердің бүгінде еліміздің тәуелсіз, қарқынды дамып келе жатқан жас та болса күшті мемлекет болып қалыптасуының бір көрінісі болар.

Егер, бір сәт өткен күндерге көз жүгіртсек... Шыныменде, үнемі, дәл бүгінгідей бейбіт өмір мен тыныштық пен ымыра бірлік болмады. Талай ғасырлар бойы еліміздің кең байтақ, құнарлы жеріне көз салғандар оның шекарасын өздеріне бағындыру мақсатында сан қилы соғыстар жариялады. Сол кездердегі ата – бабаларымыз, қазақ халқының көзайым батырлары мен көсемгер хандарының батырлығы мен даналығының арқасында бүгін біз арқамызды керіп, барша кеудемін дем алып отырмыз. Қазақ хандығының бастан кешкен қиындықтары мен қасіреттерінің шексіз болғандығын ескере отырсақ та қазақ халқы ешқашан рухымен құлап, ертеңінен түңілмеген, бойында ерекше қуат пен күш – жігері бар дана халық бола білген.

Сол жылдардағы қазақ хандығының құрылымы әрине көбіне жауынгерлерден құралды. Әрбір отбасынан бір қару ұстай алатын ержүрек азамат шықса, отбасының абыройы арта түскен. Соғыстың сан жылдарға созылып , елімізді зар илеткен шайқастарда талай мәрте еліміздің байрағы мен нақышы көкке көтеріліп отырған. Сол кезеңдегі әрбір жауынгерге рух пен батылдықтың символы болып еліміздің әскери рәмізі болған. Ол шайқас майдандарында көтерілгенде әрбір қазақ азаматына сарқылмас күш сыйлайтындай аса қасиетті ұлттық нақыш болған. Байырғы әскери рәміздер – әскери белгілер ретінде қолданылған. Олар түрлі әскери мағыналар мен ұғымдарды білдірген. Байырғы әскери рәміздерін:киелі рәміздер ; әскери дәреже және лауазым белгілері; түрлі айырым белгілері деп бөлуге болады. Ертеде әскер қосындары соғысқа өздері табынатын киелі бейнелерді әскери рәміздік белгі ретінде көтеріп шыққан. Олар ұрыста күш беріп, жеңіске жеткізеді, қауіп-қатерден қорғайды деп ырым еткен. Ондай бейнелер металдан соғылып, алыстан көріну үшін қанық түсті матадан тігілген әскери туға жапсырылып, оның жоғарғы жағына қасиетті аңның құйрығы байланып, тігінен не көлденеңінен ағаш сапқа бекітілген. Туда әскердің киесі, күші болады, тудың құлауы әскердің жеңілуі деп түсінгендіктен әрбір жауынгер, бүкіл әскер туды сақтауға, қорғауға міндетті болған. Әр әскер қосындарының туы өз түсімен ерекшеленген. Бүкіл әскерлік ту үлкен, үшбұрышты етіп жасалады. Ту алыстан айқын көріну үшін ашық көк, қызыл, сары, жасыл, ақ түсті маталар, кейде бір туда екі-үш түс бірдей қолданылған. Әр түс көшпелі халықтар мәдениетінде белгілі бір ұғымды білдіретін болған. Қазақтарда ақ түс тазалықтың, әділдіктің, қызыл түс ерліктің, жасыл түс жаңғырудың, өркендеудің нышаны болған. Жазбаша, ауызша әдеби деректерде Қаракерей Қабанбай батырдың ақ туы, Абылайдың жасыл туы болғаны айтылады. Бұрынғы кездері арнайы әскери киім болмағандықтан, өз әскерін жау әскерінен айыру үшін жауынгерлер дулығаға және найзаға түсті айырым белгі таққан. Оны жалау деп атаған. “Жалаулы найза қолға алып” деген осыдан шыққан болар сірә. Әр әскери бөлімнің жауынгерлері жалауды бір түстен таққан болса, қолбасшы сол арқылы олардың қимыл-әрекетін бақылап, басқарып отырған. Жалау алыстан көріну үшін ашық, шаңқан түсті маталар таңдалған. Түсті матадан тігілген айырым-белгілер найза мен бас киімнен басқа жеңге, иыққа да тағылуы мүмкін болған. Мысалы, Кенесары сарбаздары мұндай белгілерді киімнің жеңіне таққан. Жалаулы найза ұстаған қазақ жауынгерлерінің бейнесін тастағы суреттерден, ХІХ ғасырдағы өнер туындыларынан көруге болады. Айырым-белгі тағу дәстүрі Еуропа елдеріне де ауысып, қазір бұл белгі жауынгердің бас киіміндегі әскер түрін белгілейтін түсті жиекке айналып, осы күнге жетіп отыр.

Әскери рәміздік белгі ретінде ең бірінші пайда болған байрақ қазір қолданыстан шыққан . Қасиетті әскери атрибут — жауынгерлік ту осы заманғы армияға орнықты да, кейін пайда болған жалау әскери айырым-белгі ретінде ғана емес, әр түрлі ұйымдардың , мемлекеттердің , қоғамдардың айырым-белгісі ретінде кең қолданылатын рәмізге айналды. Ескі әскери рәміздердің ұмтылуына байланысты және мәнінде, сыртқы пішінінде ұқсастық болғандықтан, қазіргі түркі тектес халықтар тілінде ту, байрақ, жалау атаулары бір-бірінің синонимі ретінде қолданыла береді. Байырғы әскери белгілер қатарына хандардың, патшалардың, қолбасшылардың дәреже белгісі ретінде бас киімге, дулығаға тағылатын құстың қауырсыны — жығаны, аттың тұрманына тағылатын шоқты да жатқызуға болады. Әскери рәміздердің жауынгерлер арасында ерекше құрметке ие болған. Оны сыйлап, әскери рух беріп алға жеңіске жетелейтін күш деп білген.

Қазақ елі өзінің сарбаздары мен батырларымен әрдайым мақтанған. Олардың сыз түспеген жүректегі батырлықтарылың арқасында бүгін біз терезесі өзге елмен тең келген мемлекетте өмір сүріп жатырмыз.

Қазақ елі бүгінде алдына мақсатын айқындап алған, бәсекеге қабілетті елдермен иық теңестіруге бел буған жас та болса қуатты мемлекет. Оның әрбір азаматының бойында еліне , жеріне, еліміздің рәміздері мен тарихына деген сүйіспеншілігі ананың ақ сүтімен бойымызға дарып, ұрпақтан ұрпаққа таралып отырады.
17.03.2017
Вернуться назад