DataLife Engine / Қазағым мәңгі жасасын...

Қазағым мәңгі жасасын...

Арын Еркежан 11 сынып
№148 мектеп-гимназия
Жетекшісі: Шортанбаев Ш. А.

Мен үшін «Отан» сөзінің ауқымы кең, түсінігі терең ұғым. «Менің Отаным – Қазақстан!» – деп мақтанышпен, қуанышпен, жүрегімнің түбінен лүпілдеп соққан бала сезіммен тебіреніп айтамын. Сәби кезімнен еміреніп өскен ортам, мәпелеген ата-анам, балапанындай аялаған Жер-анам... сенің мәртебеңді асыру – менің басты парызым.
Отанды сүю отбасынан басталады. Адам дүниеге келгеннен кейін, ең алдымен, оның анаға деген махаббаты мен сүйіспеншілігі оянады. Кейін әкесін, өсе келе туыстарын, бүкіл отбасы мен достарын жақсы көреді. «Отан» деген сөздің қасиеті мен ұлылығын терең түсінгеннен кейін, оның Отанға деген үлкен сүйіспеншілігі мен құрметі оянады.«Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас», «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл», «Елім деп өткен ер...» сынды көптеген халық даналығы мен қанатты сөздерді сәби күнімізден естіп, біліп жатырмыз. Сол арқылы Отанның адам баласы үшін қаншалықты қымбат әрі ыстық екенін ұғындық. Мен Тәуелсіз Қазақстанда туылдым. Бірақ оның өз тәуелсіздігін алмай тұғандағы бар тарихын көрмесем де, білемін, білуге тиіспін. Осы елде тұратын әр азамат Қазақстан тарихын білуге міндетті. Бұл – патриотизмге үлкен бастама.

Мен өз Отаным Қазақстанды сүйемін. Және елім мен туған жеріме жақсы істерім мен қызметімді арнағым келеді. Себебі мен қолына қару алып, елін жаудан қорғаған батыр ұрпағымын. Осы тұста Ұлы Отан соғысында үлкен ерлік көрсетіп, «Кеңес Одағы Батыры» атағын алған нағашы атам Зәкария Белібаевты ерекше атап өткім келеді.
Зәкария Белібаев – Семей облысының Абай ауданындағы Қарауыл селосының тумасы (1917 жылы дүниеге келген). 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысында түрлі майдандарға қатысып, үлкен ерлік көрсетті. Сондай ерліктерінің бірі – «алып Днепрден өтуі».

21-дербес понтон-көпір жасау батальоны әскерді өзеннен өткізу жөнінді бұйрық алады. Оқ-дәрі тиелген қайықтарды судан өткізіп келе жатқандарды байқап қалып, жау әскері оқ жаудыра бастайды. Көпшілік жауынгерлермен қатар топ командирі де ауыр жарақат алды. Осыдан кейін атам топты басқаруды өз қолына алып, жауған оқ пен жарылған минаға да қарамай, жауынгерлерді құтқарып, понтондарды сақтап жағаға жеткізді. Жағаға жеткен сәтте фашистермен кескілескен шайқасқа кірісіп кетеді. Ақыры жау солдаттары шегінуге мәжбүр болады.Осы кезде ерекше көзге түсіп, Днепрден өткендегі көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін аға сержант Зәкария Белібаев «Кеңес Одағының батыры» атағын алды. Осы арқылы тек туғандарының ғана емес, бар халқының ардақты ұлына айналды.

«Отансүйгіш, патриотизм» сөздерін естігенде, кімнің болсын ойына, ең алдымен, Ұлы Отан соғысы ардагерлері түсетіні – рас. Ол – заңды дүние. Себебі, соғыс ардагерлері үлкен батырлықпен, үлкен жүрекпен, үлкен махаббатпен елді, жерді қорғап, жеңіске жетті. Сол арқылы өзгеге де, келешек ұрпаққа да Отанды сүюдің зор үлгісін көрсетті.
Бірақ Отанға деген махабатты дәлелдеу үшін тек майдандағы ерлігің міндет емес. Жалпы , патриотизм дегенді Отанға деген ыстық ықылас, оған деген сүйіспеншілік, Отан алдындағы адалдық деп түсінемін.

Отанға деген махаббат пен оның алдындағы адалдықты тек көрсетіп қоймай, оны өзгеге насихаттап, түсіндіру қажет.

Қазақ жұрты ерте кездерден-ақ өз ұлдарының ержүрек, батыр болып өсуіне, жүрегінде туған елге, жерге деген сүйіспеншіліктің мол жатуына көп көңіл бөлген және осы бағытта тәрбиелей де білген. Оның басты үлгісін сөз маржандарынан құралған мәнді де мағыналы халық даналығынан көре аламыз.

Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғарғы оқу орындарына дейінгі орталықтарда барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы» – деген еді. Әр дәуірдің тарихи кезеңдерінде Отансүйгіштікке тәрбиелеудің өзіндік мүдделері болады. Ол, ең алдымен, «ұлтжандылық», «отансүйгіштік», «патриотизм» ұғымдары сол заманның наным -сенімінен туындайды. Еліміз егемендік алғаннан бері жас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы – «Қазақстандық патриотизм» болды. Елбасымыз өзінің жолдауында «біздің балаларымыз бен немерелеріміз бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болады» деп нақты көрсеткен болатын.

Елбасымыз жас ұрпақтың елін сүйіп өсуіне, ел мүддесі үшін қызмет етуіне көп жағдай жасап отыр. Білім жүйесіне, өнер саласына, спортқа да біраз көңіл бөліп жатыр.

Спорт демекші, спортшылардың бойында да патриотизм жоғары болуы тиіс деп ойлаймын. Олар талай жарыста, өзге елдерде ел намысын қорғайды.

Жеңіске жетсе – ел алдындағы парызым деп біледі. Жат елде көк туымызды желбіретсе, әрине, еліміздің мәртебесі арта түспек.

Ел бейнесін және Отанымен ажырағысыз байланыс сезімін мемлекет пен қоғам түрлі тетіктер мен институттар, ең алдымен, білім беру арқылы қалыптастырады. Адам баласы жастайынан мектеп қабырғасында білім ала отырып, сол білімін ел мүддесі үшін жұмсау қажет екенін түсінуі керек.

Қасиетті хадисте «Отанды сүю иманнан – дүр» деп айтылған. Қазіргі таңда көпшілік қауым санасында «патриоттық тәрбие – әскери борышты өтеу» деген түсінік қалыптасқан. Мұндай ұғым патриоттық тәрбие беру түсінігіні мазмұнын тарылтады. «Отан отбасынан басталады» деген халық даналығын ұмытпаған жөн. Отбасыңды сүю, қадірлеу, бағалау, құрметтеу – бұл Отансүйгіштіктің алғашқы сатысы.
Жауынгерлік әзірлікте жақсы көрсеткіштерге жеткен, салауаттық өмір салтын дұрыс ұстанған, ана тілін сыйлайтын әрбір ұлан еліне қорған бола алады.

Елін сүю, Отанын қорғау – қашаннан ер жігіттің де, қыз баланың да парызы. Қазақта елін, жерін жанқиярлықпен қорғап өткен батыр ұлдары мен батыр қыздары жетерлік. Батырлық жырлардан белгілі Алпамыс, Қобыланды батырлардан бастап, Қабанбай, Бөгенбай, Абылайлар, Махамбет, Исатайлар, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Сұлтан Баймағамбетовтар, қазақтың қос қарлығашы Мәншүк пен Әлия, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев сынды талай-талай отансүйгіш батырлар елін қандай жанқиярлықпен қорғалы десеңізші?! Олар халқымыздың тыныштығы үшін, біздің бақытты өміріміз үшін күресті. Отан үшін от кешкен азаматтарымыздың ерлігі ешқашан да ұмытылмайды, ұмыт болмайды да!

Нағыз патриот өзінің ісімен, үлгі боларлық әрекетімен көрінеді. Сондай-ақ, отаншыл жан өз туған халқының озық өнеге-дәстүрін, ұлттық ерекшеліктерін өз бойларына сіңіре отырып, өзгені де орнына сай құрметтей білуге тиіс. Міне, нақ осы қасиеттер ұландардың өн бойынан қалтқысыз табылып жатса, жас мемлекетіміздің қорғаныс қабілеті күн санап арта түскен болар еді. Ел тәуелсіздігінің баяндылығы да осында. Осынау туып-өскен, өркендеген жерімізді, бүгінде әлемге танылған кең байтақ еліміздің топырағын өзге жұрттың табанына таптатпай, көзіміздің қарашығындай сақтап, қастерлеу – қай-қайсымыздың да қасиетті борышымыз.

Осы ата-бабаларымыздың Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі ел тәуелсіздігіне бастады . Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіз мемлекет екендігін бүкіл әлемге паш етті. Қазақстанның гүлденіп, өркендеп, көркейіп, жастары оқыған, үлкені ел сыйлаған, патриотты, ұлтжанды, халықтың мықты діттеген ордасын құру – ел мақсаты. Талай қиыншылықты бастан кешірген халық екенімізді тарихтан білеміз, сонда да ащы мен тұщының дәмін татып, қиыншылық көрсе, қысылмай, батылдық, табандылық, өжеттілік танытып бүгінге жеткен Отанымыз – алтын орда үйіміз. Қазақстанды Отаным деп таныған әрбір азамат осыны түсінер деп ойлаймын. Ол үшін, алдымен, адамның Отанына, туған еліне, оның тіліне, салт дәстүрі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік сезімі қажет деп танимын. Ата-бабамыздың асыл арманы мен мақсатынан туған қасиетті тәуелсіздік тұғыры баянды болсын деп тілеймін. Отанымыздың тарихи бастауларына бойлап, бүгінгі күн өлшемімен таразылау арқылы осынау талай жылғы күреспен келген тәуесіздіктің құнына баға жетпейді.
28.02.2017
Вернуться назад