DataLife Engine / Менің асыл әжем

Менің асыл әжем

Жүнісбек Тұнық
8 сынып, №35 мектеп-гимназиясы
Талғар ауданы, Бірлік ауылы

«Ауылыңда қартың болса,
Жазып қойған хатпен тең».



Балажандылық, бауырмалдылық шығыс халқына, оның ішінде қазақ халқына тән ежелгі қасиет. Жанұяда бала тәрбиелеудегі үлкен тұлға – анасы мен әжесі. Әжелердің ұстамдылығы, төзімділігі, сабырлылығы, еңбекқорлығы, қиыншылық атаулыға қажырлылықпен қараулары үнемі бізге үлгі болуға тиіс. Шоқан Уәлихановтың Айғаным әжесі, Абай атамыздың Зере, Мұхтар Әуезовтың Дінасыл әжелері қазыналы бұлақтың көзі болған әжелер.

Бала – жүректің мирасы деп қарайтын балажан адамдардың бірі – менің әжем, Шәрбану, 40 жыл ұстаздық еңбек етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, бүгінгі күні құрметті демалыста. Жасы 66-ға толса да, тынымсыз еңбек етіп, мен оқитын №35 мектеп-гимназияда ата-аналар қауымдастығының төрайымы ретінде, бүкіл ата-аналарды ұйымдастырып, мектеп ауласын, ауылды көгалдандыру ісімен айналысады. Мектеп ауласын бүгінгі күн талабына сай жасыл желекке айналдыру үшін көп ізденіс қажет болды. Әжем ұстаздарды, ата-аналарды, оқушыларды Алматы қаласындағы әсем де, тағылымды «Гүлзар» қоғамдық бірлестігіне экскурсияларға апарды. «Гүлстан» Республикалық ,ылыми-танымдық журналға 2008 жылдан бастап мектеп басшылары, ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар жыл сайын жазылып, оқып үйренудеміз. Осындай талаптану мен ізденіс нәтижесінде мектеп ауласында түрлі өсімдіктерден 14 композиция бой көтерді. Олар: «Бөтегүлдер алаңы», «Аршалар», «Ғылым композициясы», екі «Альпі шоқысы», «Кірпігүлдер алаңы», «Юккалар», «Жеміс-жидектер бағы», «Түлектер аллеясы», «Өсімдіктер әлемі», «Розарий», «Көп жылдық аласа бойлы гүлдер», «Әжемнің құрағы», «Қыран төбешігі» және рәміздер күні қарсаңында биыл еліміздің Елтаңбаларының бірі – «Көк байрақты» бозкілем өсімдігінен жасадық. Бұл композицияның авторы менің әжем Шарбану екендігін мен мақтан тұтам.

Әжем үнемі былай дейді: «Менің кәрілікке бой алдырмау себебім – ол қозғалыс, өзің сүйген істен алатын күш-қуат, ал жасыл өсімдік адам ағзасына тек жағымды энергия беріп отырады, ауырмайсың, әр кез көңілді жүресің, ұзақ өмір сүресің». Әжем мектептегі әрбір оқушыны, өз немересіндей көреді. Күнделікті іс-әрекет арқылы бала бойына адамгершілік ізгілікті дарытуға, туған ауылын, елін көгалдандыруға баулу ісіне көп көңіл бөледі. Әжем мектепте «Сұлулық нәрі» атты жас гүл

өсірушілер үйірмесін жүргізеді. Үйірме мүшелері өсімдіктер әлеміне деген қызығушылығын арттырып, іс жүзінде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Базарбаев Саят «Таза болса табиғат, аман болар адамзат», «Бірлік Зерде», «Жүз жылдықтың жүз емі» атты ғылыми жоба жұмыстарын жүргізуде.
Мен, осы үйірме мүшесімін. 5 сыныпта «Жергілікті жердің дәрілік өсімдігі – итмұрын» тақырыбындағы еңбегім облыстық семинарда бағаланды. 7 сыныпта «Іле-Күнгей Алатау – флористикалық аудан қызғалдақтары» тақырыбындағы жұмысым «Өмір және ғылым» атты І-ші Халықаралық оқушылардың конференциясына қатысып «Ғылым шырағы» дипломы және Таланттар академиясының сертификатымен марапатталдым. Бүгінгі күні менің әжемнің ерен еңбегі нәтижесінде мектебім жаңаша үрдісте көгалдандырылды. Мектепте жылыжай бар. Жылыжайдағы әрбір істі әжеммен бірлесе үйірме мүшелері атқаруда . «Балаларым – мына нарықтық кезеңде жылыжайды меңгеру нағыз табыс көзі екенін есте сақтаңдар» - дейді асыл әжем. Әжем мектепте «Әжелер шапағаты» атты әжелер ансамблінің жетекшісі. Ұлттық салт-дәстүрді , әдет-ғұрпымызды жас жеткіншектерге дәріптейді. Міне, менің асыл әжем өз бойындағы адамдық асыл қасиеттерімен мені және інім Заңғарды сусындатуда. Гүлді өсімдіктерді өсіру, күту, көгалдандыру жұмыстары үнемі ізденіс, тәжірибе алмасу, гүл мәдениетін меңгеруге байланысты өзгерістермен жаңалықтарды біліп отыруды және көруді талап ететін сала екен. Сондықтан да, әжем Атакентте өтетін (сәуір және қараша айларында) көрмелерге, аудандық, облыстық, республикалық семинарларға үнемі қатысып отырды. 2009 жылы мамыр айында Халықаралық «Қызғалдақтың отаны – Қазақстан» атты фестивальде мен, 5 сынып оқушысы, Алғыс хат және Құрмет грамотасымен марапатталдым. Мен бұл жетістікке жетуім біріншіден мәпелей отырып үйреткен әжем болса, екіншіден Гөзел Құлжабаева апай мен Батима Қабдолданова апайдың ақыл-кеңес, іс-тәжірибелерінің нәтижесі екендігін мақтанышпен айтамын.
31.12.2016
Вернуться назад