DataLife Engine / 9 Мамыр - Жеңіс күні (Көп болды-ау олар кеткелі "Ұлы Жеңістің 70 жылдығына")

9 Мамыр - Жеңіс күні (Көп болды-ау олар кеткелі "Ұлы Жеңістің 70 жылдығына")

ШҚО, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылы.
Т. Салқынбаев



Құрметті редакция!!!

Мына өлеңді Нұрсапа атама, басқа да хабарсыз кеткен боздақтарға бір ескерткіш болама деп жазып едім. Басқа белгі қоя алмаймыз ғой. «Хабарсыз кетті» деген бір – ақ ауыз сөзбен тарихтан өшірілген мыңдаған жазықсыз боздақтарды іздеуге, оларға лайықты құрмет көрсетуге түрткі болама деген де мақсат бар. Мүмкіндік болса Ұлы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ертерек жарияланса жеңіс күніне дейін ел ішінде қозғалыс болар еді. Хабарсыз кеткендер де жеңіске үлестерін қосты, бір - ақ әлі күнге дейін өз бағасын ала алмай келеді 70 жылдықта қозғау салып іздемесек бұдан кейін мүлде ұмытылып қалуы мүмкін, және уақыт өткен сайын оларға құрмет көрсетуді қалыптастыру да қиын болары сөзсіз. Келер ұрпақ білмейтін болады.

Көп болды – ау олар кеткелі.

1941 жылы Мәскеу түбінде хабарсыз кеткен Нұрсапа Салқынбайұлына ескерткіш.
Қырық бестің сонау бір жеңіспен келген көктемі,
Қанға бөгіп қара жер соғыстың оты өшкелі,
Қансырап барып қалың ел жеңіске қолы жеткелі,
Жетпіс жылдың мінеки еске алумен өткені.
Сыпыра соққан дауылдай, ажал жауған жауындай,
Төрт жылғы тозақ соғыста жеңіске елдің жеткені –
Өмірін де бұлдамай, ерлігін де бұлдамай,
Миллиондаған боздақтың жандарын құрбан еткені!
Даңқ үшін емес халқы үшін, бабаның ерлік салты үшін -
Намысты ердің мұраты – жауына ажал сепкені!
Басып кірген басынып, дандайсыған дұшпанның
Арам қанын ағызып жер құштырған сәттері.
Қатарындағы тайсалмай ұмтылған сәтте жауына,
Оқ жұлып кеткен жолдастың өкініші мен әттеңі.
Жасқанбай жауған оқтан да, атойлап жауға шапқанда,
Ойлаған жоқ ол тарихтан орын алсам – ау деп тегі.
Жауынгердің мерт болған, жастанып жауын тасада,
тіркелмеген ерлігі – ерлік емес деп пе еді?
Жаралған ар мен намыстан, қаһарман ердің қарысқан,
ел көрмеген ерлігін бір құдай көрді көктегі.
Атағы түгілі адамның, өміріне де есеп жүрмеген,
Опасыз сол бір соғыста хабарсыз кімдер кетпеді...
Хабарсыз кеткен боздақтың ескерусіз ерлігі -
Танылмай қалған тарихта ерліктің ұлы мектебі!
Қарыс сүйем жері үшін, артында қалған елі үшін
Белгісіз бізге көбінің қай жерде бейнет шеккені.
Оққа төсеп кеудесін, «Отан үшін» деп қана,
Белгісіз бізге көбінің қай жерде қанын төккені.
Жанды жерден оқ тиіп жығылғанда жапанда,
Қансырап жатып қаншасы, көк аспанға «қош» деді.
Тосқауылда, қоршауда, есепсіз жаумен алысып,
Ұрыс салып теңдессіз, қапыда кетті көптері.
Шегінбестен бір адым тура түскен бомбадан,
Көміліп қалды қаншасы, окопта алғы шептегі.
Тап келіп жаудың торына, қапыда түсіп қолына.
Бас иместен қасқайып атылып кетті шеткері.
Танкымен бірге жарылып жау тоқтатқан жанкешті,
Талқаны шыққан солдаттың аруағы бізге өкпелі!
Бойына жиып қайратын, асырып айбын – айбатын,
Ұрандап аруақ шақырған дауысы да бізге жетпеді.
Ел шетіне жау тиді дегенде есіл боздақтар,
Аттанғанда майданға ұмыт қалармын деп пе еді?
Хабарсыз кеткен ерлікті, есіне елдің салар ма,
Қара жартас мелшиген обелискінің беттері.
Одан басқа белгі жоқ. Белгіні қойып қайран жұрт,
«Қай жерде басы қалды» деп іздемегені неткені?
Ұрпағы баба ерлігін қастерлейтін ел қайда...
Ұландары ұлықтап бір тал шыбық та екпеді.
Айтылмайды аттары, ұмытылған хаттары,
Оларға арнап ақындар ерлік жырын да төкпеді.
Күніміз үшін бүгінгі шейіт боп кеткен ерлердің,
Бәріне бір – бір көшенің атауын берсек көп пе еді?
«Жайратып жауын мерт болып еді ғой» деп тым болмаса,
Туған үйінің тұсына бір белгі қойса жеткені!
Жат жерде қалған боздақтың ерте сөнген үміті,
Ақталмай қалған арманы, көктемей қалған көктемі.
Емеспе бізге аманат, ұмыттық неге жамағат?
Қайда кеткен арысын жоқтайтұғын текті елі.
Ұмыт бола бастады, соғыстан соңғы жылдары,
Зарыға күткен ағайын көз жасын үнсіз төккені.
Ұмыт болды жауынгер бойтұмардай сақтаған,
Бірге кеткен құрбан боп орамалы да кестелі.
Қаза болам деген жоқ, іздеусіз қалам деген жоқ.
Ораламыз деп жеңіспен батысқа қарап беттері,
Аттанып еді сертпенен. Көп болды олар кеткелі.
Көп болды – ау олар кеткелі.

дереккөзі
18.03.2015
Вернуться назад