DataLife Engine / Қамшы

Қамшы

Қамшы — атқа мiнген адам ұстайтын, бірнеше таспа қайыстармен көмкерiлiп, өрілген, сабы тобылғыдан, ырғайдан, аңдардың тұяғы, мүйiздерiнен жасалған атты айдап жүргiзетiн құрал. Қамшының өрiмi сабынан бір жарым еседей ұзын болады. Қамшы құрал болумен қатар қару ретінде қолданылған. Өрiмшi қамшының таспасын жiңiшке не жуандатып, кейде өрiмге талшық сымтемiр салып өрген. Ондай қамшылар ыңғайына және қамшы иесiнiң қалауына қарай өрiлiп отырған. Қамшы саптан, өрiмнен және бүлдiргiден тұрады. Саптың қолға ұстар жерi былғарыдан қапталады. Кейде қайыстан өрнектелiп өрiледi. Қамшы өрудiң көптеген түрi қолданылады, соның iшiнде 3 таспадан 32 таспаға дейiн жететiн түрi кiредi. Өрiмдер домалақ, жұмыр, төртқырлы болып келедi.

Қамшының қарапайым түрiнiң бiрi — бишiк. Ол қамшыға қарағанда қарапайым, өрiмi сабынан үш - төрт есе, кейде одан да ұзын болуы мүмкiн. Оны мал айдағанда, ат - арба не ат шанамен жүргенде жиі пайдаланады. Өрiм алғашқы басында жуан болып ұшына қарай жiңiшкере бередi. Қамшыны жасау үшін ең бiрiншi терiнi илеп, иiн қандырып, қайыс өңдеп шығару қажет.
Әдетте оны бояуға да, боямауға да болады. Сосын қайысты тарам - тарам етiп тiледi. Өрiм саны неғұрлым артқан сайын сапасы да арта түседi. Алайда, оны өру де айтарлықтай қиындайды. Өйткені, өрiм саны қаншалық көбейсе, соншалық қайыс тармағын жiңiшкерту қажеттiгi туады.
Қамшылардың ең қолайлысы 12 өрiмдiгi болып табылады. 6 өрім қарапайым түрiне жатады. Осы күндерi тобылғы сапты қамшыдан елік сирақты сапты қамшыға сұраныс байқалады. Елiк сирағынан жасалған қамшы сәндікке болмаса, қажетке жаратуға келе бермейді.

Әрине, оны да қолдануға болады. Алайда, ел iшiнде елік сирағынан жасалған қамшының жолы ауыр деп есептеледі. Сирақ болсын, тобылғы болсын алдымен кептiрiп алынады. Сосын барып бүлдiргiсiн қайыстан ойып шығады. Бүлдiргiге түрлi пiшiндегi ою - өрнектер салынады. Бүлдiргi тесiлiп, қайыс жiппен таспаға тастай оралады. Ең соңында үш бөлiк те бiр-бiрiмен бекiтiледi. Таспаның орта тұсына дейiн оралған қайыс өзінше сән берiп тұрады. Қолдан сырғып түспеу үшін саптың соңы тесiлiп жiп өткiзiледi. Ал, бишiктердiң сүйірленген ұшына әдейі шашақ байланады. Сүйір қамшы ысылдап сес көрсетіп тұрса, шашақтан қамшы жерге сiлкей ұрылғанда мылтық атылғандай дыбыс шығады. Қазақ мәдениетінің қол қаруы ретінде әлі күнге дейін маңызын жоймай келе жатқан бұйым – қамшы. Қамшының түрлері Абай жинаған мұралардың қатарында да кеңінен аталады. Қамшы – азаматтардың сән - салтанат бұйымы ретінде де, қанаушы озбырлардың жеке басының мүддесі үшін де, тіпті үй жасауларына да көрік беріп тұратын қол қаруларының бірі болған. Абай заманында мал өсіруші қауымға малдың жүнінен, терісінен өндірілген дүние - мүліктер мен киім-кешектер қандай қажет болса, ат саймандары, ер - азаматтардың болмысы іспеттес қару - жарақ түрлері: қайыс, таспалар, қамшы түрлері де мал жайылым отарларына сондай қажет болды.

М. Әуезовтің «Абай жолы» романында жиі кездесетін қамшының тағы бір түрі – дойыр қамшы. Өрімі жұмыр, жуан, төрт қырлы, он алты, немесе сегіз таспадан болып келеді. Дойыр – бұғының, өгіздің иленген жон терісінен таспаланып тілінеді. Әдетте дойыр – ырғай немесе тобылғыға, кейде құлжа мен текенің мүйізіне, қарақұйрық пен еліктің сирағына сапталады. Өрім мен сап алақан арқылы бекітіледі. Алақан мен сапқа бекітілетін ұшының үстіне сәндік үшін жұқа жез салынады. Қамшының сабы да күміс жезбен әшекейленіп, қолға ұстайтын жағына бүлдіргі өткізіледі. Дойыр қамшыны мал айдауға, ұрыс - төбелеске де қолданады. Сәндік үшін ұсталатын қамшы да дойыр тектес болғанымен, өрімі жіңішке, жеңіл сапты болады. Сал - серілердің серілігін танытатын, отағасының отбасының қорығы екенін көрсететін киелі қамшы – қазақ мәдениетінде өзіндік қасиетін әлі сақтап келеді.

Қазақтың кез келген азаматының қарларына қамшы іліп жүретін уақыт кәзір алыстап кетті. Тобылғы сапты, қайыс қамшы иесінің малды, жанды екенін білдіреді. Қамшы – ұстаған адамының қайрат - қуаты артып, жамандықтан, тіл - көзден сақтап жүретінін, сал - серілердің серілігін танытатын, отбасының, отағасының қорығы екенін білдіретін қазақ мәдениетінің киелі сыйы.
Қазақ шаңырағының төрінде ілулі тұратын қамшыны көргенде, таспадай тіліп өтетін тілі бар, қамшының өріміндей бедерлі берекесі бар, қазақтың қанына біткен қайсарлығы бар азаматтың шаңырағы екенін түсіндіреді.
«Қатын өлді – қамшының сабы сынды» деген аталы сөз бар. Адамның тілі айтып жеткізе алмайтын сөзді қамшы арқылы жеткізу қазақ салтының ертеден қалыптасқан дәсүрі. Қазақ адамның көңіліне кері әсер ететін ауыр сөзді ешқашан ашық айта салмаған, астарлап жеткізген. Сөз сұрағанда, немесе көп сөйлеп, өзгеге сөз кезегін бермегенде, болмаса орынсыз билік айтқан әумесерлікке қамшыны пайдаланған. Алқалы қауымның алдына қамшы тастау осындай жағдайларда пайдаланылады.
Қарапайым қара қамшының сырын аша түсу – біздер үшін әлі де терең этнографиялық зерттеуді қажет етеді. Сары ала сапты қайыс қамшымен шайтанды қуады деседі. Қамшының ұшар басында, алақанында пәле - жаладан, ауру – сырқаудан қағатын құдірет ұялайды деп түсінген дана бабаларымыз. Құдіреттің ұялауы қамшыны ұстаған адамның жан тазалығына байланысты. Қамшы өзінің иесін де теріс пиғылдан тазартады.
18.03.2014
Вернуться назад