DataLife Engine / География | Гейзерлер

География | Гейзерлер

Гейзерлер — жер астынан мезгіл-мезгіл фонтан тәрізді атқылап шығатын ыстық бұлақтар. Гейзер Камчатка түбегінде (Ресей), Исландияда, АҚШ-тағы Йеллоустон ұлт паркінде, Калифорнияда, Канадада, Қытайда, Жаңа Зеландияның солтүстік аралында және Жапонияның кейбір жерлерінде кездеседі.

Гейзер – оқтын-оқтын ыстық су мен бу атқылап тұратын су көзі (қайнар, бұлақ). Магма ошағынан үздіксіз жылу келіп тұратын жанартаулық әрекеті тоқтамаған немесе таяуда тоқтаған аймақтарда кездеседі. Гейзердің (исландша geysa – саулау, шапшу) сырт пішіні кішігірім қиылған конус, аласа, жайпақ шұңқыр, кейде ор түрінде болуы мүмкін. Атқылау циклінің (оралымының) ұзақтығы тұрақты гейзерді жүйелі гейзер, өзгермелісін – жүйесіз гейзер деп атайды. Атқылау циклінің ұзақтығы минуттармен және ондаған минуттармен өлшенеді, тыныштық кезеңі бірнеше минуттан бірнеше сағатқа немесе күндерге дейін созылады. Гейзерден лықсып шығатын, көбінесе, жауын-шашынның жерге сіңуінен пайда болатын су біршама таза, аз минералданған (1 – 2 г/л), температурасы 100 – 1300С, құрамында хлоридтер, карбонаттар, кремнеземдер басым болып келеді. Камчаткада ірі гейзер Кихпиныч жанартауының маңында, Гейзерная өзенінің аңғарында 1941 ж. табылды. Мұнда барлығы жүзге жуық гейзер бар. Ең үлкен «Великан» гейзері ыстық суды 40 м, буды бірнеше жүз метр биіктікке дейін атқылатады. Исландияда отызға жуық гейзер бар. АҚШ-тағы Йеллоустон ұлттық саябағында екі жүзге жуық гейзер бар. Олардың ең ірі екеуі бу мен су әрбір 53 – 70 минут және үш күндік ырғақпен 40 – 42 м биіктікке атқылайды. Жаңа Зеландияда 1904 жылға дейін бүкіл жер жүзі бойынша ең үлкен Ваймангу гейзері әрекет етті. Күшті атқылау кезінде оның суы 450 м биіктікке дейін көтеріліп, әр дүркін сайын сегіз жүз тоннаға жуық ыстық су шығып тұрды. Гейзердің пайда болуы жер астында (100 – 150 м тереңдікте) суға толы үңгірлердің, қуыстардың және оларды бір-бірімен байланыстыратын арналардың болуымен түсіндіріледі. Тереңдегі жанартау ошағынан келетін қызудың әсерінен су ысиды, оның температурасы қайнау нүктесінен (1000С) жоғары болғандықтан, лезде буға айналады. Будың қысымы мен күші зор болғандықтан, үстіндегі суды жоғары шапшытып, жер бетінде ыстық судың үлкен фонтаны пайда болады, бу будақтап шығып жатады. Гейзердің буы мен ыстық суы тұрғын үйлерді, ғимараттарды, көшетханаларды жылытуға және электр қуатын өндіретін қондырғыларда пайдаланылады.

Пайдаланылған әдебиеттер
* Русско-казахский толковый географический словарь. Под общей редакцией академика АН КазССР, проф. С. К. Кенесбаева и кандидата филол. наук А. А. Абдрахманова. Алма-Ата, Издательво «Наука», 1966, стр. 204. (Академия наук Казахской ССР. Институт языкознания. Сектор физической географии). Составители: Ж. Аубакиров, С. Абдрахманов, К. Базарбаев.
24.12.2012
Вернуться назад