DataLife Engine / Тараз қаласы

Тараз қаласы

Тараз – Қазақстан қалаларының ішіндегі ең ежелгілерінің бірі, тіпті ол VІ ғасырдың деректерінде кездеседі. 568 жылы Талас өзені жағасындағы қалада түрік қағаны Дизабула өзінің керемет ставкасында Византия елшісі Земархты қабылдаған. Бұл туралы В.Бартольдтың «Орта Азияға ғылыми мақсатпен сапардың есебі» кітабында жазылған. 629 жылы Сюань-Цзян Тараз (ежелгі аты – Далосы) қаласының Цзяньцюаннан батысқа қарай 140-150 ли қашықтықта тұратынын және оның шеңберінің 8-9 ли екендігін айтады. Қалада әртүрлі елдерден келген көпес-саудагерлер мен хусилардың (согдийлықтардың) тұратыны және олардың тілі мен әдет-ғұрыптарының, заңдарының Қытайдағы сияқты болатыны туралы жазылған (Зуев Ю.А. Суяб туралы Қытай деректері. 91б.). Біз бұл деректерді Тараз қаласының аса ертеден келе жатқан қала екендігі жайлы мәлімет үшін беріп отырмыз.

Тараздың VІІ ғасырда осы Ұлы Жібек жолында маңызды рөл атқарғаны жайлы мағлұматтар ежелгі шежірелер мен географиялық шығармаларда кездеседі. Қала 751 жылы арабтардың, 766 жылдан бастап қарлұқ қожалығының, ІХ ғасырдың аяқ шенінде саманидтердің қол астында болады.

893 жылы Исмаил ибн Ахмад Таразға соғыс ашып, ақыры Тараз әмірі жауға бас иеді, Исламды мойындайды. ІХ-Х ғасырларда Тараз қаласының егіншілік алқаптың, Талас Алатауындағы күміс руднигінің жанында орналасқандығы оның экономикалық және мәдени өрлеуіне мүмкіндік жасады. Х ғасырдың географы Максидидің жазуы бойынша «Тараз – бау-бақшалы, қалың елді, оры, төрт қақпасы және қонысталған рабаты бар үлкен бекітілген қала».

Х-ХІ ғасырларда Жетісуды, Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны қараханидтер династиясы жаулап алғаннан соң, Тараз жаңа мемлекеттің бір қожалығының астанасына айналады. Ислам діні үстемдігінің нәтижесінде ХІ ғасырда жаңа үлгідегі Айшабибі, Қарахан, Бабажы-хатун мазарлары салынды. Р.Вильгельмнің деректері бойынша, ХІІІ ғасырда болған моңғол шапқыншылығы қарсаңында Тараз қолдан қолға ауысқан. Ол тіпті моңғолдардың қолына түспес үшін Мухаммед хорезмшахтың әмірімен талқандатылған да, ХІІІ ғасырдың орта шенінде қала қайтадан қалпына келтірілген. Жалпы Тараз қала ретінде ХV ғасырға дейін өмір сүрген, бірақ оның орнындағы отырықшы қоныс ХVІІІ ғасырға дейін болған.

Осы тұста пайда болған жаңа қала, Қарахан әулетінен шыққан Ша Махмудтың мазары төңірегіне салынғандықтан, Әулиеата деп аталды. Ал 1936 жылы қаланың аты Мирзоян болып, одан соң, 1937 жылы Жамбыл болып өзгертілді. Халықтың талап-тілегін ескере отырып, ел Президенті Н.Назарбаев 1997 жылғы 8 қаңтардағы Жарлығымен қалаға тарихи аты – Тараз атауы қайтарылып берілді. 2002 жылы 25-26 қыркүйекте Тараз қаласының 2000 жылдығы тойланды. Тараз бүгінде мәдени-экономикалық жағынан өркендеген, жергілікті халық «жер жәннаты» деп атайтын шағын да болса көрікті, берекелі, ырысты қалаға айналды.

А.Мұсабекова


ТАРАЗ - ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТIНIҢ АЛТЫН БЕСIГI

Ежелгi Тараз - Ұлы Жiбек жолын жалғап жататын турақты дипломатикалық және сауда-саттык қарым-қатынас жасалатың күре тамыры iспеттес. Бұл байланыс көпiрiнiң маңызы дүниенiң екi бөлiгi арасындағы материалдық ауыс-түйiспен ғана шектелiп қалмай, оның шеңберiнен алысқа кетiп жатты. Ол алуан турлi мәдениеттер мен халықтарды бiр-бiрiмен байланыстырып, сонау ежелгi заманнан берi идеялар алмасудың тұрақты да маңызды факторы ретiнде қызмет етiп келдi. Тараз - Қазақстанның ортағасырлық қалаларының iшiндегi ең белгiлiсi, ең көнесi.
VII ғасырда Тараз Ұлы Жiбек жолы бойындағы iрi қалаға айналды. Осы кезден бастап ол кеңiнен мәлiм болады. IX-X ғасырларда Тараз одан әрi өсе түстi. Оның дәл сауда жолы бойында, егiншiлiкке қолайлы бай алқаптың ортасында, Талас Алатауындағы күмiс кендерiне жақын жерде орналасуы экономикалық және мәдени өрге басуға жәрдемдестi. Х ғасырда Әл-Максиди былай жазған: «Тараз - бекiнiстi үлкен қала, бау-бақшалы, халқы көп, айнала ормен қоршалған, төрт қақпасы және рабады бар. Мәдина қақпасы алдынан өзен ағып жатады, ар жағында қаланың бiр бөлiгi орналасқан, оған өтетiн жол бар. Ал, базардың нақ ортасындағы үлкен мешiтi көрiнiп тұрады». Тараз қаласының орнын тұңғыш рет iрi ғалым Әлкей Марғұлан француз ғалымдары А. Ромоди, Шааванье Де Грата, академик Бартольд еңбектерiне сүйене отырып, көне екенiн дәлелейдi. Жазба деректер бойынша Таразда 568 жылы Византияның емшiсi Земархтың түркi қағаны Дизабулдың қабылдауында болуынан кейiн, бiр ғасырдан соң 630 жылы Қытайдың монахы Сюань «Цзянь-Июаньнан батысында (Долос) қаласы орналаскан, қаланың аумағы 8-9ш/км, онда әр елдiң саудагерлерi мен соғырлар тұрады», деп жазды. Осы кезден бастап қаланың аты тек өз өлкесiнде ғана емес, көршiлес мемлекеттерге белгiлi болды.
Тараз қаласының IX-X ғасырлардағы экономикасы мен мәдениетiнiң өркендеуiне негiзiнен ықпал еткен Талас аңғарындағы бай егiншiлiк алқап пен Талас Алатауының маңындағы күмiс өндiретiн кен орындарының дамуы болды. Тараз - Түркеш, Қарлық онан кейiн Қараханид мемлекеттерiнiң орталығы болып, өзiнiң бақыр ақшаларын шығарды. Ортағысырлық қалаға жүргiзiлген археологиялық қазбадан табылған қыштан жасалған су құбырлары, сәулет өнерiнiң дамығандығын дәлелейтiн құрылыс орындарының қалдықтары, тас төселген көшелер мен тротуарлар және қолөнер шеберлерiнiң қолынан шыққан көптеген бұйымдар, сөз жоқ, қаланың X-XII ғасырларда едәуiр гүлдене өскендiгiнiң куәсi. Қалада керуен сарайлары, iрi қоғамдық ғимараттар, қолөнершiлердiң шеберханасы, копестердiң дүкендерi мен көптеген қала тұрғындарының қажетiн өтейтiн кiшiгiрiм сауда орындары болған. Тараз қаласында мұсылман сәулет өнерiнiң iнжу-маржандары болып саналатын Әулие ата - Қарахан (XI ғасыр) және Дәуiтбек (XIII ғасыр) кесенелерiн айтуға болады. Тараз XIII ғасырдың аяғында моңғол империясының, одан кейiн Темiр империясының маңызды орталығы болып қала бердi. Кейiнiрек XVI ғасырда Жетiсуда Қазақ хандығы құрамына енген кезде де қала өз жалғасын тауып кеттi.
Қала 1856 жылы - Әулиеата деп аталды, 1936 жылы - Мирзоян аты берiлдi, 1938 жылы жыр алыбы Жамбыл есiмiн иелендi. Ал 1997 жылы 8 қаңтарда Қазақстан Республика Президентiнiң жарлығымен ежелгi аты қайтарылып, Тараз аталды. Тараз тарихы таусылмайтын тағлымға бай, тамыры тым тереңде жатқан көне қала. Ол әсiресе X - XII ғасырларда зор даму, гүлдену дәуiрiн басынан өткердi. Қарахан әулетi билеген тұста, ол осы бiр ертеғасырлық алпауыт мемлекеттiң астанасы болған. Тап сол кезеңде Тараз, түрленiп, түлеп күллi әлемнiң құрылымдық жүйесi, көше жолдары қала стилiндегi терең де бедерлi, сән - сәулетке ие болды. XII ғасырдың аяқ кезiнде бабамыз Қарахан дүниеден өткен кезде, оның қабiрi басына сәулеттi күмбез ғимараты салынады. Ол келе-келе қала тұрғындары мен қонақтарының бас иiп, мүнәжәт ететiн қасиеттi орынына айналған. Сөйтiп, мазар «Әулиеата» аталып кетедi. Бiрақ, кейiн монғолдардың жойқын шапқыншылығы кезiнде сол қасиеттi күмбез де, қала да тып-типыл болып қиратылған едi.
Кейiн жоңғарлардың «ақтабан шұбырындысынан» арылған, есiн жиған қазақтар 1809 жылы кесененi қалпына келтiрдi. Мiне, сол ғимарат Айша-бибi, Бабажа-қатын, Дәуiтбек (Шамансұр) ертеортағасырлық архитектуралық ескерткiштер күнi бүгiнге дейiн сақталып келедi. Айша бибi, Қарахан, Бабажа қатын, Тектұрмас сынды тарихи жәдiгерлерiмен әлемдi сүйсiнткен көне Таразды, шығыстың ұлы жұлдызы Фердауисидың жүрегiнен суырып алған, мына өлең жолдары тамсандырған бұл көне, қасиеттi Тараз. «Сергiтер жүрек жарасын, Мөп-мөлдiр көздер қарасын Тараздан ғана табарсың» деп оның табиғатына, тұрмыс тiршiлiгiне, тарихы мен салт-дәстүрiне, топырағына сүйсiнген. Осынау қасиеттi, шуақты Тараз қаласынан XI ғасырдың бiрiншi ширегiнде теңге сарайы табылған. Ортағасырлық қала тұрмысында түрлi қолөнер өндiрiсi: тоқыма, шыны үрлеу, зергерлiк, ұсталық ағашты және сүйектi бедерлеп ою маңызды роль атқарған.
Бабаларымыздың бұдан 2000 ж. бұрын да қала салып, металл қорытып, қыш ыдыстар ғана емес, құбырлар жасап су жүргiзгенiн, Тараз - Еуропа мен Азияны жалғастырған Ұлы Жiбек жолының ең елеулi қаласы болып, бүкiл түркi елiнiң экономикасы мен мәдениетiнiң дамуына зор үлес қосқан, әлемнiң бар түпкiрiнен саудагерлер ағылған, таразы сияқты салмақ өлшеу құралы да, ойлап табылған, Шейх Ахмет Тарази сияқты ғұлама ақын өмiр сүрген көне, мәдениетi жоғары дамыған, рухани байлықтың дiңгегi. Қазба жұмыстары нәтижесiнде Тараз тарихының әр түрлi дәуiрлерiндегi құрылыс комплекстерi мен жеке құрылыстары ашылды. 200 м2 - дей жердi қазған кезде шаһристанның шығыс жақ бұрышынан моншаның қалдығы табылды. Оның төбесi күмбезделiп жасалса керек. XI - XII ғасырларда, қала экономикалық жағынан дамыған кезде салынғанын дәлелдейдi. Осы жерден ұзындығы 12,8 м су құбыры табылды. Таразда 11-12 ғасырларда өте қызық тәсiлмен салынған пеш табылды. Оның пiшiнi күмбез тәрiздi, пеш сынап және жаңғыш заттар сақтайтын, ұзын мойынды, бүйiрлi ыдыстарды күйдiруге арналған болу керек. Пеш табылған жерден әр түрлi ас бұйымдарын тапқан. Тараздың орнын қазған кезде, ақ күңгiрт, жасыл және қызғылт шыныдан жасалған дискiлер табылған. Бұл дискiлердi үйдiң терезесiне орнату үшiн пайдаланған. Таразда әйелдерге керектi әсемдiк бұйымдарын құюға арналған үш қалып табылды. Ұсақ түйек бұйымдар жасау үшiн сүйекпен мүйiз кеңiнен пайдаланған. Бұғы мүйiзiнен жасалған бұйымдар да Тараздан табылған. Металл бұйымдар - шырағдандар мен оларды қоятын тұғырлар аса зор көркемдiкпен iстелген. Мiне, осы қазба жұмыстары нәтижесiнде табылған заттар, өрнектелген бұйымдар, тарихи ескерткiштер мәдениеттiң яғни рухани мәдениеттiң дамуына зор үлес қосты.
Қазақстанның ең көне қаласы Тараз Ұлы Жiбек жолының ең басты, елеулi орталығы болды. Ұлы Жiбек жолында ғасырлар бойы бiздiң өлкемiздiң тарихы, әлемдiк құрамдықтың, тiршiлiктiң күре тамырына айналып, өз заманында Жiбек жолы бойындағы жетi жұртқа даңқы жайылған iрi сауда, қолөнер кәсiпшiлiгi дамыған орталық болғанын бүкiл әлем, осыдан бiрер жыл бұрын Қытай елiнiң ежелгi астанасы - Сиянь қаласында өткен Ұлы Жiбек жолына 2100 жыл толуы құрметiне арнап өткiзген халықаралық конференцияда мойындап оны, мақұлдады. Бұдан бiз олардың бiздiң қасиеттi қаламыздың тарихын тым терең бiлетiндiгiне көз жеткiземiз. Ұлы Жiбек жолы - адамзат тарихының дамуында бiздiң эрамызға дейiн II ғ. Батыс пен Шығысты байланыстыратын, құрылық аралық жол ретiнде қызмет еткен бiрегей тарихи ескерткiш. Бiздiң өлкемiз арқылы өтетiн басты бағытының iшiнде - Оңтүстiк бағыт-сауда орталығының шоғарлары, ғылымның дамуы мен, мемлекет аралық байланыстың күшеюi, олардың озық өркениетiнiң мәдениетiн өзара бiрлесiп байытуға орасан септiгiн тигiздi. Оның көп ғасырлық тарихы әлем мәдениетiнiң дамуына айтарлықтай үлес қосқан мұра болып табылады және адам баласының бiрнеше мың жылдар бойы жасаған тарихи мұралары қазiргi мәдениетiмiздiң тұғыры ретiнде келешек ұрпаққа сақталынуы қажет.
20 жүз жылдықпен құрдас сияқты Тараз қаласының бүкiл әлем болып, атап өтетiн мерейтойы туралы ЮНЕСКО 1999 жылы шешiм қабылдады. Елiмiздегi ең көне қаласы, оның тарихы, мәдени ескерткiштерi сол күйiнде сақталып сәулетi мен сәнi арта түссе шеккi болмас едi. Иә, қала қайта жаңғыртуды күтедi. Сан қырлы сәулетi мен сәнi ескерткiштер ерекшелiктерiн сақтай отырып, XХI ғ. лайық жаңа түрмен байыта, бiртұтас мемориалдық кешен түзеу қаланың бас жоспарына алынған. Сұлу табиғаты мен, арықтарды сыңғырлап аққан суымен, қонақжайлығымен баурап алатын Тараз өңiрi дүниежүзiлiк туризм ағымынан шет қала алмайды. Қаланың келешегi зор, бүгiн де Тараз - ежелгi де жаңа қалаға айналды. Рухани байлықты паш ету Тараз қаласының 2000 жылын тойлаудың темiрқазығы болуы абзал. Сонда, ғана бiз мақсат биiгiнен көрiнемiз. Тараздың және осы өлкенiң бай тарихын, табиғатын, жерiн ұтымды көрсете бiлсек, көне ұлттар қатарына, оның қазақ мәдениетiнiң, қазақ өркениетiнiң дамуына қосқан үлесiн, тигiзген жетiстiктерiн әлемге паш етемiз. Ал, ендеше iске сәт «Ежелгi, Тараз»- қазақ мәдениетiнiң алтын бесiгi.

Кәнкиев Ә.Ш., Жүншеев Р.Е.
Тараз қ., М.Х.Дулати атындағы ТарМУ


Тараз – Қазақстанның оңтүстігіндегі ежелден келе жатқан қала, Жамбыл облысының әкімшілік орталығы. Тұрғыны 330 мың адам (1999). Талас өз-нің сол жағалауында орналасқан. Т. – Қазақстанның маңызды экон. мәдени орталықтарының бірі. Қалада 40 -тан астам ірі кәсіпорындар («НОДФОС», «Суперфосфат», «Химпром», «Қаратау», «Фосфорит», «Резина», «Тараз», т.б.) жұмыс істейді. Т-да 3 жоғары оқу орны, 4 колледж, жалпы білім беретін мектептер (49), 24 балабақша, 11 аурухана, емханалар, санаторийлер (7), стадиондар (3) және спорт залдары (81), мешіттер (7), кітапханалар (20-дан астам), мәдениет үйлері мен театрлар (2), саябақтар бар. Талас өз-нің батыс жағындағы Талас – Аса жазығында аса үлкен аумақты алып жатыр. Қаланың батыс және оңт.-батыс жағында 10 – 20 км жерде Кіші және Үлкен Қаратай тау сілемдері, ал оңт. мен шығ-нда 15 км жерде Талас Алатауы орналасқан. Солт. мен шығ-нда Мойынқұм құмы жатыр. Жалпы Т. теңізден 490 – 700 м биіктікте тұр.

Климаты. Қаланың қысы жылы, жазы ыстық, құрғақ. Ең суық айы – қаңтардағы орташа темп-ра –5,1С. Ең төм. темп-ра –36,2С-қа жетеді. Оңт-тен және оңт.-батыстан соғатын циклондарға байланысты кей жылдары желтоқсан-қаңтарда ауа райы +2С-қа, тіпті онан да жоғары жылы болуы мүмкін. Қар көбінесе, қараша айының аяқ кезінен (кей жылдары қазан айының екінші жартысында) бастап жауады. Қардың қалыңд. 10 – 15 см болады. 114 – 220 күн (орташа 161 күн) жатады. Жалпы қаладағы бұлтты күндер шамамен 50 күнге созылады, қалған уақытта күн ашық. Жазы ыстық, құрғақ, шілде айында 47С-қа дейін жетеді. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 353 мм. Қаладағы негізгі су артериясы Талас өз. Қырғыз жеріндегі Қаракөл және Үшкеней тау өзендерінің бірігуі нәтижесінде пайда болады. Т-ға жеткенше судың едәуір бөлігі а. ш. егістіктерді суару үшін пайдаланылады. ГРЭС-тің маңайында қолдан жасалынған көлшік бар. Қала үшін екінші бір маңызды өзен – Аса қар суымен тек көктемде толығады.

Тарихы. Т. Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Белгілі тарихшы Л.Н. Гумилевтің айтуынша, Т-дың алғашқы аты Талас болған. Қытай деректерінде қаланың негізін б.з.д. 1 ғ-да ғұн билеушісі Чжан-Чжин (Чжичжи) қалап, атын То-ло-со деп атаған. Қала 630 жылға дейін То-ло-со, онан соң Талас, ал 893 ж. Т. деп аталған. Кейбір зерттеушілердің пікірінше қаланы алғаш салушылар Парфия шеберлері, рим легионерлері және жергілікті халық болған. Қала екі жыл салынып, аса мықты қамалға айналған. Топырақ үйінділері мен ағаш қабырғалардан, қарауыл мұнараларынан және цитадельден тұрған. 6 ғ-да Еуразия даласында аса ірі – Түрік қағанаты (552 – 745) пайда болды. Кейіннен ол 2 қағандыққа (Батыс және Шығыс) бөлінді. Т. Батыс түрік қағанатына қарады. Батыс түрік қағанаты 6 ғ-дың 2-жартысынан бастап қатты күшейіп Қытай, Иран, Византия, Үндістан елдерімен саяси-экон. қарым-қатынастар жасасты. Аталған мемлекеттер қағандық территориясы арқылы өтетін Ұлы Жібек жолына өз үстемдіктерін жүргізу үшін бәсекелестікке түсті, әрі осы сауда жолының негізгі қожайыны түркілерді өз одақтастарына айналдыруға тырысты. Орта Азияны жаулап алған түркілер Қытайдан Жерорта теңізі елдеріне апаратын сауда жолдарының негізгі бөлігіне бақылау орнатты. Негізгі сауда жасаушылар соғдылар парсылар (Пайкендтен (Бухараның жаны) Сирияға дейінгі аралықта) болды. Жібек бұлдарды негізгі алушылар Византия көпестері болды. Қытаймен тіке саудаласқан соғдылар жібек бұлдарының аса көп мөлшерін қолдарына ұстап, бірте-бірте өздері де жібек құртын өсіруді үйреніп алды. Олар қолдарындағы жібек бұлдарды Жерорта теңізі жағалауы елдеріне тікелей шығаруға тырысты, бірақ оған жолда Иран бөгет болды. Сондықтан соғдылар түркі қағанатымен парсыларға қарсы күресте одақтаса отырып, Византиямен тіке байланыс орнатуға кірісті. Осы мақсатта 567 ж. соғды саудагері Маннах бастаған түрік қағаны елшілігі Константинополь қ-сына келді. Византия соғды жібегін онша қажеттенбеді, бірақ парсыларға қарсы түріктермен одақ құруға қуана келісті. Түрік елшілігі император сарайында салтанатты түрде қабылданды және сол жерде Иранға қарсы екі мемлекет арасында әскери одақ құрылды. Қайтарда император Юстиниан түрік қағанына өз елшісі Земархты қосып жіберді. Елші Земархтың сөзін пайдаланған грек тарихшысы Менандр жазбаларында көрсетілгендей елшілік Толос (Тараз) қ-на 568 ж. келді. Осы кезде Т-ға парсы елшісі де келіп жетті. Бірақ, батыс түрік қағаны Дизабул Византия жағына шықты. Осы кезден бастап Т. қ. көптеген жазба құжаттарда жиі-жиі аталып отырды. Өкінішке орай ол деректердің барлығында қаланың аса үлкен екендігінен басқа мәліметтер кездеспейді. Қытайдан шыққан будда монахы Сюань Цзянь 630 ж. Т-ды басып өтіп бара жатып қаланың аумағы шамамен 8 немесе 9 ли (ли – қытай өлшемі, шамамен 567 м) деп жазған. Онда әр елден келген көпестер тұрады. «Кейбіреулер пайданы бөліссе (көпестер мен қолөнершілер), кейбіреулер жер өңдейді (егіншілер)», – деп жазады. Бұл деректер археол. қазбалар арқылы дәлелденіп отыр. Парсы, түрік, араб тілдерінде жарық көрген көптеген еңбектерде, соның ішінде ежелгі түрік тарихшысы Нершахидің «Бухара тарихы» кітабында шамамен 580 жылдарда Т.-да болған оқиғаларды суреттейді. Шығыс авторлары 8 – 10 ғ-лардағы Т. жөнінде оны үлкен сауда әрі мәдени орталығы ретінде көрсетеді. Оның базарларында әлемнің барлық түпкірінен келген тауарлар сатылады, көшелерде түрік сөздерінен басқа араб, парсы, үнді сөздерін де естуге болады. Бұл кезде Т. шын мәнінде «көпестер қаласы» болды.

Араб саяхатшысы әл-Макдиси Т-ды аса мықты бекінісі бар алып шаһар, ішінде халқы көп, бау-бақша, 4 қақпасы бар, жан-жағы ормен қазылған, қаланың айналасында елді мекендер аса көп деп суреттейді. Қалаға кіретін бас қақпа алдында үлкен өзен бар, өзеннен өтетін көпірлер және оның ар жағында көп үйлер орналасқан. Мешіттер базарлардың жанына орналасқан, оған қыпшақтар даладан түйе, жылқы, қойларын және жүн мен өңделген терілерін алып келіп, астыққа, бұлға, ыдыс-аяқ пен қару-жараққа айырбастайды деп жазады. Белгілі қазақ ғалымы, акад. Ә.Марғұлан археол. қазба деректеріне сүйене отырып Т. б.з.б. 3 – 2 ғ-ларда іргесі қаланған деген қорытынды жасайды. Ал, акад. В.В. Бартольд ұзақ зерттеулер нәтижесінде ескі қаланың орны қазіргі Орталық базар орналасқан алаң деп көрсетті. Археологтар ұзақ жылдар бойы зерттеулер жүргізіп, Т. қ-сы 1 ғ-дың бас кезінен бастап салына бастаған деген қорытынды жасады. Т. қ. 1 ғ-дан бастап аса мықты бекіністері бар, халқы көп қамалға айналды. Б. з. б. 1 ғ-дан бастап Талас өз. бойын қаңлы тайпалары мекендей бастады. 6 ғ-дан бастап осы өңірде түркі тілдес ұлттар қалыптаса бастады. Түркі халықтарының бірнеше ғасырлар бойғы тарихы ортақ болды. Зерттеушілердің көрсетуінше, Т. сондай-ақ, Орта Азияның басқа да қалаларындағы 6 – 10 ғ-лардағы негізгі тұрғындар түркілер болды. Дегенмен ол қалаларда соғдылар, арабтар, парсылар, сириялықтар да көп болды. Әсіресе, Батыс түрік қағанаты соғды мәдениетімен тығыз байланыста болды (соғдылардың орталығы Самарқанд болды). 8 ғ-дан бастап Батыс түрік қағанаты құрамындағы тайпалар арасында өзара соғыс басталды. Нәтижесінде, Іле өз-нен ығысқан түргештер Талас өңіріне келіп орналасты. 8 ғ-дың орта тұсынан бастап Т. олардың астанасына айналды. 751 ж. осы маңда өткен Атлах шайқасында түргештер арабтармен одақтаса отырып шабуылдап келе жатқан қытай әскерлеріне күйрете соққы берді. Шайқастан кейін арабтар кейін қайтып кетті де, түргештер өзара бір-бірімен соғысып жатқан тайпаларға бөлініп кетті. Осындай жағдайда түргештерді 766 ж. солт.-батыстан келген екінші бір түркі тайпасы қарлұқтар ығыстырды. Қарлұқтар бірте-бірте Іле, Шу, Талас, Тянь-Шань өңірлеріндегі түркі тайпаларын өздеріне бағындырды. Қарлұқ мемлекетінің де (8 – 9 ғ.) астанасы Т. қаласы болды. Бұл кезеңде Т. өзі ғана өсіп қоймай, айналасында Жікіл, Барсхан қалалары пайда болды. Орта Азияда пайда болған Самани мемл. күшейе келе 893 ж. Талас өңірін өзіне бағындырды. Бұл кезде Т. аса ірі әрі бай қала болатын. Осы кезден бастап тәжіктер Талас қ-н Тараз деп атай бастады. 955 ж. Талас өңіріне карахандардың билігі орнады. Караханидтер 960 ж. исламды мемлекеттік дін деп жариялады. Басқа діндер (зораастризм, христианство, буддизм, т.б.) ығыстырылып шығарылды. Дегенмен, көрші Жетісуды мекендеген түркілер бұрынғысынша өздерінің тәңірлеріне табынатын. Көптеген зерттеушілер Оңт. Қазақстан қалаларында, соның ішінде Т-да түркілердің саны басым болды деп есептейді. Сондықтан соғдылардың әсіресе, 580 – 731 ж. тығыз қоныстануына қарамастан Т. қ. 10 – 12 ғ. Тааридің айтуынша, «түрік патшаларының ордасы» болып қала берді. Сөйтіп, көптеген ғалымдар 15 ғ-да жеке хандық болып құрылған қазақ халқының негізі 11 – 12 ғ-ларда қалыптаса бастады деген тұжырым жасайды.

705 ж. арабтар Пайкендке жорық жасады. Соғдылар түргештердің көмегімен оларды кейін шегінуге мәжбүр етті. Кейіннен Түргеш қағандығының әлсіреуін пайдаланған арабтар қайта шабуыл жасағанымен нақты табысқа жете алмады. Арабтар тек Оңт. Қазақстанның кейбір өңірлерін ғана халифат құрамына енгізді. Дегенмен 9 – 11 ғ-ларда ескі түркі жазуын араб жазуы ығыстырып шығара бастады. Қараханидтер тұсында (10 – 12 ғ.) Талас өңірі экон. және мәдени өрлеуді басынан өткізді. Т. бен оның аумағы күш жинап, көрші елдерге жорық жасай бастады. Т. билеушісі Тугаш-хан тұсында Самарқандқа және Қашқарға жорық жасалынды. Қала бірте-бірте Жетісу мен Орта Азиядағы жетекші қолөнер және сауда орталықтарының біріне айналды. Әйгілі Т. моншасы салынды. Ислам дінінің үстемдігі нәтижесінде 11 ғ-да жаңа үлгідегі Айша бибі, Қарахан, Бабажы-хатун мазарлары салынды. 11 ғ-дың 1-жартысында Т. бен Испиджабта ақша (монета) соғыла бастады. 12 ғ-дың аяқ кезінде Қараханидтер мемлекеті әлсіреп кетті де, оны қарақытайлар жаулап алды. 1210 ж. қарақытайларды хорезмшах Мухаммед талқандады. Т. қолдан-қолға өтті. 1220 ж. қаланы Шыңғыс әскерлері басып алды. Т. Шағатай ұлысына бағынды. Т-дың орнына Яны (Жаңа) деп аталатын қала тұрғызылды. Онда 1334 ж. дейін ақша шығарылып тұрды. Дәуіт бек, Тектұрмас, Манас мазарлары салынды. Қала қайтадан жандана бастады, бірақ 1307 ж. Шағатай ұрпақтары арасындағы тақ таласы кезінде тағы да шапқыншылыққа ұшырады. Осыдан кейін Т. 1345 ж. жазылған деректерде «Мауереннахрдан Алмалыққа баратын сауда жолындағы қала ретінде кездеседі. Еуропадан Үндістанға су жолы ашылғаннан кейін 15 – 16 ғ-лардан бастап Ұлы Жібек жолының маңызы түсіп кетті. Оған Орта Азия билеушілерінің өзара үздіксіз соғыстары қосылып, оңт-гі қалалар қаңырап бос қалды. Сөйтіп кезінде түркілерге астана болған әйгілі шаһар бірте-бірте жай ғана қыстаққа айналды. 1456 – 64 ж. Шу бойында қазақ хандығы құрылды да, қала 16 ғ-дың аяқ кезінен бастап қазақ ордасына қосылды. 1513 ж. Т. Қасым ханның жорығы нәтижесінде айтылып өтеді. 1723 ж. Талас өңірі жоңғарлардың шапқыншылығына ұшырады. 1729 ж. Аңырақай шайқасынан кейін қазақ рулары атамекендеріне қайта бастады. 1771 ж. Абылай хан үш жүздің тағына отырды. Осы жылы Еділ қалмақтары қазақ жері арқылы өздерінің туған жері Жоңғарияға қайтты. Қазақтардың қалмақтарға алаңдауын пайдаланған қырғыздар Іле, Шу, Талас өңірлерін тіпті Шолаққорған мен Созақты қоса басып алды. Абылайдың басшылығымен қазақ әскерлері қырғыздарды аталған өңірлерден кейін шегіндірді. Жеңіске жеткеннен кейін Абылай 1774 ж. өз ордасын Талас өз. бойына тікті және ескі Т-дың орнындағы Яны (Жаңа) қамалының әкімі етіп өзінің ұлы Әділді тағайындады. Әкім қамалды қайта тұрғызу үшін қарақалпақ шеберлерін алдырды. Жаңа қала Қарахан әулетінен шыққан Ша Махмудтың мазары төңірегіне салынғандықтан Әулиеата деп аталды. Оны салуға Құлашбек батыр бастаған қарақалпақтар да қатысты. 19 ғ-дың басында Таластың жоғарғы жағын тағы да шетелдіктер, бұл жолы қоқандықтар басып алды. Әлім хан қазақтың Ұлы және Орта жүздеріне билік жүргізу үшін 1809 ж. Әулиеата бекінісін басып алып, оны қайта салуға кірісті. Оның ісін мұрагері Мәделі хан да жалғастырды. Ол 1837 ж. қамалдың оңт-не Наманганнан 28 отбасын әкеліп, орналастырды. Олар орналасқан жерде Наманган көшесі пайда болды. 1856 ж. Шығыс базары салынды. Базардың айналасында қолөнершілердің лавкалары, керуен-сарайлар, шайханалар тұрғызылды. Сөйтіп 19 ғ-дың 2-жартысынан бастап Әулиеата Ташкент пен Ферғанадан Омбыға баратын негізгі сауда орталықтарының біріне айналды. Бірақ қала халқы мен оның айналасындағы ауылдар қоқан хандарының аса ауыр езгісіне ұшырап, жиі-жиі көтеріліс жасап отырды. 1821 ж. Рүстем сұлтан бастаған көтеріліске 12 мың адам қатынасты. Онан кейінгі бас көтерулерді Байзақ датқа басқарды. Оның жасағында Саурық, Сыпатай, Байсейіт, Сұраншы секілді әйгілі батырлар болды. Олар кейіннен 20 мыңдық Кенесары әскерлерінің негізгі бөлігін құрады. Көтерілісшілер Әулиеатаны қоршап, ала алмады да, Сарыарқаға шегінді. Ұлы жүздің көпшілік бөлігі Қоқан және Хиуа хандарына бағынышты болды. Олар қазақтар мен қырғыздарға аса көп мөлшерде салық салды. Сондықтан жергілікті халықтың бас көтеруі жиіледі. Осыны пайдаланған патша өкіметі Лепсі, Қапал, Алатау бекіністерін салып, Жетісуға орналаса бастады. 1854 ж. Верный бекінісі тұрғызылды. Қазақтар мен қырғыздардың қоқандықтарға қарсы көңіл күйін пайдаланған орыс әскерлері 1863 – 64 ж. Тоқмақ, Меркі, Әулиеата, Шымкент, Созақ, Ташкент қалаларын басып алды. Қоқандықтарға қарсы орыс әскерлеріне 5 мыңдық қазақ жасақтары көмектесті. Ұлы жүз толығымен Ресейдің қол астына өткеннен кейін, 1867 ж. Әулиеата уезі құрылды. Ол Сырдария облысына қарады. 1874 ж. бастап өлкеге алғашқы переселендер (ішкі Ресейден) келе бастады. Переселендер үшін жақсы жер учаскелер тартып алына бастады. Алғашқы орысша жер атаулары пайда болды. Әулиеатаның тұрғындары көбейе бастады. Онда қазақтар, орыстар, украиндар, өзбектер тұрды. 1914 ж. санақ бойынша қалада 17880 адам тұрды. Оның 6577-і қазақтар, 7576-ы өзбектер, 2138-і орыстар мен украиндар болды. Онда 3 шіркеу, 21 мешіт, қалалық уч-ще, аурухана, әскери госпиталь, 17 ф-ка мен з-т, 1791 тұрғын үй болды. 1871 ж. алғашқы кітапхана ашылды.

1914 ж. 1-дүниежүз. соғыс басталғаннан кейін халыққа салынатын салық мөлшері 3 – 4 есе өсті. 1916 ж. 25 маусымда әйгілі патша жарлығы шықты. Әулиеата аймағында жаппай халық көтерілісі басталды. Меркідегі көтеріліске Ташкенттен келген Т. Рысқұлов қатынасты. Патша Түркістан өлкесіне әскери жағдай енгізді. Көтеріліс асқан қаталдықпен басып жаншылды. Көптеген адамдар майдан даласында оққа ұшып, 3 мыңнан аса адам жауапқа тартылды. 1917 ж. 27 ақпанда патша өкіметі тақтан құлады. Ішкі Ресейдегі секілді Әулиеатада да 1917 ж. 17 наурызда жұмысшы-солдат депутаттары Кеңесі құрылды. Көп ұзамай қара жұмысқа алынған қазақтар елдеріне қайта бастады. Әулиеата мен Меркіде «Қазақ жастарының революциялық одағы» құрылды. Әулиеатада Кеңес үкіметі орнады (19 қарашада 1917 ж.). 1918 ж. 11 – 16 маусымда қазақтардың уездік съезі өтіп, оны Т.Рысқұлов басқарды. 1918 ж. жазда елде Азамат соғысы басталды. Жер-жерде Кеңес үкіметіне қарсы бас көтерулер болып жатты. 1920 ж. көктемнен бастап уезде Кеңес үкіметі түпкілікті орнады. 20-жылдардың бас кезінде Әулиеата тұрғындарының жағдайы ауыр болды. 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың бас кезіндегі ашаршылық жылдарында Әулиеатада 1931 ж. тұңғыш рет 30 орындық жетім балалар үйі ашылды. 1 – 2 бесжылдық кезінде (1928 – 37) көптеген жаңа зауыттар (қант з-ты, механикалық-ремонт з-ты т.б.) мен фабрикалар (тамақ, жеңіл өнеркәсіп орындары бойынша) іске қосылды. Қаладағы өнеркәсіп орындары 1937 ж. 1934 жылға қарағанда 317% ұлғайды. 4 кинотеатр, 4 клуб, 9 кітапхана, обл. қазақ драма театры, тарихи-өлкетану музейі салынды. 2 тілде обл. газет шығарылды. Қаладағы халық саны 1939 ж. 63,7 мың адамға жетті. Мектептер, балабақшалар, тұрғын үйлер салынды. 1936 ж. Әулиеатаның аты Мирзоян болып, 1937 ж. Жамбыл қ-сы болып өзгертілді. Соғыс жылдарында (1941 – 45) Жамбылға жау басып алған территориялардан 30 мыңнан аса адам орналастырылды. Соғыстың бас кезінде Жамбылда 105-атты әскер дивизиясы жасақталып, 1942 ж. майданға аттанды. Мыңдаған жамбылдықтар әйгілі Панфилов дивизиясында қызмет етті. Ол дивизияны кейіннен Б.Момышұлы басқарды.

1950 – 60 ж. қала экономикасы ары қарай дамыды. 1962 ж. КСРО-да тұңғыш рет Жамбыл суперфосфат з-ты өз өнімін бере бастады. 1966 ж. бастап «Химпром» бірлестігі салына бастады. Кейіннен ол фосфордың 20-дан аса өнім түрін шығарды. 1970 – 80 ж. Жамбыл химия өндірісі елдегі сары фосфордың 40%-н беріп тұрды. 80-жылдардан бастап қаладағы жеңіл өнеркәсіптің маңызы артты. 1985 ж. Жамбыл аяқ-киім комб-ты республикадағы аяқ-киім өнімдерінің 20%-н бере бастады. Қант з-ты жылына 100 мың т-ға жуық қант өндіруге кірісті. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халықтың талап-тілегін ескере отырып, ел Президенті Н.Назарбаев 1997 ж. 8 қаңтардағы Жарлығымен Жамбыл қ-сына тарихи аты Тараз атауын қайтарды. Т. Қазақстандағы ең бір жасыл қаланың бірі.

К. Рыспаев
29.03.2014
Вернуться назад