DataLife Engine / Атырау қаласы

Атырау қаласы

АтырауАтырау облысының әкімшілік орталығы, Қазақстанның батысында, Жайық өзенінің бойында орналасқан қала. Қаланың негізі 1640 жылы қаланған.

Қала жеріндегі белгілі тұңғыш тұрақты қоныс — қазіргі «Орбита» стансасы қасындағы Алтын Орда кезеңіндегі болған Лаэти асары. Ноғай Ордасы кезеңінде балықшылардың тұрақты Үйшік қонысы Жайық өзені сағасында орналасқан.
Казак-орыстар жаулап ала бастағанда 1640 ж. Яицкий городок аталған қалашық салынған. Жайықтың жоғарысында Верхний Яицкий городок (қазіргі Орал қаласы) деген қалашық салынғасын, Нижний Яицкий городок деп аталып кеткен, соңынан ол — Усть-Яицкий городок.
Ресей ханшайымы Екатерина II Яик өзенін (Жайықтың орысша атауы) Урал деп атауын жарлығымен бекіткенде, қаланың атауы Гурьев городок, Гурьев деп өзгертілген.
1920 жж. қысқа уақытқа большевиктер Гурьевті Чапаев деп қайта атаған.
1992 ж. бері қала атауы — Атырау. Бұрын атырау деп Махамбет ауданындағы топырақтар аталған.

1640 жылы патша үкіметі ағайынды Гурьевтерге қалашық салуға рұқсат етеді. Қала үлкен қиындықтармен 1662 жылы салынып бітеді де, патша жарлығымен Гурьев аталады. Жергілікті қазақтар оны Үйшік деген. 1865 жылы уездік қала болды. 1917 жылға дейін және одан кейінгі 15 жыл бойы Орал әскери облысының, 1925 жылдан Бөкей губерниясындағы Гурьев уезінің, 1929 жылы Гурьев округының, 1930 жылы аудан, 1938 жылғы қаңтар айының 15-інен облыс орталығы. 1992 жылы ақпан айының 21-і күні ҚР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Гурьев облысын Атырау облысы, Гурьев қаласын Атырау қаласы деп атау жөнінде қаулы қабылдады. Қала елеулі тарихи, саяси оқиғалардың орталығы болды. 1916 жылы Гурьев уезіндегі Өтепқали Исатаев бастаған толқу Қазан төңкерісіне ұласты. Азамат соғысы кезінде шетелдіктер мен ақ казактар қаланы өзінің тірек базасы ретінде пайдаланды.
Ғасырлар бойы болашақ Гурьев қаласының орнын Хвалын (Каспийдің бұрынғы атауы) теңізінің көк бұйра толқындары шайып жатқан.
Каспий теңізінің суы бірте-бірте тартыла келе, оңтүстікке қарай шегініп,теңізге құяр Жайық өзенінің жағалауына алғашқы күнкөріс іздеуші қоныстанушылар Х-ХІІ ғасырлардың өзінен бастап келе бастаған.
ХVІІІ ғасырда моңғол шапқыншылары Каспий маңын жаулап алып, Төменгі Еділ бойында жаңа Алтын Орда мемлекетін құрған. Олардың қарауына Жайық өзенінің бойы да қараған. Бұл өлкеде моңғолдар ХІІІ-ХІV ғасырлар бойы, ал XV-XVI ғасырлар бойы ноғайлар үстемдік еткен. Ноғайлардың үстемдіктерінің одан әрмен өрістеуіне Еділ мен Жайық өзендері аралықтарына келіп қоныс тепкен көшпелі қалмақтар бөгеттік жасаған.
1520 жылдан Жайық бойына қоныс аударған орыс қазақтары да олардың сауда керуендерін тонап, өздеріне шабуылдар жасап, маза бермеген. Қоныстанушы орыс қазақтары мекен теуіп, қамал-қорған салып, балық аулап, онымен сауда жасай бастаған.
1580 жылы орыс қазақтары Алтын Орданың Жайық өзенінің бойына орналасқан соңғы қаласы Сарайшыққа өзен бойымен жүзіп келіп, басып кіріп, қаланы тонап, содан соң түгелдей өртеген. Сол уақыттан бастап орыс қазақтары бұл жерге өз иеліктерін орнатқан.
1586 жылы орыс қазақтары өзен бойында Қос Жайық (Кош Яик) қалашығын тұрғызған. Оған ноғайлар қаншама рет қарақшылық шабуылдар жасаса да, қаланы ала алмаған. Жайық өзені мен Каспий теңізі арқылы теңіз және сауда керуендері сол уақыттан бастап жүре бастаған. ХVІ ғасырдың бірінші ширегінен бастап , Жайық-Каспий жағалауына Ресей патшасы өкіметінің саясатына шыдамаған және патша үкіметін мойындағысы келмеген қашқын орыс еріктілері, күнкөріс іздеген крепостной шаруалар, қылмыстық элементтерден тұратын Волга бойы қазақтары келіп қоныс тебе бастаған. Олар келе сала өз кәсіпшіліктерін ашып,балық аулау, балық тұздау қостарын ұйымдастырып, жатар тұрақ орындарын тұрғызады. Сол уақыттан бастап тұрғызылған тұрақтар «Үйшік» атанып кеткен, өйткені, олар уақытша тұрақ ретінде тұрғызылған.
Қоныстанушылардың саны күн санап өсіп, өз иеліктерін қолайлы пайдалана және ұлғайта отырып, орыс патшасына дұрыс қызмет көрсете бастаған. Солардың арқасында Мәскеу мемлекетінің шекарасы кеңейіп, Жайыққа дейін құлашын жая түскен.
Орыс патшасы өзінің Атырау аймағына толық қожалығын жасау және Жайық пен Каспий арқылы сауда керуендерін Орта Азия елдеріне қатынастыру мақсатында, Жайық бойында бекініс тұрғызуды ұйғарады. Жайық бойына арнайы мамандар тобын жіберіп, аймақты зерттетіп,болашақ құрылыстың қаржылық шығындарын жасатады.
Алғашқы жоба бойынша бекініс салу үшін 244 сом күміс ақша және көптеген адам күші қажет болады. Жолдың шалғайлығы, құрылыс материалдарының тапшылығы және басқа да қиындықтар, жұмыс қолының жоқтығы, әрі құрылыстың қаржылық қымбатқа түсерін есептей келе, патша үкіметі бұл жоспардан бас тартқан.
Мәскеу айналасына бірігудің нәтижесінде ХV- ХVІ ғасырларда орталықтанған орыс мемлекеті қалыптасты. Орыс мемлекетінің құрылуы елдің өндіргіш күштерін дамытып, қолөнер, ішкі және сыртқы сауданы өрістетті. Орыс қолөнері мен мануфактурасының өнімдері ішкі базарларға ғана емес, сыртқы нарыққа да көптеп шығарылды. Алайда, өндіргіш күштердің одан әрі дамуы теңізге шығатын жолдың болмауынан үнемі кедергі көріп отырды.
ХVІІ ғасыр Ресей тарихында «жаңа кезең» атанды. Оның мәні бұл кезеңде мануфактураның дамуы, еңбек бөлігінің барған сайын күрделенуі және сауданың өсуі, дүниежүзілік рынокта бәсекелестіктің күшеюі, Мәскеу мемлекетін алаңсыз отырғыза алмады. Швед-поляк интервенциясының шабуылы Ресейдің Батыс Еуропа елдерімен жасалатын сауда рыногінен айырды, Қара теңіздегі сауда жолы түрік сұлтандарының қол астында болды.Еуропаға қатынасатын сауда жолының Архангельск арқылы өтуі қиындықтар туғызды. Себебі,жері шалғай, қыста су жолы бірнеше ай қатып қалатындықтан, қатынас үзіліп отырды.
Осындай себептер Мәскеуліктерге тиімді сауда жолы тек Жайық өзенінің Каспий теңізіне құйылатын сағасына қоныс тебу қажет екенін айқындата түсті. Оған қоса бұл аймақта балық кәсіпшілігін ашып,қала (бекініс) салу, сауда қатынастарын шетелдермен еркін жүргізу патша өкіметінің басты назарына көшті. Жайық-Каспий жолы Азия елдерімен басқа да елдерге жол ашатын «әрі қақпа,әрі кілт» болатынына көзі жеткен патша өкіметі,ХVІІ ғасырдың 30-шы жылдарының аяғында Ярославлдық көпес, бай саудагер Гурьевтер әулетіне Жайық бойында балық кәсіпшілігін ашуға және бекініс тұрғызуға рұқсат қағазын береді.
1640 жылы Гурьевтер әулетінің басшысы Гурий Назарьев, балалары Михаил, Иван және Андреймен Жайық бойына келіп қоныстанып, өнеркәсіптерін ашып, Жайық және Ембі өзені балықтарын өндірістік және сауда мақсатында пайдалана бастайды. Өндірісі мен балық аулау құралдарын қорғау үшін ағаштан қамал-қалашық салады. Қоныстанушылар «учуг» тұрғызған, қазақтар оны «үйшік» деп атап кеткен. Қаланың бастапқы атауы да осыған негізделген. Сонымен қатар балық тұздау , қақтау тәрізді басқа қондырғылар да тұрғызады. Осылай Төменгі Жайық (Гурьев) қаласының ірге тасы қаланады. Қала 1708 жылға дейін осылай аталған.Қалашықты қорғауға арнайы әскери атқыштар күзеті қойылады.
Патша өкіметінің М.Гурьевке берген рұқсат қағазында «Да дед его Гурий с детьми своими..,радея нам и ища нашей государственной казне во всем прибыли, в прошлом 148 (1640) году завели вновь и устроили за морем на реке Яике своими деньгами город каменный..» делінген. Бірақ кейіннен, көп жылдар өткеннен соң ,бұл құжатта қателік жіберілгені, М.Гурьевтің патшаға жазған хатында: «..он сделал на Яике сперва деревянный город на свои деньги..» деп жазылғанына қарағанда, қала құрылысы алғашында ағаштан тұрғызылған қорған болғаны дәлелденеді. 1642-1643 жылдары Орта Азияда болып қайтқан орыс елшілігінің басшысы А.Грибов, Бұхар ханы Надир Магомет және оның сыбайластарының айтуынша қаланың құрылысы Орта-Азия хандықтарына қарсы бағытта тұрғызылған құрылыс деп пайымдалады.
Бой көтерген қала мен балықшылық өндіріс табыстары осы өңірді мекендеуші байырғы қалмақтар мен орыс қазақтарының қызғаныштарын туғыза бастайды. Ақыры қашанда көршілерімен жауласып-қырқысып отыратын қала,қалмақтардың тонауына ұшырайды.1643 жылдың 24 ақпанында түрікмен баскесерлерін ерте отырып, қалмақтардың басшысы Батма бастаған шапқыншылар тобы қаланы аяусыз тонады. Олар Гурьевтердің аулаған балығын, балық аулау құралдарын алып, оған қоса 59 адамын, 20 жылқысын айдап кетті.
Жайық бойындағы бұл оқиға Астрахань әскерлері басшылығын елең еткізді.Олар Жайық бойындағы қалашықты бұрынғы қорғаушылар горнизонына қосымша 400 атқышпен ,6 зеңбірек көмекке жібере отырып, қорғаушылар тобының бастығы Глебовтан қаланы дұрыстап күзетуді,қорғану көмегі керек болған жағдайда дереу көмек сұрау талап етілді.
Ағаштан тұрғызылған қорған қамал жаудан және өрттен қорғануға қорғаныс бола алмайтынына көздері жеткен патша үкіметі,теңіз маңы және Жайық бойының қорғанысын күшейту мақсатында, 1645 жылдың 18 ақпанында М.Гурьевке қаланы қамал етіп тұрғызуға рұқсат береді. Рұқсат қағазында қала қамалын Астрахан қаласының үлгісіндей етіп тұрғызу көрсетіледі. Яғни, қала тас қамал болып тұрғызылуы айтылып «..Каменный город» с общей длиной крепостной стен в 400 сажен (сажен равна 2,1 м), украшенных восемью башнями:»а стены были меж башен поровну, по пятьдесят сажен, да в двух башнях быть двум воротам...стена городовая меж ворот и башен делать в ширину в полтора сажен, а я вышину и с зувцами четырех сажен, а в вышину полтора сажени» деп нақты тапсырма берілген.
Тапсырыс алысымен Гурьевтер құрылыс материалдарын жинақтауға кірісіп, жұмыс қолдарын шақырып, жалдауды ұйымдастырған.
Тас қала-қорғанның құрылысы 1647 жылдың 6 маусымында басталып кетеді. Астрахан қорғанысын қалауды астрахандық тас қалаушы-шебер Иван Остриков басқарады. Қала қамалының құрылысының барысы Жайық бойы казактарын үрейлендіре түседі. Тұрғызылып жатқан қала 1649 жылы казактар атаманы И.Кондырев бастаған казактар тобының шабуылымен тоналады.Еділ мен теңізде казактар,қала құрылысына келушілерді қырып-жойып, материалдарды тонап, қала құрылысына жібермей қояды. Бұл туралы құрылыстың бас басқарушысы И.Остриков Астрахан әскерлері басшысына былай деп хабар жібереді: «..оттого казачая воровство городовому делу в прошлом в 157 (1649) году было мотчанье, а в нынешнем де, во 158 (1650) году от их казачья воровства городовому делу мотчанье будет же, потому что запасов к городовому делу припасено мало». 1654 жылдың ақпанында Жайық бойын қорғаушы атқыштар басшысы Т.Селезнев патшадан төмендегідей жазбаша нұсқау алады. Онда «и жить тебе в Яицком городке с великим бережением неотлучно и по городу быть караулы в день и в ночь беспрестанно, чтоб ...дурна какава над Яицким городом не учинили» делінген.
Қала балықшыларының кәсіпшілігіне ең ірі шабуылды 1660 жылы 8 мамырдың түнінде казактар атаманы П.Паршин бастаған топ жасады.Шабуылшылар қалаға өзенмен 20 қайықпен өтіп келіп, қаланы тонап, өртеп кеткен. Бұл хабар Мәскеуге де жетіп,патша үкіметінің қала және балық кәсіпшіліктерін қорғауға тез арада шара қолдануға мәжбүр етеді.
1660 жылдың қыркүйегінде патша Астрахан әскерлері басшысына Жайықтағы қала қорғаныс гарнизонының санын 500-ге жеткізуді талап етіп, патша хатында: «и впередь в этот Яицкий город посылали б есте наших великого государя служивых лядей...кем бы мочно было тот Яиций город ото всяких воинских людей и от воровских казаков оберечи» делінген.
Жайық бойындағы тас қала-қамалдың құрылысы 15 жылдан соң, 1662 жылы аяқталып,Гурьевтердің үлкен қаржылық шығынына шығады.ХVІІ ғасырдың аяғына таман және ХVІІІ ғасырдың басынан бастап, тас қала-қамалы ірі шекаралық қамалға айналады.Қала қамалының 8 мұнарасында 17 зеңбірек және жер асты қоймаларында мол мөлшерде жарылғыш,атылғыш дәрі-дәрмектер болады. Қала ұлғая келе патша үкіметінің қорған-қамалына, жергілікті халықтың тыныс-тірлігін бақылап отыру бекінісіне айналады. 1668 жылы патша әскерінен шегінген Степан Разин осында келіп қыстаған. Патшаға жаққан қыстағы үшін 1679 жылы осы жерді ғұмыр бойы мекендеп, кәсіп ету үшін Гурьевтер әулетіне басыбайлы берілген, қазақтар «Үйшік» деп атап кеткен мекен, осыдан соң Гурьев қаласы атанған. Мұның дәлеліндей жерлес ақынымыз Б.Аманшин өз өлеңінде:
Гурьев болды-ау бір кез Үйшік атың,
Күңіренген сол Үйшіктен күй шығатын.
Кенде өскен сахарада қыр қазағы,
Қапырық тар көшеде тұншығатын-деген.
Қаланың қорғаныс күшіне қарамастан қалаға қастандық жасау тоқтамаған.1680 жылы қалмақтар Астраханнан Жайық қаласына келе жатқан кемелерді тонап, азық-түлік және балық аулау құралдарын алып кеткен және де өздері Жайық өзенінің кез -келген жеріне келіп, балық аулауды шығарған.
1715 жылы Жайық әскерлері басқарушысы Астраханға «...на Яике рыбу ловят и в учугах и в учужных избах багрят многолюдством белуги и осетры и негде ловцао ловить и багрить рыбы не дают и работных людей грабят» деп балықшылар мекеніне қалмақтардың келіп қоныстанулары туралы хабарлаған.
1718 жылдың сәуірінде қалмақтар қалаға шабуыл жасап, Астраханнан келген балық өндірісі құралдарын тонап, қолға түскен балықшыларды тұтқынға алып, қаланы өртеп кеткен. Сонау ХVІІ ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап қаланы қорғаушы әскери басшылық патша үкіметінен балық өндірістік шаруашылықтарын ашуды сұрағанды, өйткені Жайық бойынан өзге де балық аулау кәсіпшіліктері үстемдік жасай бастаған.
1743 жылдан бастап патша әкімшілігі Жайық өзені бойынан екі бекініс-қалашық тұрғызуды жоспарлайды.Әскери басшылық қазақтар күшімен Кулагино және Калмыкова бекіністерін тез арада тұрғызады.
1764 жылы әскери алқа қала горнизонын кеңейтуді ұйғарып, әскерлер үшін жатаханалар тұрғызуға рұқсат береді. Астрахан қаласына құрылыс материалдары жіберіліп,1765 жылдың қысына дейін жатақханалар әзір болады. Соған қарамастан Гурьев қаласы көп жылдар бойы жай қалалардың бірі болып қала берді.
1798 жылдың 11 желтоқсанындағы Патша жарлығымен Гурьев қаласы Орал әскери басшылығының қарауына беріледі.
1869 жылдан бастап Астрахан-Гурьев арасында жүк тасушы кемелер қатынаса бастаған. 1883 жылы қалада орыс шіркеуі-Успен соборы тұрғызылған. 1901 жылы қалада денсаулық сақтау орындары - екі шағын ғимарат тұрғызылған. 1909 жылдан Гурьев қаласында алғашқы мұнайшы шет ел өкілдері келе бастаған. "Ағайынды Лемандар" қоғамынан мұнай ұңғыларын сатып алған, ағылшын «Шелл» компаниясы қалада өзінің шеберханаларын ашқан.
1919 жылдың 27 желтоқсанында өткен Халық Комиссарлары Кеңесінің отырысында В.И.Ленин Ембі мұнайын Гурьев арқылы Орал және Астрахан қалаларына тасымалдау мәселесін қояды. Қалада механикалық шеберхана, тері зауыты, тері-қайыс бұйымдарын илеу,пішу,дайындау,тігу шеберханасы,диірмен,баспахана,ағаш-ұсталық шеберхана,кірпіш күйдіретін зауыт,керосин және әк даярлайтын зауыттары жұмыс жасай бастаған. 1923 жылдың 25 қаңтарынан бастап қазақ тілінде «Ерік» газеті шыға бастаған. 1936 жылы тұрақты Гурьев-Калмыково-Орал-Ақтөбе-Жетіқара-Денисовка-Қостанай бағытында әуе жолы қатынасы ашылған.
Қала тұрғындары кинотеатрдан қазақ киносының алғашқы туындысы «Амангелді» атты киносын көріп тамашалаған.
Халық ағарту салаларының оқу орындары негізінен қала басында шоғырланған.1929 жылы ашылған Гурьев мұғалімдер техникумы, 1937 жылы педагогика училищесі атанса, кейін мақсатын өзгертіп Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжі атанып мәдениет-өнер салалары мамандарын даярлайды. 1963 жылдың қаңтарында қалада жылу-электр жүйесінің құрылысы аяқталып,тұрақты пайдалануға берілді.
1965 жылдың шілде айынан Гурьев мұнай өңдеу зауытына Өзен мұнайы келді.
1969 жылдың наурызында Гурьев химия зауыты полиэтилен өнімін шығара бастады. Жайық өзенінің жағалауларын темір бетон құрсауларымен бекіту жұмысы басталып, қалада тәулігіне 60 тонна нан өнімдерін шығаратын жаңа нан заводы пайдалануға берілді..
Облыс және қала тұрғындарының мәдени-рухани дамуына М.Өтемісов атындағы облыстық драма театры, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония, Д.Нұрпейісова және Құрманғазы Сағырбаев атындағы Мәдениет сарайлары, Д.Нұрпейісова атындағы Ұлттық аспаптар оркестрі, «Атырау-Жайық», «Нарын» фольклорлық және басқа да ансамбльдер өз үлестерін қосып, шеберліктерімен көрініп жүр. Облыстық тарихи өлкетану және өнер мұражайларының да ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты насихаттауда еңбектері зор. Жаңа экспозициялар, көрмелер ұйымдастырып көрермендер көңілінен шығуда. Қала тұрғындарына әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыздандыруда «Өнерпаз» тұрмыстық және «Маржан» сән үйлері, «Дина», «Насиха», «Сауран», «Көктем», «Мерей» және т.б. сауда орталықтары қызметтерін көрсетуде.
Қала қонақтарын жайлы орынға орналастыруда бірнеше қонақ үйлері бос уақыттарын көңілді өткізіп, қонақжай дәм-тұздарын жайып қарсы алатын «Ақ Жайық», «Алладин», «Жайық толқындары», «Ақ Орда», «Ақ босаға», «Нәрлі», «Нұрдәулет» және т.б. көптеген мейрамханалар өз қызметтерін ұсынуда. ХХІ ғасырдың басынан бастап қала басындағы құрылыс қызметінің жыл санап,көлемі өсіп, салынған тұрғын үйлер мен әкімшіліктік ғимараттар саны көбеюде соның ішінде көп қабатты ғимараттар саны да күн санап өсуде. Күні кеше қалада ең биік ғимарат 9 қабат болса, енді қала ішінде 16, 22 қабатты үйлер мен ғимараттар бой көтерді.
Атырау қаласы мен Астана қаласының ара қашықтығы — 1810 км.
Қаланы Жайық өзені екіге бөледі: батысы Самар қанаты мен шығысы Бұқар қанаты.
Облыс территориясының түрі үшбұрышты және теңіз деңгейінен 10 метр шамасында көтерінкі. Облыстың төменгі бөлігі тұманды жер мен өзенге біртіндеп ауысады, ал шығыс-солтүстік бөлігі біртіндеп көтеріліп, Ақтөбе облысымен шектесіп жатқан қыратты ауданға ауысады.
Ресей шекарасының батыс бөлігінен Волга өзені ағып өтеді. Каспий теңізіне құйып жатқан Волга мен Орал өзендерінің ара қашықтығының барлық дерлік бөлігін Атырау облысы алып жатыр. Географиялық тұрғыдан облыстың солтүстік –батыс жағы Еуропада, ал бүкіл шығыс жағы Азияда, негізінен шөлейттік аймақта жатыр. Жерінің орналасуына қарай батысында Ресейдің Астрахан облысымен шектеседі.

Климаты қатты континенталды, жазда құрғақ ,ыстық, ал қыста ылғал қармен сипатталатын салқындық. Жазы жауын-шашынсыз, құрғақ, ыстық ұзаққа созылады. Қыс мезгілінде қар аз жауып, суық болады.
Атырау қаласы кеңдігі 47, -07 С., ұзақтығы 51-53 болатын жазы ұзақ, қысы қысқа күндермен сипатталады.
Қаңтар айындағы орташа температура -80С-ден бастап -120С-ге дейін, ал шілде айындағы орташа температура +240С-ден бастап +260С-ге дейін. Ең төменгі температура -380С, ең жоғары температура +450С. Каспий теңізіне құйып, облыс орталығынан өтіп жатқан Орал өзенінің арқасында ол жердегі температура судан алыс жердегі аудандардың температурасымен салыстырғанда төмен болып келеді.
Жауын-шашын болар-болмас деңгейде, жылына орташа 150 мм, 200 мм шамасында болады. Жел бағыты қаңтар айында оңтүстік-шығыс бағытта болса, ал маусым айында батыс бағытта болады.
Облыстың орталық бөлігінен Орал өзені (2,428 шақырым), шығыс жағынан Жем (712 шақырым), Сағыз (712 шақырым),Ойыл (800 шақырым), Индер (110,5 шақырым) өзендері ағады.
Қалаға бағынышты Балықшы кенті мен Жұмыскер кенті, бұрынғы Балықшы ауданы 1990 жж. ортасында қалаға қосылғасын, ауылды мекендер де бар.
Тұрғыны 1897 жылы 9,3 мың, 1923 жылы 12,5 мың, 1939 жылы 41,5 мың, 1997 жылы 265 мың, 2006 жылы 269 мың адам болды.
2007 ж. қаңтардың 1-інде қала әкімшілігі тұрғындарының саны 207,2 мың адам құрады, оның ішінде:
- Атырау қаласы — 154,1 мың адам;
- Балықшы кенті — 17,1 мың адам;
- Жұмыскер кенті — 6,7 мың адам;
- Ауылдық тұрғындар — 28,2 мың адам.
Атырау облысында 84 ұлт өкілдері тұрады.
Атыраудағы Марриотт қонақ үйі
2007 ж. қаңтардың 1-інде тіркелген заңды тұлғалар саны 5195-ке жетті, оның 4875-і шағын, 275-і орта, 45-і ірі заңды тұлғалар.
2006 ж. 3319,5 мың тонна мұнай өнімі өңделді, одан 493,7 мың тонна моторлық отын (бензин); 1122,2 мың тонна газойл; 1389,9 мың тонна отындық мазут; 123,6 мың тонна мұнайлы кокс алынды. Электр қуатын өндіру 1442,9 млн кВт/сағ; жылу қуаты — 1624,4 мың кКал құрады.
Негізгі тамақ өнімдерінен: 18 тонна шұжық; 5784 тонна қалбырланған балық; 323 тонна өңделген сұйық сүт пен кілегей; 7370 тонна жаңа піскен нан өндірілді.
Атырау қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына «Қазмұнайгаз» ӨФ-ы, «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Қазтрансойл», «Атыраубалық», «Заман групп», ЖШС-рі, «Атырау жарық», «Облтрансгаз», «Атыраусушар», «Атырау су арнасы», т.б. мекемелер ауқымды үлестерін қосуда.
Қала өнеркәсібінің басты саласы – мұнай мен химия өндірісі. Мұнай айыру, полиэтилен, машина жасау, металл өңдеу, кеме жөндеу, балық құтылау, басқа да тамақ, жеңіл өнеркәсіп орындары бар.
Атырау облысы үлкен кәсіпорындық және ауылшаруашылығының орталығы. Облыстың жер қойнауында қалың шөгінді қабаттармен байланысқан әр түрлі пайдалы қазындылар мол. Олардың ішінде қоры аса бай әрі негізгісі мұнай болып табылады. Атырау өңірінде мұнай өндіру тарихы 1899 жылдан басталады.
Мұнда мұнай өнеркәсібінің жобалау институты, мұнай және табиғи тұздар ғылыми-зерттеу институты, университет, драма театры, филармония, орта арнаулы оқу орындары, жалпы білім беретін, музыкалық, спорт мектептері, мұнай айыру зауытының мәдениет үйі, кітапханалар, кинотеатрлар, мәдениет және демалыс паркі, қонақ үйлер, бала бақшалары, медициналық мекемелер жұмыс істейді.
- Жалпы білім беретін мектеп саны — 68;
- Мектепке дейінгі мекеме саны — 25;
- Жоғарғы оқу орны — 4;
- Орта арнаулы оқу орны — 11.
Жоғары оқу орындары
- Атырау қаласындағы Исатай мен Махамбет алаңы
- Атырау мұнай және газ институты
- Атырау Педагогика Институты
- Атырау университеті
- Каспий маңының қазіргі заманғы колледжі (ПСК)
- Атырау аграрлы техникалық колледжі
- Атырау бизнес және құқық колледжі
БАҚ
- Газет-журналдары
- Прикаспийская коммуна
- Апталық «Ақ Жайық» газеті
- «Атырау» газеті
- Жарнамалық «Market Street» журналы
Атырау архитектуралық құрылысы жағынан үшке бөлінеді. Жайықтың оң жағасындағы ескі қалада негізінен 20 ғасырдың басында салынған бір қабатты ағаш және кірпіш үйлер кездеседі. Орталық бөлігінде екі қабатты тас үйлер, 4 – 5 қабатты тұрғын үйлер мен мекеме жайлары бар. Өзеннің сол жағалауында кеңес өкіметі жылдары «Ембімұнай» кенті мен мұнай айыру зауытының қалашығы пайда болды. Жайыққа салынған көпір (1965) Еуропа мен Азия құрлықтарында жатқан қаланың екі бөлігін байланыстырады.
Қаланың назар аударарлық орындары
- Иманғали мешіті
- Успен шіркеуі
- Құрманғазы Сағырбайұлы ескерткіші
- Бейбарыс сұлтан ескерткіші
- Облыстық мұражай
- Хиуаз Доспанова ескерткіші
- Исатай-Махамбет ескерткіші
12.10.2013
Вернуться назад