DataLife Engine / Ақтау қаласы

Ақтау қаласы

Ақтау — Маңғыстау облысының орталығы (1973 – 88 жылдары және 1990 жылдан), қала, теңіз және әуе порты. Каспий теңізінің шығыс жағасында орналасқан. Қаланың шығысында 40 км жерде әйгілі Қарақия ойысы жатыр. Маңғыстау түбегінде мұнай, газ, уран, т.б. қазба байлықтарының ашылуына байланысты іргетасы 1959 ж. қаланған. 1963 ж. оған қала мәртебесі берілді. Ақтау біраз уақыт Шевченко аталып (1964 – 91), кейіннен тарихи жер атауы қалпына келтірілді. Ақтау қалалық әкімшілігінің құрамына Маңғышлақ және Өмірзақ кенттері кіреді. Тұрғыны 187,6 мың (2006). Қалада қазақтардан да басқа көптеген ұлт өкілдері тұрады. Ақтауда облыстың басты кәсіпорындары шоғырланған. Химия өндірісі дамыған, газ өңдеу, пластмасса зауыттары, металлургия комбинаты бар. Олардың негізгі өнімдері: минералдық тыңайтқыштар, күкірт қышқылы, жасанды аммиак, полистирол болып табылады. Тамақ, жеңіл өнеркәсіп, тұрмыстық қызмет кәсіпорындары жұмыс істейді. Қаланың құрылыс ұйымдары Ақтау өңіріндегі қиыршық құм қоспалары, құрылыс құмы, ұлутас пен керамзит шикізаты кен орындарын пайдаланады. Ақтауда 1972 ж. дүние жүзінде тұңғыш рет нейтрондарға негізделген БН-350 реакторы бар энергия комбинаты іске қосылды. Соның нәтижесінде қала мұнай өнімдерімен бірге, атом энергиясын да пайдаланады. Атом электр стансасының қуатымен теңіз суын тұщылайтын қондырғы жұмыс істейді. Ақтау республиканың батысындағы ғылыми және мәдени орталықтардың бірі. Мұнда Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясына қарасты Ботаника бағы, мұнай-газ ғылыми-зерттеу және жобалау институты, университет, Қазақ ұлттық техникалық университетінің бөлімшесі, арнаулы орта оқу орындары, музыкалық, спорт, жалпы білім беретін мектептер, Абай атындағы мәдениет сарайы, облыстық театр, тарихи-өлкетану мұражайы, телерадиостудия, кітапханалар, қонақ үйлер, медициналық мекемелер бар.
Қаланың бас жоспары 1968 ж. бекітілді. Теңіз жағасы халықтың демалуына және су спортын дамытуға қолайлы. Ақтау қаласының архитектуралық ансамблін жасаушы сәулетшілер конструкторлар мен құрылысшылар тобына Лениндік (1966), КСРО Мемлекеттік (1977) сыйлықтары, қатал табиғат жағдайында адамдар тұрағын әсем көгалдандырғаны және сумен қамтамасыз еткені үшін халықаралық архитекторлар одағының алтын медалі мен Патрика Аберкромби атындағы сыйлық берілді. Әсемдігі жөнінен қала Кавказдың Қара теңіз жағалауындағы көптеген курортты орындардан кем түспейді. Ұлутастан тұрғызылған көп қабатты үйлер өзінің сыртқы әдемілігімен және ішінің көркемдігімен көз тартады. Су тапшылығына қарамастан, қала жақсы көгалдандырылған. Көшелерде әсем бұталар көп, үйлердің аралығына шағын скверлер, гүлзарлар жасалған. Каспий теңізінің жағалауында профилакторийлер, әсем коттедждер, қоғамдық тамақтану, тынығушыларға мәдени қызмет көрсету орындары бар жақсы жабдықталған демалыс аймағы құрылған.
12.10.2013
Вернуться назад