DataLife Engine / Биология | Нерв жүйесі бұзылыстарының этиологиясы

Биология | Нерв жүйесі бұзылыстарының этиологиясы

Нерв жүйесі бұзылыстарының этиологиясы.



Нерв жүйесінің бұзылыстарына әкелетін себептік ықпалдар экзогендік және эндогендік болып екі үлкен топқа бөлінеді. Экзогендік себептік ықпалдарға: биологиялық (микробтар мен вирустар және олардың уыттары), химиялық (улы заттар, металдар, этил немесе метил спирттері, кейбір дәрі-дәрмектер, мәселен стрихнин, хлороформ, кураре ж. б., гипоксия), физикалық (барометрлік қысым, иондағыш сәулелер, ыстық немесе суық температуралар, электр ағыны, электромагниттік толқындар ж. б.) механикалық (жарақат, ми шайқалысы), психогендік (жан-күйзелістері, жағымсыз эмоциялар) ықпалдар жатады. Сонымен бірге нерв жүйесінің бұзылыстары адамның ішетін тағамында витаминдердің аздығынан, әсіресе жас балалардың тамағында нәруыздардың (протеиндердің) жетіспеуінен дамуы мүмкін. Бұл келтірілген себептік ықпалдармен бірге адам үшін сөздің маңызы өте үлкен. Бір ауыз сөзбен адамның жанын жаралауға немесе науқас адамға дем беріп, сауықтыруға болады.



Эндогендік ықпалдар туа біткен немесе жүре пайда болған болып бөлінеді. Туа біткен эндогендік себептік ықпалдарға тұқым қуалайтын нерв жүйесінің аурулары (Даун ауруы, фенилкетонурия, шизофрения, эпилепсия, микроцефалия т. с. с.) және нәресте басының туылу кезіндегі жарақаттанулары жатады. Жүре пайда болған эндогендік ықпалдарға мида қан-айналымының бұзылыстары (ми тамырларының спазмы, тромбозы немесе эмболиясы, қан құйылу), өспе өсуі, эндокриндік дерттер (қантты диабет, туа біткен гипотиреоз, тиреотоксикоз ж. б.), аутоиммундық үрдістер ж. б. жатады. Бұл көрсетілгендерден басқа нерв жүйесі нервтік-рефлекстік (травмалық шок), шартты-рефлекстік жолдармен бұзылулары мүмкін.



Жоғарыда көрсетілген себептік ықпалдардың әсерлері олардың қарқынынан және әсер ету ұзақтығына байланысты. Кейде әлсіз әсерлер ұзақ мерзімде әсер еткенде нерв жүйесінде көрнекті өзгерістер дамуы мүмкін. Бұл кезде ұзаққа созылған әсерлердің жиынтық өлшемі (дозасы) сол ықпалдың бір рет әсер еткен өлшемінен кем болады.

19.10.2018
Вернуться назад