DataLife Engine / Биология | КІРПІКШЕЛІЛЕР КЛАСЫ

Биология | КІРПІКШЕЛІЛЕР КЛАСЫ

КІРПІКШЕЛІЛЕР КЛАСЫ
Дене пішіні алуан түрлі, тұщы немесе тұзды суларда мекендейтін, денесінде кірпікшелер болатын, мөлшері 10 микромиллиметрден 3 миллиметрге дейін жететін едәуір күрделі құрылысты бір жасушалы қарапайым жәндіктер кірпікшелілер класына жатқызылады. Бұлар еркін де қозғалады, кейбіреуі «отырықшылықпен» тіршілік етеді. Кірпікшелі жәндіктердің 1100-ден астам түрі бар деп есептелінеді.

КІРПІКШЕЛІ КЕБІСШЕ
Кірпікшелі кебісшенің тіршілігі, сыртқы құрылысы және қозғалуы. Көптеген кірпікшелі жәндіктер еркін жүзетіндіктен, сүйір денелі болып келеді. Солардың бірі – кірпікшелі кебісше. Кебісшенің пішіні расында да кебіске өте ұқсас. Оның бүкіл денесін жіңішке түк тәрізді өскін – кірпікшелер қаптап жатады. Бір ғана кебісшенің денесінде 10-15 мың кірпікше болады, осы кірпікшелердің әрқайсысы ескекше қимылдап, кебісше үздіксіз шапшаң қозғалады.
Кірпікшелі кебісшенің амеба немесе жасыл эвгленадан айырмашылығы: денесін жұқа, тығыз қабықша қаптайды. Қабықша майысқақ, иілімді болғандықтан, кебісше денесін еркін қозғап, әр түрлі қалыпқа келтіре алады. Кірпікшелілер тоқтау суларда, тоғанда, батпақты жердегі суларда кездеседі.
Кірпікшелі кебісшенің денесі өте күрделі бір жасушадан тұрады. Денесінің негізгі бөлігін цитоплазма толтырады да цитоплазманың ішінде бір үлкен және бір кішкене – екі ядро болады. Цитоплазманың сыртқы қабаты – тығыз қабықша, онда өте көп кірпікше өседі, ал ішкі қабаты сұйықтықтан тұрады. Кебісшенің алдыңғы жағы доғал, ал артқы жағы жалпақтау келіп, сүйірленеді. Оның қозғалып жүзуі де көңіл аударалық: кірпікшелер арқылы алға қарай жылжиды да бүкіл денесімен өз кіндігінен оңға қарай айналады.
Қоректенуі. Кірпікшелілердің негізі қорегі – бактериялар мен ұсақ ағзалар. Кебісшенің алдыңғы жағынан анықтап қараса, сопақшалау келген ойыс байқалады. Бұл - кебісшенің ауыз ойысы. Ауыз ойысы цитоплазмадан тар шұқырақ тәрізденген жұтқыншаққа жалғасады. Ауыз ойысындағы кірпікшелердің қимылымен судағы ұсақ тірі ағзалар және бактериялар кебісшенің жұтқыншағына қарай жылжиды. Қоректік зат цитоплазмаға түсісімен төңірегінде көпіршік түзіледі де асқорыту вакуоліне айналып, қоректі өзгеріске ұшыратады. Асқорыту сөліне оралған қорек түйірлері қорытылып, цитоплазмамен жайлап жылжиды да, қорытылмаған бөлігі денедегі тесік – қылаулатқыш арқылы сыртқа шығады.
Тыныс алуы және зәр шығаруы. Кірпікшелі кебісшенің тыныс алатын ерекше мүшесі жоқ, сондықтан бір ғана жасушадан тұратын денесіндегі жұқа қабықша арқылы өз айналасындағы суда еріген оттегін бүкіл денесіне сіңіріп, газ алмастырады, тыныс алады.
Кірпікшелі кебісшенің денесінде жиырылғыш, жұздызша тәрізді екі вакуоль айқын көрініп тұрады. Бұл вакуольдерге денедегі артық мөлшердегі сұйықтық жиналады. Вакуольдердің біреуі кебісше денесінің алдыңғы бөлігінде, екіншісі артқы жағында орналасады. Олардың мөлшері жинақталған сұйықтыққа байланысты, сондықтан көпіршіктің кейде пайда болып, кейде жойылып кетуі мүмкін. Кірпікшелі кебісшенің осы жиырылғыш вакуольдері зәр шығару қызметін атқарады.
Тітіркенгіштігі. Басқа біржасушалы жәндіктер тәрізді кірпікшелілер де сыртқы тітіркендірулерді қабылдап, оған тиісті жауап қайтарады. Олардың сезім мүшесінің қызметін кірпікшелері атқарады. Кірпікшелілер тітіркендіруге қимылын баяулату немесе тездету, сондай-ақ қимыл бағытын өзгерту арқылы әр түрлі әрекеттер жасайды.
Кірпікшелілер бөгде заттың жанасуына, ортадағы химиялық әсерге өте сезімтал, бірақ жарықты сезетін арнаулы органелласы болмайды.
Көбеюі. Кірпікшелілер қорегі мол болса, жазда көбеюге кіріседі. Көбею кезінде кірпікшелінің екі ядросы да біраз созылып, ортасынан қынала бастайды. Осы кезде кірпікшелі жәндік қоректенуін тоқтатады. Ядролар біртіндеп екі жартыға бөлінеді де, екі жаққа қарай таралады, сөйтіп жаңадан екі жасуша пайда болады. Әрбір жаңа жасушада жеке кірпікшенің жетімсіз мүшелері – жиырылғыш вакуоль, ауыз қуысы және басқалар түзіледі. Қолайлы жағдайда кірпікшелілер бірнеше жас ұрпақтар бере бөлініп көбейеді.
Циста түзуі. Суқоймалардың суы тартылған кезде кірпікшелілер де денесіне тығыс қабық түзіп, ұзақ уақыт қимылсыз жатады, бұл құбылыс кірпікшелілердің циста түзуі деп аталады. Цистада жатқан кірпікшеліні жел ұшырып, басқа суқоймаға түсіруі немесе бұрынғы орнына су толуы мүмкін, сондай кезеңде жәндік цистадан шығып, тіршілігін одан әрі жалғастырады.
18.10.2018
Вернуться назад