Сабалақ. Қазақ тілі, 6 сынып, қосымша материал. 3 сабақ
Абылайдың атасы «Қанішер Абылай» туралы әңгіме
Абылайдың атасы әуел баста «Абылай-Жолбарыс» атанған, оның «қанішер» атануына, шежіре деректеріне қарағанда, Қайып ханды өлтіруі себеп болған. Қайып та Есім ханның тұқымы. Насабы: Есім хан, одан Сырдақ сұлтан, одан Қысырау-Датқы, одан Қайып хан. Қайып хан Әз Тәукенің жанында жүріп көтерілген сұлтандардың бірі. 1715 жылдың жазында Әз Тәуке хан қайтыс болғаны деректерден белгілі. Осыдан кейін ұлы ханға ас беріліп, ел ағалары енді үлкен хандыққа Қайыпты дұрыс көреді. 1715 жылы Ресейге, Түркияға, Бұхарға аттанған қазақ елшілері Қазақ ордасында хан тағына Қайыптың отырғанын растайды. Қазақ мұрагерлік тәртібі бойынша билік ағадан ініге өтеді. Бірақ Қайып өзіне жүктелген міндетті орындай алмады, билік жүйесі әлсіреді. 1717 жылы Аягөз өзені бойында Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан отыз мың қолды бастап барып қалмақтан оңбай жеңілді. Қайып Түркістанға екі нөкерімен қашып келді, одан кейін қалмақтар дәндеп Арыс, Бөген, Шаян өзендеріне дейін келіп қазақты тағы да жаулады. Кейбір деректерге қарағанда хан билігін босатып алған Қайып Ресей көмегіне арқа сүйенбекші болады. 1716 жылы Тобыл қаласына келген Қайып ханның елшілері Байдәулет пен Бекболат егер орыс әскерлері қолдаса 30 мың әскермен қалмақты шабуға дайын екенін жеткізеді. Менің ойымша осы кездесуден кейін Түркістанға келген Никита Белоусов елшілігі Қайыпты көмектің болатынына үміттендірген сияқты. Басқаша Қайыптың 1717 жылы қалмақты Жетісудан бастап шаппай, Балқашты айналып барып Аягөз түбінен іздеуі түсніксіз болып қала бермек.
Ораз аталық – Абылайдың тәрбиешісі
Ораз аталық Қанішер Абылай тұсынан бастап осы әулетке қызмет жасаған тұлғалардың бірі. Кейін Көркем Уәлиге қамқор болып, ол Үргеніште өлгенде оның баласы, өзінің тәрбиесіндегі Әбілмансұрды алып қашып Қазақ Ордасына келеді. Мен Көкшетау маңында ескі сөзден хабары бар қариялармен осы тақырыпта әңгімелестім, бәрі де Ораз аталықты «жаугершілікте Абылайды жерошаққа тығып аман алып қалған» дейді. Қазақтың тарихи романдарында Ораз аталықты Абылай өлтірген-мыс деген әңгіме бар, бұл ешқандай шындыққа сай келмейді.
«Аталық» деген сөз сол заманда биік лауазым, мемлекеттік қызметкер. Шешіп айтсақ, аталық-хандардың ақылшысы, елшілік қызмет атқарушы, ханзадалардың тәрбиешісі. Өзі үшін жанын қиып, етектен қан кешіп Үргеніштегі қырғыннан алып қашып келген қамқорын, ақылшысын Әбілмансұр қалай өлтіреді ? Бұл жазушылардың кейде бір қиялға беріліп, күшті образ жасау мақсатынан шыққан жорамал. Ораз аталық жасы жетіп Көкшетауда, хан ордасы атанған Қызылағаштан 15 шақырым жерде өз ауылында, бала-шағасының алдында қайтыс болады. Ертеде ол жер «Оразбұлақ», «Аталықтың ауылы» аталған екен, қазіргі уақытта «Қарабауыр» атанады. Іздеген адам болса Бурабайдан тым алыс емес, таудың теріскей жағына ассаңыз 20-25 шақырым. Абылайдың тұқымы «Бабамның ауылы», «Бабамның жұрағаты» деп аса қастерлесе керек. Бұл сый Абылай тұсынан басталып Кеңес үкіметі орнағанға дейін жалғасқан.
Абылайдың «Сабалақ» атануы туралы
Қазақтың ауызша дәстүрі жас сұлтанды киімінің жалба-жұлба, шашы өскен, ұсқыны нашарлығына қарап Төле би «Сабалақ» атаған деген жорамалды ғана біледі. Мәшһүр «Абылай он екі жасар бала күнінде Оразаулық (аталық) деген сарт бар, екеуі Түркістан шаһарына келіп, Әбілмәмбет патшаға қызметкершілік қылады. Ол жерде орнығып тұра алмай, Ұлы жүз Үйсін Төле бидің түйесін бағып жүреді. Онда да байырқаланып тұра алмай Сарыарқаға шығып, Атығай-Қарауыл деген елдің ішіне келіп, Дәулеткелді байдың жылқысын бақты. «Атың кім?» деп сұрағанға: «Атым Сабалақ» депті» дейді. Бұл тым әсіреленген, қара халықтың өзінің түсінігіне ыңғайлаған жорамалы ғана.
Абылайдың туғанда азан шақырып қойған аты Әбілмансұр. Ресей мұрағаттарында «мусульманское имя Абиль-Мансур» деп жазылғаны сол себепті. Ораз аталық Үргеніштегі қырғыннан кейін Әбілмансұрды Түркістанға алып келгенін жоғарыда айттық. Әрине, аталық ханзаданың қауіпсіздігін ойлайды, сол себепті оны төрелердің қолына емес, қара қазақтың басшы азаматтарының бірі Төле биге апарып тапсырады. Қазақта ертеде кек қайтару деген жазылмаған ереже болған, төре тұқымдары арасында ол ереже тіпті қатал екені анық. 1748 жылы Әбілқайырды өлтіргеннен кейін Қырық сан Барақ сұлтанның жанын қоярға жер таппай қалмаққа қашпақ болған әрекеті, ақыры Қарнақта екі ұлымен бірге у беріп өлтірілгені бәрімізге белгілі емес пе?
Төле би ханзаданы жауларынан жасырып елден алысқа-түйешілері мен жылқышыларына қосып жібереді. Ол кезеңде жылқышылық қазақтың жауынгерлік мектебі есебінде. Бәз біреулер жазып жүргендей қазақта арнайы әскери мектеп болған жоқ. «Сабалақ» Әбілмансұрдың осы кезеңде алған жасырын лақаб (инкогнито) аты. Қанішер Абылайдан қалған жалғыз тұяқты сақтаудың басқа амалы болмаған сияқты. М-Ж.Көпейұлы шежіресіне қарағанда Әбілмансұр туралы Бөгенбай батыр мен Бұқар жырау да білген. «Абылайхан» дастанында «Бір күні жылқы ішінде отыр еді, Екі баран, бір қызыл атты келді, Сөйтсе олар –Қанжығалы қарт Бөгенбай, Келіпті Төле бидің ауылын сұрай» делінеді. Төле би Әбілмансұрды мақтап «қас төренің қалыбы екен, патша ізетті екен» деп қазақтың үш кемеңгері жас ханзаданың одан әрі тәрбиесімен айналысады. Ол кезең қазақтың бірлігі бұзылып, жан-жақтан анталаған жау қасқырдай тартып жатқан «Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұлама» заманы. Қазақ мемлекетінің болашағын ойлаған азаматтар төре тұқымынан елдің басын құрап, үш жүздің атының басын бір кезеңге жеткізетін тұлға іздейді. Әбілмансұр ел алдындағы жауаптылықты он екі жасынан бастап арқалап өсті деуге болады.
Қосымша дереккөздері:
- Абылай хан туралы аңыздар https://www.inform.kz/kaz/article/2760991
- Абылай хан. www.inform.kz/kz/abylay-han_a2182939
- Абылайханның өмірбаяны www.zharar.com/kz/biography/3591-abylay-khan.html
- Абылай хан: аңыз бен ақиқат http://ult.kz/post/abylay-khan-anyz-ben-akikat
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» Грузия қазақстандықтарға білім грантын бөлді
» Қазақстандықтар шетелге қай мезгілде жиірек шығады
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды