DataLife Engine / Шоқан Уәлиханов: ЫСТЫҚКӨЛ САПАРЫНЫҢ КҮНДЕЛІГІ

Шоқан Уәлиханов: ЫСТЫҚКӨЛ САПАРЫНЫҢ КҮНДЕЛІГІ

18 сәуірде біз Семейден Аягөзге бет алдық. Казак бекеттері арқылы өтетін жол (олар станция қызметін де атқарады) сусыз сортаң далада жатыр. Біз мұнда бірінші рет көк шөп көрдік. Біз шыққан күні жылы болды, бозторғайлар өздерінің әдеттегі әніне салуда. Сулы шалғындарда бізге әртүрлі үйректер кездесті, әсіресе, Каспий теңізінде болатын тұрпан немесе атайка деп аталатын түрі жиі кездесті: олар тұзды суды жақсы көреді және осындай шөл далаларда ұшырасады, көбіне топталып емес, жеке - ұрғашысы мен еркегі болып жүргенді жақсы көреді. Өсімдіктерден тек қарапайым мал жейтін шөптер: жабайы аскөк пен бақбақ ғана көрінеді. Біршама жетіліп өскен тобылғы мен қараған көп болды, бірақ жаңа жапырақ жайып келеді.

Аягөз жолындағы бекеттердің барлығында құдық суын ішеді: Аягөзге дейін олардың саны алтау.

Бұл сортаң аймақ Аягөзге қарай өрлеп, Арқат төбесіне айналады, одан ары қарай төмендей бастайды. Қалай болғанда да Аягөз ылдиы Ертістікінен жоғары. Арқаттың қырлы жоталары көгілдір сілемденіп алыстан менмұндалап, көңілсіз әрі тірі жан жоқ жолды сәл де болса әрлендіреді. Арқат таулары жайылымға жақсы екенімен танымал, сондықтан мұнда Аягөз округы наймандары мен уақ болыстарының қыстаулары шоғырланған. Бұл жерде бізге дейін және біз өтіп бара жатқанда жүз үйден аса сарт өтті. Өздерінің айтуынша, олар бұл жерде 70 жылдан аса көшіп жүр. Алғашында оларды көшпенділікке күнкөріс үйреткен. Семей арқылы азиялық өнімдерді саудалай жүріп, керуендерді жөнелту үшін олардың өз жылқылары мен түйелері болу керек еді - оларды бағып-жаю қажет, оған қоса олар қымызды жақсы көреді, міне осыдан қазақтардан жалға жер алып, бірнеше отбасы болып киіз үйде тұрған. Бүкіл Азияға тән көшпенді, еркін өмір оларға ұнап, аз уақытта олар 150 үйге көбейді. Генерал губернатор оларды қашқындарды жасырып, контрабанда жасайды деп күдіктеніп, Арқаттан кетуді бұйырады. Олар Ресей боданына өткеннен соң, не мещандар деп жазылуға, не бұл арадан кетулері керек болды. Олар, шамасы, соңғысын жөн деп тапса керек.

20 сы күні*1 түнде мен Аягөзге келдім. Аягөз - шағын станица, наймандарды басқаратын округтік приказ да сонда орналасқан. Оның негізі 1824 жылы2 қаланған. Қазақ даласындағы барлық станицалардың ішінде Аягөз көзге ең қорашы сияқты, дегенмен, Көкпекті одан асып тұрған жоқ деседі. Бірнеше ағаш үйлері бар шағын бекініс, фортштадт, татарлар тұратын бөлікте орналасқан мешіт және жеркепелер. Жаңа ереже бойынша, Семей облысы құрылғаннан бері, ол қала деп аталады және бірнеше шалақазақ оның азаматтары. Шалақазақтар3 - яғни, жартылай қазақтар деп Орта Азиядан шығып, орыс бодандығына өткен және қазақ болыстарына қазақтармен бірдей құқықта жазылған адамдарды атайды. Олар даланың шығыс округтерінде өте көп: Аягөз, Көкпекті және Ұлы жүзде. Бұл атау біздің сапарнамада жиі кездесетін болар, сондықтан біраз шегініс жасасақ, кешірім өтінеміз.

P. S. Аягөз округындағы найман руы туралы.



Кешке біз Аягөзді артқа тастадық, сосын Аягөз өзенінің Тумырза деп аталатын саласынан өтіп, өзеннің оң жақ таулы-тасты жағлауымен өрлей отырып, түнге жақын Қапал жолының бірінші бекеті - Ескі Аягөзге келіп жеттік.

Аягөз өзенінің бойынан біз анағұрлым жанданған табиғатты көрдік. Дала тұтасымен жасыл желектің ашық түсті кілеміне ораныпты. Қараған, тобылғы, тал терек жапырақтар жайып, күннің көзі де біршама жылынып, оңтүстікке тән алаумен қыздырып тұр. Жабайы аскөк тау бөктерін жауып тұр, бойы ұзарып өскен. Қалың өскен ырғай, тал, мойылмен көмкерілген, арасынан теректер сорайып көрінген өзен жағалауы шидің ақ басы және сирек қара топырақты шұраттарда қараған мен тобылғыдан басқа ештеңе жоқ сортаң жермен жүрген үш күндік сапардан кейін4 өте жағымды әсер қалдырды. Жағалауға жақын жерлер жайылымдық және шабындық шөпке бай, ал жағадағы орман қысқы боран мен дауылға жақсы қалқан. Қазақ аңыздарында Аягөздің жайлы ағысы мадақталатыны бекер болмаса керек.

Өзін қоршаған иен дала мен сусыз шөл далаға қарағанда, Аягөз расымен-ақ жұмақ болып көрінеді. Оның көк шөп пен шалғынға толған солтүстік жағалауы орыстар мен олардың бекеттері болмаған кезде, қазақтардың үнемі көшіп-қонып жүретін қонысы болғаны анық. Қазақтар казактармен көрші болудан қорқады. Бұл әлденеге негізделген бе, жоқ па белгісіз, бірақ сақтық мақтауға тұрарлық қасиет. Мен Аягөзді өте жақсы көремін және сүйсінемін, Баян Сұлудың алтын айдарлы Қозы Көрпешке деген махаббаты туралы аңыздың оқиғасы осы жерде өткені де бұған аз себеп болмаса керек.

Сапарымыздың желісін ары қарай тарқатайық. №2 бекетте біз оң жағалауға ауыстық. Бұл кезде түн болатын. 4 ші нөмірге жетпей, 10 шақырымдай жерде қазақтар жырында айтылатын әйгілі Қозы Көрпештің моласы5 тұр. Біз поэманы жақсы зерттегенбіз, сондықтан олардың моласын көргіміз келді. №2 бекеттен шыққан уақыт бойынша Қызылқия бекетінен түнде өтуіміз керек болатын. Бірақ біз таңертең сонда тұрып*2, молада шай ішкіміз келді: жолда шай ішкен жақсы, әсіресе, ескі қирандылар мен молаларда. Өткен туралы ойлайсың, бүгінгіңді аялайсың. Осы мақсатпен жәмшікке тек таңертең, күн көтерілген кезде, бозторғай алғашқы әнін шырқап, түн пердесі түрілгенде, түнгі бұлттар солтүстікке ауып, батыстан*3 таңғы қызғылт күн көтерілгенде, жарық ағаштардың бұтағына түсіп, су керемет тамаша түске енген кезде, осындай поэтикалық сәтте моланың басында болуды тапсырдық.

Адам жобалайды, бірақ Құдай шешеді. Түні бойы жаңбырдың ірі тамшылары жеңіл арбаның шатырын ұрғылап тұрды. Шаршаған аттар, батпақта аяқтарын әзер басып жүріп келеді. Тек шыбықтың шартылдаған дауысы мен шаршаған аттардың пысқырынуы, делбешінің айғайы ғана жаңбырдың бірсарынды дыбысын бұзып тұрды.

Нашар түн болды, сондықтан жүру де қиындады. Жаңбыр ойлаған жоспарымызды бұзбасын деген күдік, алаңдаумен жәмшікке бірнеше рет: «қалай, аспан ашылмады ма?» деп сауал тастадым. Суық сүйегіне дейін өткен делбеші «Жоқ!» деп күңкілдей жауап берді де, тағдырға назаланғандай «Не боп кетті, брр...» деп тізесіне жиналған суды төкті. Менің оған жаным ашыды, тезірек жүрсек, ол баяғыда жылы пешке қыздырынып отырар еді. Баян сұлудың естелігін көрмей кету де обал.

Осылайша біз бір сағат жүрдік.

- Мәртебеңізге құлдық, - деді жәмшік, - міне мола!

Мен басымды шығардым. Күннің көзі түнерген бұлттардан шығып келеді, аспанды сұр бұлт басқан, бұрынғысынша жаңбыр жауып тұр, көбіктенген аттар батпақты сортаң жермен әзер жүріп келеді, өзеннің сол*4 жағында тобылғылардың арасынан моланың үшкір басы көрінді: ол қызыл кірпіштен қаланған болып көрінді. Мұндай ауа райында шай ішіп, қазақтардың ескерткішін тамашалау туралы ойлаудың өзі артық еді.

- Шамасы, өзен де арнасынан шығайын деп тұр, жоғары мәртебелім, - деді жәмшік менің ойымды оқып қойғандай.

- Олай болса, жүре бер, қайтар жолда қарармыз, - дедім мен, сосын тонға оранып, ұйықтап алайын деп көзімді жұмдым.

Өзағаш бекетінде шай іштім. Өзеннің солтүстік жағалауы жайылған лай су мен сортаң басқан дала. Аягөздің жағалауын бойлаған жолмен өзеннің арнасынан шығуы себепті жүру мүмкін болмады. Біз айналып жүрдік. Алдымызда тегіс сортаңды батпақ дала жатты. Шидің ақселеу бастары шоқтанып өсіп тұр, тіптен көп. Әр жерде қарайып шеңгел, баялыш, көкпек, бүрген өсіп тұр. Осылайша біз 25 шақырымдай жүрдік. Ақыры Арғанаты жотасына шықтық. Мұнда өсімдіктер табиғаты өзгеріп сала берді. Тығыз топырақты жота беткейі жабайы аскөк пен казактар жабайы шомыр деп те атайтын өсімдікке ұқсас шөпке бөленген. Осы таудың ортасында атауын содан алған бекет тұр. Бекеттің артында сәбізшөп пен жабайы сарғалдақ өседі. Лепсіге қарай жотаның баурайында жабайы шомыр мен тобылғы, ал ары қарай жазық далада рауғаш, сарымсақ, жусан мен көкпек қаулап тұр. Рауғаштың көптігі соншалық, тұтас дала қып-қызыл түске боялған. (Станцияға жақын) көтеріңкі тұста тобылғы, ұсақ қараған мен сарғалдақ кездесті. Аягөзден Арғанатыға дейін, одан ары Лепсіге қарай жайылымдық шөп мүлдем кездеспеді. Бұл жерлерде көшпенділер өмір сүріп, қонбаған, оны көшпенділерден [қалған] бірден-бір ескерткіш - моланың жоғынан байқауға болады6, Аягөз бен Лепсі және басқа да өзендер бойында көп кездесетін зираттардың молдығы олардың*5малға жайлы екенін дәлелдейді.



Қозы Көрпеш Баян сұлу моласындағы балбал тастар. Шоқан Уәлихановтың қауырсынмен салған суреті, 1856 ж.

(309 бет)



Станцияның орта тұсында, Лепсіге тақау, Арғанаты бекетінен Лепсіге қарай жоталар тізбегі басталады, одан әрі жер бедері мүлдем өзгереді. Жоталар тізбегінің оңтүстік жазығында қамыспен көмкерілген көл жатыр. Жазда ол кеуіп кетеді, көктемде Лепсі тасығанда суға толады.

Біз бұл жерге кешке келдік. Қаздардың қиқуы мен бақаның бір ерекше түрінің айғайы жағымсыз болғаны сондай, құлағымызды тығындауға мәжбүр болдық. Өзеннің жағалауында, тау жақта, Лепсінің сағасына қарай қазақ молалары көрінді. Олар сансыз көп. Жолда қыстаулардың жұрты байқалды және біз келгенде, ауыл отырды. Молалардан байқалғандай, бұл орындар көшпенді рулардың жиналатын жері болса керек. Қазіргі қазақтар Балқаштың қамысын қыстайды, ал жазда тауға көшеді, бұл жерде сәл дамылдап, міндетті түрде он күндей тынығады. Осы көлден Лепсіге дейін (он шақырымдай жер) бәрі құмға бөккен. Құмдар сусымалы. Қамыс, шилер өте көп, ара тұра көкпек, шеңгел, ақтасты*6 кездеседі, бары осы. Құмда тасбақа мен жыландар өте көп.

Осында Лепсінің ағысы басталады. Лепсі бастауын Алатаудан алады да, Балқашқа құяды. Оның суы терең. Жағасында біршама қалың орман өседі - тал-терек, жиде, жыңғылдар. Сағасы қалың және биік қамыспен көмкерілген. Қамыста түрлі құстар болады және жолбарыс кездеседі. Бірде жолбарыс бекетте тұрған қарауылды талап тастағаны болған.

Оның климаты*7 әжептәуір құбылмалы. Ақпанның аяғында онда қар болған жоқ, сондықтан рождество*8 мерекесіне қарай олар*9 қаздардың жұмыртқасын жеген. Осы алқапта бүйі мен сарышаяндар бар деседі. Бірнеше жыл бұрын бұл өзен орыс иеліктерінің оңтүстіктегі шекарасы болған және одан өтуге қатаң тыйым салынатын, ал қазір... Қазір жағдай басқаша!

Түнде Басқан арқылы өтіп, тек таңға қарай Ақсуға жеттік. Ақсу арқылы Лепсідегі сияқты өткел бар.

|| Ақсудың ағысы жылдам, оның жағалауы кей жерде терекпен көмкерілген. Жағалау тегіс, Лепсіге қарай жазық дала, дәл сондай дала Қисықауызға дейін созылып жатыр.

Ақсудан біз Алатаудың қарлы шыңдарын көрдік. Бұл таулардың алыс сілемдері көгілдірленіп аспанға ұласып кеткендей көрінді. Кей жерлерде шыңдар бұлттан асып көрінеді. Көтеріліп келе жатқан күн оларға қызғылт түсті сәуле шашады. Ғажайып көрініс. Қисықауыз Алатаумен салыстырғанда, жүзжылдық еменнің көлеңкесінде өскен шөп сияқты. Біз жүрген дала тегіс, біреу әдейілеп таптағандай және онда жусаннан басқа ештеңе жоқ. Оң және сол жақтан дөңгелек және қамал тәріздес молалар көрінеді, көпшілігі күмбезді. Жолда жылқылардың үйірі мен қойдың отары кездесті, алыстан қазақ үйлер қылаңдады. Бізді көрген қазақтар алысырақ кетуге тырысты, біз сұлтанның қонысы қайда екенін сұрайық деп малшыны тоқтатқанда, ауылдағы әйелдер шу көтерді. Ауыл шулап кетті. Әйелдер бір үйден екіншісіне жүгіріп, біреудің атын атап шақырды, шамасы биді болса керек.

- Олар менің қойымды алып кетті, - деді бір ащы дауысты әйел, шамасы, өзі солай болжаса керек, - менің кезегім емес қой, - деп шыңғырды ол.

Біз әрі қарай кеттік, ауыл тыныштала бастады. Тек жаңағы әйелдің ащы дауысы ғана бізге жетіп тұрды, күмән жоқ, қойын орыстардан сақтап қалғаны үшін ол Аллаға алғыс жаудырып жатыр.



Аякөз өзені жағасындағы балбал тастардың профилі

Ш. Уәлихановтың қауырсынмен салған суреті, 1856 ж. (309 бет)



|| 15 мамыр. Шелек өзеніндегі түнемелік.

Шелек өзені бастауын Алатау тауының орталық биіктігінен алады, сол жерден Талғар өзені де басталады, сосын таудың ортасын жарып батысқа*10 қарай, Жіңішке өзеніне құлайды; сосын Ілеге құйғанша солтүстік шығысқа*11 қарай ағады. Оған құятын немесе дұрысы оны құрайтын шағын өзендер - Қуғантөр, Деле Қарағайбұлақ, Сүттібұлақ, Үшбайсорын, Күдерге, Құрменте, екі Сарыбұлақ (Күлді Сарыбұлақ, Асу Сарыбұлақ), Сатылы және Қарабұлақ, сол жақтан Үшбұлақ, Текжол, Жіңішке, Сарыбұлақ және Асу*12. Шелектің ағысы арқылы келесі асулар7 өтеді: Қуғантөр мен Деле Қарағай. Шелекке оң жақтан құятын барлық өзендерден атпен өтуге болады. Тек Құрментіден ғана маусым мен тамыз айларында түйелер өте алады.

Шелектің ағысы барынша жылдам, жылдың барлық уақытында оның суы үнемі толы болады және ол біршама көп жерге жайылады. Ол тау басындағы қар суынан маусымның аяғында тасиды да, тамызға дейін, қазақтар айтқандай тары жинайтын уақытқа дейін созылады. Шелектің жоғарғы ағысы қазақтардың үнемі қыстайтын мекені, ерте кездерде Қарабұлақтан Үшбайсорынға дейін сарыбағыштар мекендеген, қазір онда албандық қызылбөрік руы қоныстанады. Қыс кезінде малды жайып, бағуға өте қолайлы деп Бақалы шатқалы саналады, ол Жіңішке мен Сарыбұлақ өзендерінің ортасында орналасқан. Бақалы - бақаның көп жері деген мағына береді. Сарыбағаш руынан шыққан бір қырғыз мені манап Үмбетәлі сол жерде қыстағанда, бір бастауда қыс бойы бақалар бақылдаған деп сендірді. Оның айтуынша, бақалардың терісі аппақ, ал үлкендігі жұдырықтай болыпты. Қазақтар да осылай дейді. Шелектің жоғарғы жағында бетегеден8 басқа шөп өспесе де, сақылдаған аязды қатаң қыс, қалың қар мен ұйытқыған боран ешқашан болмаған, қалай болса да жасы 80 ге келген шалдардың есінде жоқ.

Шелек бойындағы Алатау қалың шырша орманына бөккен. Шелектің жағалауындағы алқаптарда мал жейтін шөп жоқ, тек жусан мен қызғалдақ бар, бірақ өзеннің жағасы тал, жиде ағашы, тобылғы, жыңғылға толы. Бұл бұталар өзеннің маңында қалың, жап-жасыл алқап түзеді. Өзен ағысының орта тұсына оны қоршаған талдардан биік орман түзіледі. Қазақтар оны Бауағаш9 деп атайды. Ілеге құяр тұста ол қамыс пен сексеуілге оранады. Шелек пен Іленің Қаратұрыққа дейінгі арадағы бұрыштың жағалауында, далалықтар айтқандай, жақсы шабындық жер бар. Бұл жерден тауға дейін тек шеңгел мен ши өседі.

Қаратұрықтан Шелекке қарай жүретін жолда сол жақта сулы сай бар, ол бір батырдың моласы бойынша - Қорам деп аталады. Ол жолмен қатарласа орналасқан. Оның Шелекке жететін аяғы батпаққа айналған, жайылым шөбі көп өседі. Оның екінші жағындағы құрғақ жерде қамалдардың қирандысы, дұрысын айтқанда, қазылған ор орындары жатыр, қасында құдық бар. Қазақтардың аңызы бойынша, мұнда қалмақтардың бекінісі болған және Абылай хан оны қиратып, Шелек алқабын жаудан тазартқан. Шелектің өзінде, Бауағаштан жоғары жерде одан да үлкен қорғанның үйінділері жатыр10. Маған сарыбағыштар айтқандай, марқұм Орман батыр осы жерлерде көшіп-қонып жүргенде әйелдер мен балалар сол жерлерден інжу, маржан, лағыл, моншақ тағы басқа бұйымдар тапқан. Менің өзім алғашқы балшықтан жасалған құман мен қыш құмыра сынықтарын тауып алдым.

Шелектен Ыстықкөлге керуен жолы Темірліктен Қарқараға қарай өтеді, жүруге соншалықты қолайлы емес, келесісі Шелектің жоғарғы жағымен Сөгеті11 тауы арқылы осы аттас асудан өтіп, Торайғыр тауымен жүріп, одан әрі үш Меркіден Қарқараға шығады; Шарын алқабынан Қарқараға қарай Темірлік жолы Меркі жолымен бірігіп, жалғыз өткел (үлкен керуендер үшін) Санташ арқылы өтеді.

Темірлік жолы анағұрлым қолайлы, тіпті арбамен жүруге болады. Жалғыз кедергі - Темірлік өзенінің ағысынан пайда болған сай. Сөгеті және Меркімен өтетін жол түйелерге ыңғайлы, бірақ арбаға қиын. Біздің жасағымызда бір арба мен кішкентай тау зеңбірегі болғандықтан, біз түйеге арба мен зеңбіректі артып, Сөгеті асуын таңдадық.



16 мамыр. Сөгеті тауы, Қарабұлақ бастауындағы түнемелік.

Шелектен оның ағысын бойлап Сөгеті асуына беттедік. Сөгеті - батыста Сөгеті тауын Бөгетіден бөліп, оның шығыс жағына жапсарласып жатқан шатқал. Сөгеті деген атау қазақтар түсіндіргендей, соқмақ - үйрлеу деген етістіктен шыққан. Онда үнемі қатты жел соғады. Бөгеті бұғы деген сөзден шыққан. Онда бұғылар көп.

Осылайша, біз алдымызда Сөгеті тауы, оң жағымызға Сөгетіні Асы мен Сауысқандық тауларынан бөлетін Шелек өзені ағатын шатқалды алып, тура оңтүстікке қарай жүрдік. Тура осы арада Шелекке сол жақтан Асы өзені қосылады, ол Асы тауын Сауысқандық тауынан бөліп тұрады. Асы өз бастауын Алатаудың бір сағасының батыс қыратынан алады, оның солтүстік-шығыс жағынан Түрген шығады. Асының жоғарғы жағы таулы қыраттан шыққанда, шағын жазық түзеді, ол «Асының жайлауы», немесе Аралтөбе деген атпен танымал. Шелектің алқабымен, тауларға қарай сар далада қазақтар құнарсыз топырақты қанша жыртып, баптаса да, жусан ғана өседі.

Шатқал арқылы өтетін жол қатты жаңбырдың кесірінен қазылып, бүлінген. Біз басқа жолмен тау басына Қарабұлақ және Үйтас бастауы арқылы өтуге тиіс болдық. Бұл асу тік және арбаға қиын болды, бірақ біздің жасақ пен түйелеріміз көп кедергіге ұшыраған жоқ. Оның солтүстік баурайында бір тік жер бар және қия беткейге қатарласа бір сүрлеу жатыр. Жалпы, шағын күш жұмсап, оны арба жүруге қолайлы етуге болар еді. Біз оның оңтүстік баурайында, Қарабұлақ маңында түнедік. Тауда ырғай, сарыағаш көп болды, алма ағаштары да кездесті. Күн жаңбырлы, суық болды.

17 мамыр. Торайғыр тауының теріскей жағы. Айыр асуы және сол аттас бұлақ.

Сөгеті тауынан Торайғыр тауына қарай еңкейген үстірт арқылы Айыр асуына шықтық, дәл көтерілер тұста жаңбыр бізді тоқтауға мәжбүр етті. Біз [Торайғыр тауының солтүстік баурайында] түнедік, дегенмен сәл жүргенде күнгей жағына шығуға болар еді. Теріскей -таудың солтүстік немесе [солтүстік] батыс баурайының жалпы аты, күнгей - оңтүстік немесе [оңтүстік] шығыс баурайы.



Іле өзенінің алқабы, Іле Алатауы, Бөгеті және Торайғыр тауларының көрінісі. Ш. Ш. Уәлихановтың күнделікте қауырсынмен салған суреті

(314-бет).



Сөгеті тауына өрлейтін осы тау арсындағы тар алқапта рауғаш көп болды, ал Торайғыр тауына қарай еңкейген бөктерде бірыңғай жусан мен бетеге өседі. Рауғаштың гүлдеп біткен шағы екен, тіпті жапырақтары қызарып кеткен. Оң жақта, біздің жолымызбен қатар Шелек өзені ағып жатты. Оның ағысы, яғни Сөгеті мен Торайғыр арасындағы ағысты қазақтар Бартоғай шатқалы12 деп атайды, сол жақта біздің жолымызды бойлай, жазықпен Шарын ағып жатты.

Шарынның Бөгеті мен Торайғыр таулары біткен жердегі ағысын қазақтар Сарытоғай13, ал оның Бірінші Меркі құятын жерден Сартоғайға дейінгі араны Ақтоғай14 деп атайды. Бұл түнемелікте кеш суық болды, жел күздегідей соқты. Түні бойы қардың қатты жауғаны соншалықты, Алатаудан Іле жазығына дейінгі барлық алқап қыстағыдай аппақ болып жатты. Аяз қатты болды, біз тонға оранып, киіз үйге от жақтық. Суық Реомюр бойынша 50 болды. Міне, Торайғыр тауынан қарағанда жоғарыда айтылған үстірт пен төңіректің көрінісі.

Торайғыр - торы түсті айғыр деген сөз. Қазақтардың аңызы бойынша, олар осы арадан қалмақ жоңғарларды қуған кезде, осы таудан торы айғыр тауыпты.



Шарын және Мерке өзендері алқаптарының көрінісі.

Ш. Ш. Уәлихановтың күнделікте қауырсынмен салған суреті (315-бет).



Торайғыр - албандардың тамаша қыстауы. Елдің айтуынша, онда мүлдем қар болмайды, ал болса да, аз жауып, тез еріп кетеді. Ең қатаң қыс пен жұтта мал тек қына жеп күйлі шығады - шөптің күштілігі мен топырақтың құнарлығы сондай. Сондықтан қазақтар мұны жұғымды жер деп айтады. Мамыр айында біз Құдайдың құдіретімен осы құнарлы жерде қар жатқанын көрдік. Қардың көп болғаны соншалықты, оның мүлдем еріп кетуі үшін үш күн қатарынан күннің көзі шыққаны керек болды, біз үшін уақыт қымбат болды, сондықтан біз келесі таңда аттанып кеттік және [Торайғыр] тауының күнгейіндегі Сұлу Қарашоқы шатқалында сәл дамылдадық.

18 мамыр. Торайғыр тауының күнгей [жағы]. Сұлу Қарашоқы шатқалындағы бұлақ.

Айыр асуы Сөгеті сияқты тік болмағанымен, жолда жатқан дәу тастар оны арба өтуге қолайсыз етеді. Бұл жартастардың негізін құрайтын тастар ұсақ құмдар, ондай тастармен Финляндияда жолдарды төсейді.



Рауғаш. Ш. Ш. Уәлихановтың суреті. Қарындаш. 1856 ж.

(316 бет)



Ырғай, аршагүл*13, арша және өзге тау бұталары көп болды. Мен мұнда бірінші рет қазақтар рауағаш немесе рауғаш деп атайтын қымыздықтың ерекше түрін кездестірдім. Бұл өсімдіктің кеуек діңіне дәмі жағымды қышқыл шырын тұнады. Оның жапырақтары кәдімгі қымыздықтың жапырақтары тәрізді, бірақ тым үлкен. Дәмі анарға ұқсайды.

Таудан шыққан соң біздің алдымыздан оңтүстік батысқа [және] Қулық тауына бағытталған алқап ашылды. Бұл алқап солтүстікте Қулық тауларымен, солтүстік шығысында Меркімен, оңтүстік шығысында Алатаумен, оңтүстігінде - Алатау және Жіңішкеде Шелек өзенімен, оңтүстік-оңтүстік батыста Үшқұмбел қыраты, ал оңтүстікте Торайғыр қыратымен15 шектеседі.



Жайрандар. Ш. Ш. Уәлихановтың суреті. Қарындаш. 1856 ж.

(317 бет)



Біздің түнемелігіміздің оң жағында Шелек ағып жатты. Оның Алатауды жарып өтетін шатқалы және сол жерде Шелекке құятын Жіңішке өзенінің шатқалы біздің алдымызда жатты. Сол тарапта Шарын, дәлірек айтқанда, Ақтоғай алқабы, ал оның алдында оңтүстік шығыста Қулық пен үш Меркі ағатын қыратпен жалғасатын, Шарынға құятын мүйіс байқалды. Біз осы жазыққа қарай жүрдік. Алқап Меркіге қарай биіктей берді. Оның барлық жерін шөп басқан. Ол шөпті қазақтар шытыр деп атайды. Бұл шөптің екі түрі бар: біреуі бұтақтары ұзын, қиғашталған, сары түсті; екіншісі - ақ түсті, басы үлкен, бұтақтары түзу, цилиндр тәріздес, бірақ қойдың мүйізі сияқты ирек және жапырақтары тілімделген. Бұл екі түрі де мал жеуге таптырмайтын шөп, төрт түлік одан жақсы семіреді, әсіресе қой.

Бұл алқапта жайран деп аталатын киіктер көп. Қазақтар бұл жануарды қарақұйрық16 деп атайды.



Бөкеннің лағы. Ш. Ш. Уәлихановтың қарындашпен салған суреті

(318 бет)



Кавказ бен Даурияда оны дайран деп атайды. Қырғыздар және Іле қалмақтары оны жирен деп атайды. Олар [бөкендер] мамырда қоздайды.

Қазақтар бірнеше қозықаны ұстап алды, сөйтіп біздің жорық дастарқанымызда осы жануардың етінен жасалған тағам пайда болды.

19 мамыр. Бірінші Меркі өзені.

Біз Алатау мен Қулық жотасын жалғастыратын қыратқа шыққанда, алдымыздан жартасты сай пайда болды. Оның түбінде жіңішке жіп тәрізді ирелеңдеп Меркі ағып жатты. Биіктен өзен өте әдемі көрінді: жасыл және тегіс сайдың арасынан көгілдірленіп өзен ағуда, оның жағалауы екі жақтан талмен көмкеріліп, тоғай жасап тұр. Меркілер (олар үшеу) Шарынға құяды, өз бастауын Алатаудан алып, қыраттың бойымен шатқал жасай ағады және Шарынға құйып, Шарын осы шатқалдың енін кеңейте отырып, Қулықты айнала өтіп, солтүстікке бұрылып, Ілеге құяды.

|| Біз Бірінші Меркінің Шарынға құяр тұсына түнедік.

Меркіде арқар мен тауешкілер өте көп. Мен оларды атып көрмек болдым, бірақ сәті түспеді. Арқарлар ерте қоздайды, Қапалдың өзінде кішкентай төлін көргенмін.

Ешкілер лақтарын сәуірдің аяғында қалдырады. Жалпы Алатау ешкі, арқар, маралмен аты шыққан. Қарақұйрықтар тек жазықта кездеседі. Мен бұл жерден құстардан: жабайы кептер, көгершін, қазақтар...*14 деп атайтын қара қарға, кекілік деп аталатын шілді, ементұмсық*15, тау қараторғайы*16 (қызыл қанатты) мен суықторғайларды көрдім. Жыртқыш құстардан біз қонған жерде лашын және қозықұмайдың ерекше бір түрі, қанаттарының ұшы қара, аяқтары қызыл құс қалықтап жүрді.

20 мамыр. Шырғанақ өзеніндегі түнемелік.

Бірінші Меркіде біз киіз үй тігу үшін қарды тазалауға тиіс болдық. Кешке қарай, аспан бұлттан арылғанымен, солтүстік шығыстан қатты жел соғып, салқындап кетті. Таңертең жолға шықтық. Қар бүкіл аймақты басып қалыпты. Күн ашық болып тұрды. Біз қарай алмадық: күн сәулесінің аппақ қармен шағылысы көзді шыдатпады. Үш Меркіден өту қаншалықты қиын болғанмен, жасақтың біріге күш салуымен артиллерия арқанмен тартылып алынды.

Екінші Меркі құятын жердегі құздар арасындағы Шарынның көрінісі өте тамаша. Құз жартас болып келетін тік жағалау, үшкілденген шыршалар жартас астында да, басында да өскен. Төменде шулап, көбіктеніп, толқынданып Шарын ағып жатыр.

|| Екінші Меркінің ені анағұрлым тар және ағысы да баяу. Оның өткелі біріншісіндей тік емес. Үшінші Меркіде біз аттарға тыныс беріп, түскі ас іштік. Үшінші Меркінің ағысынан пайда болған алқап біршама кең әрі батпақты.



Шарын өзенінің шатқалындағы керуен. Ш. Ш. Уәлихановтың күнделігіндегі сурет. Қауырсын. 1856 ж. (320 бет)



Бұл өзен тіпті Бірінші Меркіден терең, суы көбірек. Оның жағасында өсетін талдар өзгелерге қарағанда қалыңдау. Мұнда жапырағы талға ұқсайтын бұта ағаш өседі, бірақ долана сияқты тікенегі бар, қабығы да доланаға ұқсайды, бірақ сәл күңгірттеу. Қазақтар оны шырғанақ17 деп атайды. Ағаштың түсі қызғылт, сондықтан қазақтар одан қаруға дүм*17 жасайды. Оның жемісі бүргенге өте ұқсас.

Үшінші Меркіге көтерілу өте оңай. Бірінші және Үшінші Меркінің арасындағы жартастарда мынадай бұталар өседі: ырғай, сарыағаш, сары гүлді және ұсақ жапырақты раушан гүлі, жапырақтары кішкентай биік қараған (қазақтар оны борқараған деп атайды), аршагүл, ұшқат, қызылша (жуан жапырақты қырықбуын тәріздес, қазақтар оның күлін насыбайға қосады). Меркі шыңы маңында, Шелекке құятын Асыға дейін, қарлы шыңдардан төмен құрылысқа жарамды шырша өседі. Біз қыратты асқанда оң жағымызда*18 Қоюлық, сол жағымызда*19 Алатаудың негізгі жотасы жатты. Қоюлықтың аяғын оның шығыс жағынан бастау алатын Шарын айналып өтеді. Осы мойнақта үш Меркі де Шарынға құяды.



Бұғы тайпасының бас манабы Боранбай. Қарындаш. 1856.

Ш. Ш. Уәлихановтың суреті

Ұлы жүздің сұлтаны Мамырхан Рүстемов. Қарындаш. 1856.

Ш. Ш. Уәлихановтың суреті



Үшінші Меркенің Алатаудан бастау алатын тұстағы өткелі Тобылды Асу деп аталады. Бұл Ыстықкөлдегі негізгі үш дефиле*20, асудың бірі. Біз жүрген жолда ол бұрыс қалды, біз бұғу руы мекендейтін Қарқараға жетуге тиіс болдық. Тобылды Асу, білетіндердің айтуынша, дөңгелекпен жүруге қолайсыз, жолдың бойында қалың шырша ағашы тұтасып өскен және оларды, әрине, сол кезде қалың қар басып жатқан. Үшінші Меркіге көтерілгеннен кейін, жол жүруге ыңғайлы. Үш кішкене сай мен екі бұлақтан өткеннен кейін, Тиекташ тасынан төмен түскен соң Шарынның жайқалған жазық даласы ашылады. Бұл алқап Қарқара жазығымен ұштасады.

Тиекташ - Шарын Қулықтың солтүстік тұмсығын қиып, Үшінші Меркі мойнағынан бөліп тұратын шатқал. Шарынның алқабы солтүстігінде Қулықпен шектеседі, оңтүстігінде шағын мойнақтың табанымен жалғасады18. Біз түнеген Шырғанақты өзенінің Шарынға құятын тұсынан Қарқара деп аталатын дөңгелек алқап ашылады, сол аттас шағын өзен оны ортасынан жарып ағып, Шарынға құяды.

|| 21 мамыр, Қарқара өзені.

Шарын өзені келесі шағын өзендерден құралады. Оның басы - Көкжартұрық сайындағы Қарқара тауының Шоң Қарқарасы. Оған өз бастауын таудың солтүстік батысынан алатын және Сарыжаз өзеніне бастау болатын Жел Қарқара құяды. Сарыжаз сондықтан Сарыжаздың тауы деп аталады. Кеген өзені бастауын Кегеннің Кеңсазы деп аталатын және Елшінің Бүйрексазы деп аталатын Құсмұрын тауынының батыс жағындағы сортаңнан алады (Құсмұрында Темірлік жотасы аяқталады). Ол Қулық тауына ағып барып, сол жерде Қарқарамен бірігіп, Шарын деп аталады. Кегенге Құсмұрын жақтан мына бұлақтар құяды: Шыбжыңбұлақ, Қурайлы. Құсмұрынның дәл тұмсығынан жылы бұлақ ағады. Бұл өзендер мен бұлақтардан басқа Шарынның жүйесіне тәуелсіз Қарқара тауынан Шолақ Қарқара ағады, ол Шоң Қарқараға жетпей жоғалып кетеді.

Қулықтан Кегенге қарай Шыбжөке өзені ағады, ол да барар жеріне жетпей суалып кетеді. Құсмұрыннан оңтүстік оңтүстік шығыста Манастың Бозтөбесі деп аталатын жекеленген төбе немесе қорған бар. Жергілікті халықтың аңызы бойынша батыр Манас (ел арасына кең таралған тамаша эпикалық туындының қаһарманы) қаңғырастармен (қалмақтармен)19 соғыс кезінде сол жерге өз қосын тіккен.

Қарқара алқабы солтүстікте Темірлік асуымен шектеседі. Солтүстік шығыста*21 үш Меркінің өткелі бар, оңтүстік-оңтүстік-батыста Қырғыз Алатауындағы Санташ өткелі орналасқан, солтүстік шығыста Құсмұрын жотасы, ал шығыс солтүстік шығыста Лабасы таулары мен шығыс оңтүстік шығыстан оңтүстік шығысқа қарай Үш Қарқара тауы. Лабасы мен Құсмұрын арасында, Қытай қарауылдарының ар жағында Сүмбенің тауы және алысырақта Кеушентау, Артқан шыңы мен сол аттас асу қылтияды. Сарыжаз өзенінің Кегенге құятын жерінде қазақтар Таспажон деп атайтын жоталы бұйрат бар, ол Қарқара өзенінде аяқталады. Оның бағыты солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа қарай. Бұл бұйраттың шығыс жағында, алқапта Қарқараның қайнатпа тұзы деп аталатын тұзды бұлақтар бар. Бастау алған жерінде бұлақтар тұтасып әбден қатып қалған тұзды батпақтан түзілген қайнар көз құрады. Осы сордың ортасынан жер астынан шыққан (тура мағынасында айтқанда, жер деп сордың ең бетіндегі қатқақты*22 айтып тұрмыз) бұлақтың әсерінен осы материядан жасалған төртбұрыш масса түзіліпті. Оның биіктігі - 1,5 сажын; ұзындығы - 3, ені - 2,5 сажын. Лабасы тауларының артында оңтүстікте Текес тауы жатыр, одан Ілеге құятын аттас өзен ағады.



Қарқара өзені алқабының схемалық картасы.

Ш. Уәлихановтың күнделігіндегі қауырсынмен салған суреті.

1856 ж.



|| Бора Дабысын деп аталатын келесі тұзды көл Лабасының шығыс баурайында орналасқан. Бұл көл сай арқылы Кеген сорларымен ұштасады. Шелектен Санташқа дейінгі барлық жерлер, бұғулардың айтуынша, бұрындары қалмақтарға тиесілі болған. 30 жыл бұрын қалмақтар Торайғырда көшіп қонып, Қулықты қыстайды екен. Олардың шекаралық бекеттері Бірінші Меркі мен Қарқараның тұзды бұлағында тұрған. Қазіргі кезде Қытай қалмақтары зурган суун және арғын суун рулары Құсмұрын және Лабасы тауларында көшіп қонады. Сүмбе тауының артында қала мен лама ғибадатханасы20 бар. Құсмұрында қорғасын өндіретін елді мекен бар. Оны өңдеумен айналысатындар - ішкі губерниядан жер аударылған қылмыскерлер. Қарқара шатқалы жазғы жайлау. Онда албандар мен қырғыздар көшіп жүреді. Алқап өзінің малға жайылылығымен атағы шыққан: мұнда не бөгелек, не маса жоқ. Жалпы Алатау алқаптарында біз жәндіктерді аз кездестірдік. Мұнда суық, әсіресе түнде.

|| 22 [мамыр], Қарқара өзеніндегі екінші түнемелік.

Шырғанақтыдан біз оңтүстік шығысқа қарай Қарқара ағысымен жүрдік, бірнеше шақырымнан кейін Таспа бұйратының тасты жотасы өзен жағалауына келіп жар түзетін жерге тоқтадық. Бұл жерден төмен өзен жағалауы орманды, әжептәуір қалың талдармен және қара шырғанақпен көмкерілген. Жағалауда, құмда сексеуіл жиі кездеседі. Өзенде қазақтар шабақ, орыстар - османка деп атайтын балықтың ұсақ түрі бар.

|| 23 [мамыр]. Сол түнемелік. Жиделі - Бұғу.

Бішкектің фирманшысы (губернатор) 1500 т.*23 Құтымалдыға келді деген сыбыс шықты. Сарыбағыштардың манабы Үмбетәлі тұтқынға алынған, оның малы таланған. Кейбір бұғулықтардың айтуынша, олардың билері бұл өсекті біз көлге барып, олардың еркіндігіне нұқсан келтірмес үшін әдейі таратқан. Басқалардың айтуынша, төрт ташкенттік қазір бұғу руының ықпалды манабы Боранбай ауылында және оларды өздеріне сарыбағыштармен таласты шешу үшін шақырып отыр. Бұғулар үшін бұл шешім әрине тиімді болар еді. Олар зекетке 30 жылқы беріп қойған, ал Орман ташкенттік қорғандарды қиратты, оның мұрагері Үмбетәлі шақырғанға келмеді. Енді бұғулардың орыстардан құтылғысы келетіні түсінікті, оларды сарыбағыш сарттарының көмегімен жеңуге болатын еді. Дегенмен, мұның барлығы қауесет. Біз не болса да көлге баруды шештік.

24 [мамыр].

Бізге бұғу руының өкілдері келді: ықпалды аға манап подполковник Боранбай Бекмұрадов, Мұратәлі Берназаров (жасы жағынан үлкені), Қазыбек Шералин, Қараш (шоң) - сәмеке руының биі. Ықпалды еместерден: арық руының өкілі тоқсоба Олжабаев пен оның інісі Хакімбек. Қара сүйектен - Мұратәлі құлдарынан Телекмет би және Омар батыр. Албандар бұғулармен дау туғызды.

|| 25 [мамыр]. Санташ21 асуындағы Түп өзеніндегі түнемелік.

25 күні таңертеңнен дулаттар мен бұғулар арасында келіссөз жүрді. 10 казак арық руының ауылдарына салық жинауға жөнелтілді. Түскі астан кейін жасақ жолға шығып, солтүстік шығысқа*24, Санташқа бет алды. Қарқараның жоғарғы ағысынан бастап жер тегіс, жайылым мол, жалпы бұл жер өсімдіктерге өте бай. Қазақтар айтатындай, күзде атты кісінің үзеңгісінен келетін биік шөп, небір түрлі жалпақ жапырақты өсімдіктер шалғындай жайқалған, таудың бөктері мен басында да сондай. Әсіресе, тамаша көрінетін өсімдіктер: (ағылшын) жалбызы бен жүгері22 сияқты (қант қамысы) жапырақты қамыстың бір түрі. Қазақтар бұл өсімдікті ақ құрғашын деп атайды, қырғыздар болса, марал құлақ дейді. Бұл өсімдіктің сөлі улы, ісік тудырады десті. Мал оны тамыз айына дейін, сарғайып, сөлі аққанша жемейді. Исі сиырдың тезегіне ұқсайды. Тауда, сол жақ баурайда тал ағашы, шетен (ерекше түрі, қабығы тегіс, әрі түсі оттай қызыл) өседі. Сай мен таудың басында қалған қарға қарап, (Санташтың таулары өте аласа) Қарқара алқабы тым биік деп шамалауға болады.

Түнемеліктен оңға Тобылды Асу тауының жалғасы, шағын қырат болды. Оң жақта*25 Қарқара тауының жалғасы. Біз жоғарыда айтқандай, бұл таулар аласа. Жол батпақты саймен өтеді, таудан оңға солға көптеген бұлақтар ағады, олар қосылып, Жел Қарқарадан төменірек Қарқарамен бірігетін... өзенін*26 құрайды. Өзен оңтүстік батыстан солтүстік-шығысқа қарай23 ағады. Бұл бұлақтардан ары, сай табанында (2 шақырым жерде) көл бар, жаздың ыстық күндері ол құрғап кетеді. Көлден қазақтар Ертіс қазы деп атайтын құсты көрдік. Бұлардың түсі ақсұр, басы ақ, екі көлденең қара сызығы бар, мойнының жоғарғы жағы мен төменгі жағында, бүйірінде жіңішке ақ жолақтар бар. Бұл құстың қанаты қара, аяқтары сары, тұмсығы да сары. Тау қазысы үй қазынан кішкене, ал гагадан үлкенірек келеді.



Тау қазысы.

Ш. Уәлихановтың күнделігіндегі қауырсынмен салынған сурет. 1856 ж. (325 бет)



Көлден екі шақырым жерден Түп өзені өтеді. [Бұл арада] Түп оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа (шығыс оңтүстік шығыстан батыс солтүстік батысқа) ағады. Түп өзені барынша жылдам, түбі тасты, жағалауы талдармен, шырғанақ, балғынмен (сексеуілдің бір түрі) көмкерілген. Өзенде || балық кездеседі. Біздің казактар шабаққа ұқсайтын балық аулап алды. Қазақтар оны сазан деп атайды. Түп өзенінің сағасына қарай балық көп деседі.

Түп Ыстықкөлге құяды. Түптің ағысын бойлай Таспа деп аталатын шыршаға бөккен аласа таулар тізбегі жатыр. Таспаның жанында Ыстықкөлге құятын Жырғалаң өзені ағып жатыр.

Санташ - санаулы тас. Бұл асудың бұлай аталуына себеп болған бір қорғанға үйілген тастар. Қорғанның биіктігі 3 сажын, айналасы 35 сажын. Аңыз бойынша, Әмір Темір Гурган Қытайға император Каан Чинның қызын алу үшін сапар шегеді (Каан чин Қытай императорының титулы [түркіше басқаша], Хаканчин - Қытай императоры [титул], қазақтар оны жалқы есім қып алған). Әмір Темір әр жауынгері қолына бір бір тастан алып, бір жерге үюге бұйрық етеді. Кейін қайтқан жолында ол енді тасты алып, келесі жерге үюге әмір етеді. Қалған тастарға қарап, қанша әскер жоғалтқанын шамалайды. Сол қорғанның орны қазір де бар.

Тарихи мәліметтер бұл аңызға мүлдем қарама қайшы. Әмір Темір шын мәнінде Қытайға сапар шеккен, бірақ Самарқандтан шығып, Отырарға24 жеткенде қаза тапқан. Десек те, орта ғасырлардағы батырлық жырлардағы Ұлы Карл мен орыс ертегілеріндегі Владимир Красное Солнце сияқты барлық ортаазиялық аңыздарда Әмір Темір басты қаһарман. Түркістанның барлық мешіттерін, көне су құбырларының барлығын Әмір Темір Сайыпқыран (әлемнің билеушісі) салдырған деседі. Қалай болғанда да, Санташ қорғанын қалау үшін көп адам мен көп еңбек қажет болған және ол келер ұрпаққа [осында] бұрын өткен халықтың өмірінен сыр шертетін ескерткіш.

Айтпақшы, Қарқара өзенінің атауы туралы тағы бір аңыз.

Қазақтар қалмақтарды шапқан бір жорықта осы...... толық нұсқасын жүктеп алыңыз
14.11.2014
Вернуться назад