DataLife Engine / Сары алма

Сары алма

Сарыла күткен сары күз де келіп жетті. Жетті дегенім бергі жағы, күз көңілі қыз көңіліндей құбылмалы емес пе?! Таң намазынан кейін күн шапағы құдды бір ақшамға дейін нұр шашып тұратындай көрінеді. Бірақ, артынан сұрғылт бұлттар күн көзін бірде қымтап, бірде жайына қоя салады. Кешке дейін мың құбылып, кейде аспан тесіліп қалғандай шелектеп нөсер құяды дейсің. Түс ауып нөсерлетіп тұрған осындай кеште, төрт қабатты үйдің үшінші қабатында терезеге телміріп мен тұрмын. Кенет аулада көктің көз жасына рахаттана шомылған бойжеткен мен бозбаланы көзім шалды. Екеуі де төгіп тұрған нөсерге назданар емес, керісінше көңілдері көңшіп, әлгі бойжеткен бозбаланың белінен қысады. Дәл сондай жауапты жігіттен күткен қыз басын жігіттің құшағымен тұмшалауда. Жігіттің қалағаны да осы болар. Қызды бар құшағына сыйдырып, малмандай су болған шаштарын алақанымен тарағандай басынан қайта-қайта сипайды. Бір құшаққа сыйысып, бір-бірінен демеу тапқан мына екі жас неткен бақытты, жұптарын жазбасын – дедім ішімнен. Мына қыз бен жігітке қарап тұрып, мен бақытқа ерте жетіп, ерте айырылған екенмін деп түйдім. Мендік бақыт кең көсіле алмайтын кедейдің көрпесіндей келте болған – ау сірә. Ширатсам мынау...
Күздің ызғары күшейген кезі болатын. Доп жарыста танысып үлгерген Жания есімді қызбен арамыз айтарлықтай жақындай түскен. Оны өзімше сары алма деп еркелетемін. Еркелетуге лайықты-ақ. Күн дидарлы сары қыз жымиғанын жығылтатын ажарлы еді. Әрбірден соң шашы белден төмен түскен. Күнделікті кездесу бұйыра бермейтін екеумізге бүгін оңтайлы сәт туды. Ол көрші «Жаңа жол» ауылына туысқан әпкесінің үйіне түнеуге сұранған екен. Бұл біздің қыз бен жігіт ретіндегі бірінші кездесуіміз болатын. Күн ұясына құлаған тұста бар жақсымды үстіме іліп, «Жаңа жолға» жол тарттым. Қоңырау шалып үйдің бұрыш тұсындағы қараталдың қасында тұрғанымды жеткіздім. Жаңбыр себелеп тұр. Қара талды қалқалап, қалай боларын ойлағандықтан ба, даланың суығына қарамастан екі бетім от боп тұр. Міне, мен күткен Жания да шықты, жеңіл киініп алған. Телефонмен тоқсан түрлі жылы сөздерді жаудыратын мен бетпе - бет келгенде ауызыма құм құйылды да қалды. Бірінші кездесу болғандықтан ба ол да үнсіз. Қайдан тап болған батылдық екенін қайдам, құшағыма қысып, қара талдан тамшылаған жаңбырдан тасаламақ болып басын кеудеме қысып, құшақтап тұра қалдым. Осылайша іштей тілдесумен, іштей қуанышпен таңды атырдық. Бір қызығы екеуміз көп кездеспесек те бір-бірімізге бауыр басып қалыппыз. Түн ауа үйдегілер ұйқыға кеткенде телефонға жармасып, сол жармасқаннан таңды атырамыз. Мен оған, ол маған жылы сөздерді жарыса айтып, күні бойы бітіргенімізді баяндаймыз.
Жаз шыға мен басқа, ол басқа қалаға оқуға түстік. Мектепті тәмәмдап, үлкен өмірмен қоса, үлкен бақытқа аяқ бастық. Үлкен бақыт дегенім сары алмам. Сары алмамның жырақта жүргені қынжылтқанымен, менен асқан бақытты адам жоқ еді. Иә, жоқ болатын...
Оқу жылы басталғалы ауылға барудың сәті түсе бермейтін. Тек 4 ай оқудан соң ғана қысқы демалыста ауылға бармақшы болдым. Ауыл тіршілігі қаз – қалпында, бірінші рет ұзақ уақыт алысқа шыққаннан соң ба ауылым ерекше ыстық көрінді. Мектеп кезіндегі «ертерек оқуды бітіріп, кетсек екен ауылдан» - дейтін ой, ендігі кезекте керісінше қалыптасқан. Күнделікті күйбең тіршілік пен күн көрістің қамын күйттеген, балаларымды қалай жеткізсем деп зыр жүгірген ауылымның адамдары бәрі-бәрі маған талассыз тартымды. Өкініштісі сол, сағына күткен сары алмамның сабағын сылтауратып, ауылға келе алмағаны. Демалысты аяқтап, қалаға да келіп үлгердім. Арада бірер апта өтті ме, өтпеді ме Жания өзгеріп кеткендей. Өз бетімен қоңырау шалмайтынды шығарды. Сары алмамның маған айтатын үйреншікті сөздерін соңғы уақытта сағынатын болдым. Одан не болғанын сұрасам ештеңені ашып айтпайды. Мен сол баяғы қалпы, сары алмамның көңілін бағып, мұңайтқым келмейді. Сол үшінде артық сұрақ қойып, мазалай беруді артық санаймын. Ажал айтып келмейді, бақытымның ажалы да бей уақытта бас салды. Хабарласуды қойған Жания, бүгін телефонын да көтермейді. Аптадан артық хабар-ошарсыз. Ойым сан-саққа жүгіріп, тіпті не ойларымды білмей далмын. Таңға жуық телефоныма хат келді. «Мені енді іздеме, ештеме сұрамағын, кешір!» деп қысқа қайырған. Мен ұйқылы – ояу сенер-сенбесімді білмей, ештеңені түсіне алар емеспін. Қайта қоңырау шалсам сөндірулі. Жаниямен жақсы араласатын жақын құрбысы Дидарлыны ғана танушы едім. Соған телефон шалып мән жайды сұрамақ болдым. Сорыма орай ол да сөндірулі. Кешке дейін қолды - аяққа тұрмай, не істерімді білмей басым қатты. Кешкісін Дидарлының өзі қоңырау шалды. Сенер – сенбесімді білмей телефонды көтеріп, амандасудан бұрын сұрақтарды бірінен соң бірін жаудырып жатырмын. Ол үнсіз тыңдап тұрды да, «Жания жүкті жақында тұрмысқа шығады оған енді қоңырау шалма» - деп тұтқаны қоя салды. Құдды бір, жер мені төңіректеп айнала бергендей күй кешіп, «қалайша?» дей бердім. Одан әрі ойлануға шама келмей, жасымды жастандым да қалдым.
Осылайша сары алмама құрт түсіп, сарыла күткен сағынышқа нүкте қойылды. Екі жылға жуық уақытта өткерген осынау бақытымның бір сәтте су сепкендей басыларын кім білген?! Мұндай опасыздыққа қалай ғана дәті барды екен? Осынша уақыт сені ғана сүйемін дегені ше? Бәрі бекер. Сүйсе сезімге сызат түсірмес еді. Ол сатқындық жасады, демек махаббатқа қабілетсіз. Шын жақсы көрсе арына адал болмаспа еді? Менің шынайы сезімімді бір сәттік құмарлыққа айырбастап кеткені ме? Сені жақсы көрмеймін десе түсінер едім ғой, мұндай арсыздыққа барғаны қалай?
Қысты өткеріп, ауылға баруға зауқым соқпай, жаз бойы осында жұмыс жасадым. Пәтер ақым мен тамағыма жетсе болғаны. Одан арғысына барғым да келмеді. Ойым ауылға кетпей, қалада жүріп біраз нәрсені ұмытсам, көңілімді ауласам. Сөйтіп жүргенде Анар есімді қызбен танысып, таныстығымыз қыз-жігітке жалғасқан еді. Қанша жұбымыз жазылмай жүрсе де, ойымда Жания жүретін. Бірақ бәрін шешіп, Жанияға нүкте қойғанмын. Оным орынды, себебі қасымда өзімді жақсы көретін, бағалай алатын Анар бар.
Жаз соңында ауылға баруды ұйғардым. Ата-анамды көріп, сағынышымды басып қайтқым келді. Анармен қоштасып, жолға шықтым. Міне, үш жарым сағатта аудан орталығына да келіп жеттік. Одан ары ауылға таксимен баруға тура келеді. «Белбасар- Белбасар» - деп дауыстаған шопырдың қасына келіп те қалдым. Ауылымның аты осылай аталатын. Шопыр:
- Кел, енді екі орын қалды, - деп, көлігінің артқы есігін нұсқады. Көліктің артқы есігін ашып жайғаса кеткенде өз көзіме өзім сенбедім. Жания, иә Жания отыр. Сенер - сенбесімді білмей қасына отырдым. Жания бұрынғыдай емес, бет-әлпеті солыңқырап, тіптен азып кеткен. Мен «қалың-қалай?»- деп дауыстап едім, бірдеңені жасырғысы келгендей, алдындағы сөмкесін қолымен қысты да үнсіз қалды. Көп күттірмей «жақсы, өзіңнің қалың-қалай» деп, сенімді қалыппен сөйлей бастады. Қал сұрасып болғаннан соң, үнсіз отырып қалдық. Кенет алдыңғы есік ашылды да шопыр:
- Кеттік, бүгіндікке енді адам болмайтын сияқты деп, біссімиләсін айтты да, көлігін оталдырып жүріп кетті. Жания да, менде үнсіз. Сол сәтте қандай күш айтқызғанын, мен: - Неге бұлай істедің, Жания? Мені шын сүйем дегенің қайда? Неге алдап келдің?- деп сұрақты үсті-үстіне жаудырып жаттым. Кенет Жания шыдай алмады ма, жылап жіберіп, көзінің жасын алақанымен сүртті де :
- Мен сені алдаған жоқпын, сені сүйетінім де рас.
- Онда неге бұлай жасадың?
- Себебі...
- Себебі не?
- Себебі мені зорлады, енді ризамысың ?
- Не? Қалай?Кім зорлады?
- Әпкемнің күйеуі
Мен сенер-сенбесімді білмей, үнсіз қалдым.
- Апкем екі күнге семинарға кеткен, мен сабақтан келіп, киімімді ауыстырып жатқанда артымнан бас салды. Одан арғысы есімде жоқ. Біраз күнге дейін есімді жия алмай жүрдім. Өзіме қол жұмсауға дейін бардым, бірақ Дидарлы тоқтау салды. Сол кездерде саған қоңырау шалмауды ұйғардым. Ал, аяғымның ауыр екенін білгенде, саған сол хатты жазып жібердім. Мені енді іздемесін деп, Дидарлыға қоңырау шалғызып, тұрмысқа шығайын деп жатыр деп айтқыздым. Осылай болғаны дұрыс деп шештім. Кешір мені... – деп көлікті тоқтатты да, түсіп қалды. Ішімнен бір алпауыт күш умаждап қысқандай болып, көзімнен жас тоқтамай аға берді. Сары алмамның сезіміне сенбей, жазықсыз жазғырғаным үшін, өзімді кінәләй бердім. Кенет денем ұйып, біреу жұлқылап жатқандай көрінді, көзімді ашсам, шопыр:
- Балам, бәрі дұрыс па? – деп иығымнан қаққан екен.
Ауызыма сөз келмей, басымды изей бердім.
Жанияны да тоқтатпадым, тоқтатқанда не айтпақпын?! Кінәсіз екенін бе? Жоқ!!!
Міне, сүйемін деген сары алмам өзгенің астында солды. Ендігі жерде махаббатқа қабілетсіздікті мен танытпақпын ба? Сұрақты жауаптар...
Қанша ауыр болғанымен, Анар екеуміздің болашаққа деген үмітімізді отшырақ етіп ұстайтын боламын.


Автор: Ерғали Қартайған.
ТарМУ , журналистика 3 – курс.
26.10.2014
Вернуться назад