DataLife Engine / Бернияз Күлеев (Гүләндамға)

Бернияз Күлеев (Гүләндамға)

Жаным, жаным,
Гүләндамым,
Келші жақын, қарайын!
От жүректе,
Қалсын көпке,
Суретіңді салайын.
Қиғаш қасты,
Қолаң шашты,
Қия алмайтын мен ақын.
Жүрек ізгі,
Жібек сөзді,
Жанымнан да жар жақын.
Нұрлы ажарың,
Қызу қаның,
Қалай сәйкес жаралған.
Терең теңіз,
Дес қара көз,
Бар ма көрген жараннан.
Құлқың гүл, сыр,
Көңілің сиқыр,
Өлген жан да тірілер.
Күлме - күлме,
Күлсең тіріде,
Жүрек жүзге тілінер.
Қара көзің,
Етіп төзім,
Қарағанды қандырар.
Бірде атып,
Бірте тартып,
Жанды есінен тандырар.
Ақ төсіңді,
Қар етіңді,
Жаным жатқа көрсетпе.
Бақ алманың,
Дәмін, мәнін,
Білу қайда есекке.
Надан жұртта,
Жауыз жоқ па,
Сүйек жарған сөз тиер.
Келші жаным,
Дуалайын,
Тұмарлайын көз тиер.
Жаным, жаным,
Гүләндамым,
Періштем бол, кел бері!
Жүрегімнің,
Басып шерін,
Қарашығым сүй мені.
Келші бері,
Сүйші мені,
Суырылсын көмейім.
От құшақта,
Сүй, құшақта,
Есім ауып өлейін.
27.04.2016
Вернуться назад