DataLife Engine / Бернияз Күлеев (Жазғы дала)

Бернияз Күлеев (Жазғы дала)

Жайнаған дала,
Ойнаған бала,
Жайылған малмен жабулы.
Керілген көкте,
Қаңқылдар текке,
Қаз, қу, тырна ағулы.
Бала мен мал - жер жаны,
Көктің сәні - құс әні.
Көк шықты қарғып,
Көк орай шалғып,
Боз, бетеге бәрі бар.
Қызғалдақ, қына,
Жоңырышқа, жуа,
Түр - түрімен табылар.
Жан жайланып исінен,
Кеткің келмес ішінен.
Күлімдеп, жайнап,
Жанданып, жайрап,
Бәйшешектер бас иеді.
Жел жүрсе, жылжып,
Гүл біткен құлбып,
Көрінеді қасиет.
Жалынды жүрек, жанды жас,
Көкірегіңді гүлге бас.
Қол бұлғап күліп,
Керілген тұнық,
Даланы жарып бұландар.
Толықсып тастан,
Тасқынын басқан,
Дариядай зырғыр, сылаңдар.
Шын сұлудай албырап,
Көрінер сағым бұлдырап.
Буланып балқып,
Жайылып шалқып,
Өзендер жатыр жосылып.
Күмістей бұлақ,
Сай - салаға құлап,
Құшақтасып, қосылып.
Сылқ - сылқ күлген сыры бар,
Гүрілдеген үні бар.
Жарқырап жанып,
Жерге нұр тамып,
Күн көрінер керіліп.
Көк жүзін сүзіп,
Жай ғана жүзіп,
Аяңдайды ерініп.
Ағаштар, шөптер нұр жұтып,
Толықсыр өзге нұр бітіп.
Жалақтап ойнап,
Құлаштай бойлап,
Өзендер толған қыз, келін.
Күлісіп шулай,
Шомылып қудай,
Армансыз өскен гүлдерім!
Жер жұмбағы - ен дала,
Жер хоры - сұлу қыз бала.
Ағаш, шөп, орман,
Асқар тау қорған,
Не керек - мұнда бәрі бар.
Жандырған жастық,
Айналтқан басты,
Періште өңді жары бар.
Айбынды намыс арлы ер,
Қолыңнан келсе, қызық көр.
Қозғалған дертке,
Өршіген өртке,
Мың да бір дауа жазды шөп.
Жалынды ерім,
Тарқасын шерің,
Бауырыңды жерге ал төсеп.
Қайғылы жастар мұнда кел,
Жалғанда жұмақ жазғы жел.
27.04.2016
Вернуться назад