DataLife Engine / Фариза Оңғарсынова (Ананың тілегі)

Фариза Оңғарсынова (Ананың тілегі)

Өмірден ылғи нұр күттім,
кешсем де талай өткелін.
Таңданам бүгін, тірліктің
құпиясы, мұнша көп пе едің?
Мол екен жұмбақтары да,
зардаймын ойсыз күніме.
Нәзіктеу мөлдір жаныма
ауырлау ғасыр жүгі де.
Қуаныш құяр көңілге
сиреді салқам сырласым.
Жыл өткен сайын өмірде
рахаттан гөрі мұң басым.
Жабырқап жарқын жамалым,
күдіктер жайлап сананы,
Бала өскен сайын ананың
бейнеті де өсіп барады.
Қоңыраулы күлкі қалды күн
шалқитын шартқа шектелмей.
Дос кеуделердің барлығын
күншілдік кеулеп кеткендей.
Серілік, сенім тұл бүгін,
жүрмейтін бір кез таң қылмай.
Шарқ ұрып жеткен шындығың
шілдеден соңғы шалғындай.
Жылуын жоймай Жер-бесік,
тұрса деп өшпей ізгі арман -
қорғаштап келем сең кешіп
қараулықтардан, ызғардан.
Тарландай уақыт тақымдар,
сенделтер салқын сеңдері.
Ей, Өмір, саған датым бар -
жалғыз-ақ тілек мендегі:
тоғытпа мейлің ақ нұрға?.;
сынағыңды әлі дайында,
нәзіктігімді тек қалдыр да,
аналығымнан айырма!...
25.01.2015
Вернуться назад