DataLife Engine / Фариза Оңғарсынова (Құштарлық немесе махаббатта жолы болмаған ақынның бір сәттік көңіл-күйлері)

Фариза Оңғарсынова (Құштарлық немесе махаббатта жолы болмаған ақынның бір сәттік көңіл-күйлері)

Ойларым менің ойран боп
сарқылып жүрген кезімде,
бұрқан да талқан сезімге
алқынып жүрген кезімде,
жанашырларды қайғыртып
дал қылып жүрген кезімде,
жер менен көктен жай таппай
шарқ ұрып жүрген кезімде,
жолықтың маған, жақсы Адам,
ерекше тұлғаң басқадан.
Осындай сәтте ойлап па ем
кездесемін деп тап саған.
Дұшпанды талай жасқаған
таусылып менде асқақ ән,
түңіліп барлық тірліктен
жүгініп менен жыр күткен
жұртым бар-ау деп саспағам,
ысырып бәрін тастағам.
Құшағын маған ашпаған
қиқа да жиқа өмірдің
несіне мәз боп мастанам?
Бәрін де қойдым, бездім деп
налимын, көзге жас та алам.
Шешімге бір-ақ келгенмін...
... әттең, тек үміткерлердің
сенімдерінен жасқанам.


Қайғылы, шерлі жаныммен,
жүректен аққан қаныммен,
бойдағы қайрат-ағынмен
осылай жазам бәрін мен.
Жетер ме барлық жүрекке
алқынған менің дауысым,
жанымның ащы зары шын?
Оятсын менің жырларым
жігіттің сөнген намысын,
әкетсін іштей тұншыққан
азапты ойлардың ағысын.
Сенім бар әлі кеудемде,
сеземін соны жаныммен,
естірткім келеді бар үнмен.
Жүректің бәрін өрт етпес
шерменен шыққан жалын дем...
Мейлі бұл менің жырларым
жазылсын қызыл қаныммен,
қайғыммен, аппақ арыммен.
Ұқсаңдар, достар, егерде
осынау өрттей жырларым -
шаттанғандағы сырлы әнім;
өкінішім мен ұяттан
өртеніп, өліп тұрғаным;
орындалмайтын арманға
құлашымды ессіз ұрғаным.
Достарым, менің жырларым -
құштарлық қысқан кеудемнен
бұрқырап жатқан бір жалын;
сәбише сәл бір нәрсені
көңіліме алып, сынғаным.
Көлеңкелерде тоңсам да,
күнгейді көптеу жырладым.
Мауқымды содан бір басып
жыр жазбай, сірә, тынбадым.
Ішіме менің сыймады-ау,
сыймады-ау жырым қанша күн
(қымбат та сол бір сал шағым).
Адам біткеннің бойынанасқақтық,
пәктік аңсадым.
Ешбір жан ұқпас қайғымды
ешкімге айта алмай шаршадым.
Қуанған аз-ақ сәтте де
жанымды жеді қанша мұң.
Сонан соң көзім бұлдырап,
жүректің жасын тамсадым.
Ұқпады-ау ешкім мені деп
кей кезде керім ашынам:
бұл өрттен қалай басылам?
Жанымның мынау өксігін
қай жаққа, қалай жасырам?
Біле алмай жүрмін дел-сал боп:
қашанғы үнсіздігімді,
жасанды үнсіздігімді
көрсетпей қалай жүре алам,
ақыл айтсашы бір адам...
Менің байғұс жүрегім
сүйіктісінен бір емін
таба алмай, сонсоң жыр қуып,
жарасын күнде мұң жуып,
іздейді жырдан тірегін.
Құмары қанбас мен ғашық,
кетсем де қандай елге асып,
сүйіктіме айтар сырымды
құтырып соққан желге ашып,
қанаты сынған қырандай,
әйтеуір, жүрмін жер басып.
25.01.2015
Вернуться назад