DataLife Engine / Сен — қазақсың! - Күләш Ахметова

Сен — қазақсың! - Күләш Ахметова

Сен – қазақсың!
Қазақ деген ел бөлек,
Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек.
Киіз үйі Жер сияқты жұп-жұмыр,
Шаңырағы күн сияқты дөңгелек.
Сен – қазақсың!
Бір Алланың құлысың!
Адамға адам құл болғаны — құрысын.
Жойқын соғыс, зұлматтарда жойылмай,
Қалған ұлтсың. Қаһармансың! Ұлысың!
Сен – қазақсың!
Ұлы дала – тұғыры.
Күмбір-күмбір күрескерлік – ғұмыры,
Тірескеннің дірілдеткен тізесін
Тұлпарыңның тұяғының дүбірі!
Сен – қазақсың!
Байырғы жұрт – түздегі ең,
Табиғаттан тән тамырын үзбеген.
Қолын жайып, Көктен өмір сұраған,
Жер бетінен жерұйықты іздеген.
Сен – қазақсың!
Қазынасы – нәсіп, құт.
Қазақ болу – ғаламатқа ғашықтық.
Жерің, суың, тауың сұлу соншалық,
Көрген көзден кететіндей жас ытқып!
Сен – қазақсың!
Отаншылсың, тектісің!
Айбарлысың, ақылдысың, беттісің!
Көп болуға,
Бір болуға тиіссің,
Көрмеу үшін жаттың езгі, тепкісін!
Сен – қазақсың!
Рухы еркін, өзі еркін!
Мұзбалақсың, сорғалаған сөзі еркін!
Қайталанбас күйшісің сен құя алған
Домбыраның өзегіне өз өртін!
Сен – қазақсың!
Келе жатқан бағы асып,
Адамзаттық ізгілікке жол ашып,
Дастарқанның – елшілігің ежелден,
Мейірбансың, меймандоссың қолы ашық.
Сен — қазақсың!
Ғарышкерсің, жаны – аспан.
Өрелісің, өз орнына таласқан.
Төрге лайық марқасқасың, мықтысың,
Төрткүл дүние саясатта санасқан.
Сен – қазақсың!
Қазақ едің туғанда!
Онда, дүние тағылымынан үлгі ал да,
Ата жұрттан, Ана тілден айрылма,
Төбеңде Күн, төменде Жер тұрғанда!

05.05.2016
Вернуться назад