DataLife Engine / Қанат Дауылбаев (Рамазан – күллі айлардың сұлтаны)

Қанат Дауылбаев (Рамазан – күллі айлардың сұлтаны)

Алла бізге парыз етіп ұсынған,
Ораза тұт, нәпсіңді тый, мұсылман.
Оразадан жан-дүниең жаңарып,
Тән тазарар тәхарат пен ғұсылдан.

Мейіріммен шексіз сүйер Хақ құлын,
Мойынсұну – парызы әрбір жақсының.
Әрекет қыл, пенделікті тыюға,
Ұстамдылық – құлпы деп біл нәпсінің.
Есіңе алсаң, есеп берер кезіңді,
Хақ жолында бекем ұста өзіңді.
Елемейсің аптабында шілденің,
Сенімменен серік етсең төзімді.

Құранды оқып түйсең ойға игі ілім,
Орындасаң талап еткен бұйрығын,
Оразашы үміт етсе сауаптан,
Алла өзім берем деген сыйлығын.

Ей, жамағат, жолдас қылсаң сабырды,
Көркем мінез қалыптасар тәлімді.
Рамазанда Қадір деген бір түн бар,
Қасиеті мың айдан да қадірлі.
02.02.2016
Вернуться назад