DataLife Engine / Қайсар Қауымбек (Көктің қызы)

Қайсар Қауымбек (Көктің қызы)

Саған деген сағыныш батты жанға,
Көтермейді көңілді шат-думан да.
Аспанына асыққан перизаттай,
Кете бардың оранып ақ тұманға.
Күміс бояу сәулелі кірпігіңді,
Көргенімде кеудемнен түн түрілді.
Қарманып ем, қапыда жете алмадым,
Құшағыма ақшулан бұлт ілінді.
Көктің қызы-ай, көркіңде басқа мін жоқ,
Өзің жайлы естіген дастаным көп.
Әлі күнгі айтпаған бірақ ешкім,
Сені мұнша сезімсіз, тасбауыр деп.
Саған тәңір сыйлапты-ау текке қанат,
Өзегімді өкініш өтті аралап.
Жерге қайта білсем де қонбасыңды,
Көкбөрідей ұлыдым көкке қарап.
Нілдей қара қайғыммен қан бойлаған,
Қарай-қарай қалшиып тауға айналам.
Көшті бұлттай кеудемде сағынышым,
Ескі жұрттай құлазып қалды айналам...

фото: Әсел Әбілбек
25.04.2016
Вернуться назад