DataLife Engine / Қуаныш Медеубаев (Төзімің қыл көпірде таусылғанда...)

Қуаныш Медеубаев (Төзімің қыл көпірде таусылғанда...)

Кеудеңе бұлбұл қонып ән салғанмен,
Пендеге сезімді айтып жар салғанмен,
Ол адам сені мүлде күтпесе егер,
Вокзалдан жаның ұшып қарсы алғанмен,
Вокзалдан сағынысып күткеніңде,
Одан басқа ойламай түк те мүлде,
Ақталмаса үмітің, қоңыр кеште
Сағыныш секундтары біткенінде,
Айналып күзгі бақта даусың зарға,
(Шіркін-ай, күздей мұңды маусым бар ма?)
Өз үнің өз кеудеңнен шықпай қалып,
Төзімің қыл көпірде таусылғанда,
Жүрегін мұхиттағы мұздық қылып,
Сол адам жоғалғанда күзді ұқтырып,
Ең соңғы кеудеңдегі дем біткенше,
Ең соңғы үмітіңді үздіктіріп,
Күте біл, сарғая біл, сарыла бір,
Көктем кеп екпесе де бағыңа гүл,
Сезім бар жүрегіңді жылатпа да,
Ең іңкәр сәттеріңді сағына біл...
25.04.2016
Вернуться назад