DataLife Engine / Бауыржан Әліқожа (Құлын мүсін)

Бауыржан Әліқожа (Құлын мүсін)

Жайраңдаған жайық-қыз құлын мүсін,
Әудем жерден сезеді үніңді ішім.
Ұғын, түсін лүпілін жүрегімнің,
Мінезбен де маңғаздау жұғымдысың.

Базбіреулер «қошақан», «сәби» десін,
Өз орны бар арусың фәниде шын.
Ұғымың да, өзгеше қылығың да,
Тал бойыңнан табылар сан үйлесім.

Жаутаңым-ай, жанары жәудіреген,
Саған менің назарым ауды дер ем.
Жүзіңдегі жұтардай түпсіз көлдер,
«Ақын болсаң - деп тұр-ау - жаудыр өлең».

Ынтық қылып жібектей күлкі, ісіңе,
Шоқ салып үлгердің-ау мың кісіге.
«Пері қызы болмаса, періште - ол»,
Дейді ұлдар көз салған түр-түсіңе.

Үй үлкені болғанмен тым еркесің,
Сымбатыңа жарасып тұр өрдешің.
Арман шыңға айналып бар болмысың,
Алғансың ба мекендеп жыр өлкесін?!

Зәузатым-ай мөлтілдек, жаутаңдаған,
Кезіміз көп кездесер бау таңдаған.
Сені көрсем дәрменсіз күй кешемін,
Сезінсем де өзімді қауқарлы адам.

Салды сезім сарсаңға әрі мені,
Бұл не деген көңілсіз сарын еді.
Қаузады мұң жапырақ-жүрегімді,
Дертті жанның өзіңсің дәрігері.
Емде мені, ерке қыз...
01.04.2016
Вернуться назад