DataLife Engine / Бауыржан Әліқожа (Ұмыту...)

Бауыржан Әліқожа (Ұмыту...)

Кең қиялына сыймадым қылықты қыздың,
Сенбей арыма санаңа күдік кіргіздің.
Жүрегімдегі сонан соң сөнгенін сездім,
Іріткі күздің кешінде үміт жұлдыздың.

Жайдары шуақ өң берген шіркін,өмірге
Көмескіленді жадымда күлкілерің де.
Езілгенімді қалаған кейіп таныттың,
Сезімдеріңді шынайы іркігенің бе?!

Терең сыр жатыр көңілдің әжімдерінде,
Жоғалар бір күн есімнен наз үндерің де.
Шын сүйсе қайтып қайырылар деген ойменен,
Сынай жігітке жоқ әлде әзілдедің бе?!

Шаттықтарымнан басымдау неліктен мұңым,
Көкжиегімді батты ма кеңіткен, Күнім.
Ұнатып сырлы мөп-мөлдір жыр төгілткенім,
Жезкиік ару, емес ол желіккендігім.

Жарасқанымен барлығы саналы еркеге,
Келін болу да ғанибет адал өлкеге .
Ұйықтар алдында мені ойлап жатқан боларсың,
Көз моншақтарың шашылып ала көрпеңе.

Жеткізбей қойды, қол бұлғап белес көрінген,
Сені ойламау қасірет емес пе мүлдем?!
Әр түкпіріне санамның орын теуіпсің
Құтыла алмай-ақ қор болдым елестеріңнен.

Шемен боп қатқан кеудеңді жылыта алмадым,
Тас-талқан болып үгілді-ау үміт, арманым.
Сырт айналмасқа өзіңнен шарам жоқ енді,
Танакөзім-ау, дауасы ұмытам бәрін...
01.04.2016
Вернуться назад