DataLife Engine / Асылзат Арыстанбек (Енді ешқашан сүймеймін!)

Асылзат Арыстанбек (Енді ешқашан сүймеймін!)

Адастым да жарық күнде жол таппай,
Арт жағыма қарай бердім жалтақтай.
Жердің жүзін шарлап кеткім келеді,
Жүрегімді қоятұғын жер таппай.
Күйбең тірлік батырмайды балына,
Сүйген жүрек ең әуелі сор татпай.

Оқылмай-ақ тозған көне кітаптай,
Отыз жылым өтті зулап сынаптай.
Отырғаным мынау енді ой бағып,
Сыр мен жырым жанымды үгіп шыдатпай.
Бір меже бар Аспан жақта, сол жерге,
Өлеңімді апарсам-ау құлатпай.

Сабақ алып жаңылысқан кездерден,
Қарап алып ішкі түйсік көздермен,
Қарсы сұрақ қоятынды шығардым,
Қайқы маңдай қаһаныңа кез келген.
Ұйықтап кетіп, отыз жаста оянып,
Мықтап тұрып сияқтымын өзгерген.
...Жүрек құрғыр тек сөзінде тұрмайды,
«Енді ешқашан сүймеймін!» деп сөз берген.
30.03.2016
Вернуться назад