DataLife Engine / Шерхан Талап (Пері қыз)

Шерхан Талап (Пері қыз)

(Асан қайғы аңызының ізімен)

Пері қызын іздеп шықтым жолға мен,
Сеңгір-сеңгір таулар асып сорлап ем.
Желмаяға мініп алып жер шалдым,
Ілбіп басып келе жатыр ол да әрең.

Апырма-ай, қай бағыттан табамын?
Қармағымды қай өзенге саламын?
“Су сұлтаны Пері қызы нәсіп” – деп,
Қатырды ма әлгі балгер – қарағым?

Төрт өзенге кезек барып төнгелі,
Үмітімнің бір сәулесі сөнбеді:
Еділге кеп еңкілдедім елдегі,
Сырға келіп сыр ақтардым сенбеді.

Ақ Жайық та іңкәрлікті мендегі,
Сорға айналған жағасына жерледі.
Ең ақыры Ертіске де өрдегі,
Барып едім ештеңе де өнбеді.

Қармағымды қаппаған қыз, қайдасың?
Арманымды таптаған қыз, қайдасың?..
Пері қыз ғой перілігін танытып,
Әлде менен асырды ма айласын?

Жасыл-жасыл жаның – көктем, тәнің – нұр,
Қайткен күнде жетем саған бәрібір.
Табанымнан таусылдырмай жолдан шық,
Көп ішінен өз бағыңды танығыр.

“Тек тілі жоқ, сымбатында еш мін жоқ”
Ех, Пері қыз, көңілімде көштің көп.
Асан құсап қасіреттен қан жұтып,
Біздің сезім бітіп қалмас бес күн боп.

Сағыныштан сартап болған мың өлең,
Менің ішкі әлемімде түлеген.
Жүректегі жыр дәптерден жатқа оқып,
...Мылқау қызға тіл бітіріп жіберем.

Табылғасын қосағымыз, теңіміз,
Бақытты боп күн кешеміз тегі біз.
Содан кейін, содан кейін, сосын ба?
...Періштеге айналады Пері қыз!!!
***

Өзге қала. Өзге адамдар. Өзге мұң.
Өзге жұрттан өзге ештеңе сезбедім.
Қайтқан құстар – сағыныштың сәлемі,
Жүрегіме көшіп алды тез менің.

Туған жерге мені бір күш тарта ма?
Құстар, құстар! Хабар берші қалқама!
Көз алдымда күңгірт тартып барады,
Асылансыз, «Алдавайсыз» Анкара.

Жан таба алмай жайып салар жан мұңын,
Анкараның түндерінде қаңғыдым …
Көп ішінен көз сүзеді бір ару –
Маңдайыма жазылмаған тағдырым…

О, гөзәлім, ең тәкаппар, ең көркем,
Қазақтығым азап-мұңын жеңді ерте…
Елбең қағып кетем бір күн еліме,
Естелікке айналасың сен де ертең.

Бәрі жалған, бәрі өткінші, өтпелі.
Оған бола жазғырмашы тек мені.
Мені аңсатқан – гүл бейнелі сары қыз,
Және сосын Алматының көктемі…

Солай, жаным, кінәлауға бар хақың,
Жүрегімде өшпестей боп қалды атың.
Мені алдымда күтеді һәм күтпейді,
Қасиетті, қасіретті Алматым.
***

Жалған үмітке сеніп кей,
Қашанғы шыдар құр сүлде.
Жәудіркөз ару еліктей,
Жатырқап әлі жүрсің бе?

Керімсал мінез, керім Сен,
Тәуекелім ең бекінсем.
Кермаралдайын керілсең,
Көктемге сіңіп кетуші ем.

Жанымды өртеп, шарпып от,
Шері боп тұндым ғасырдың.
Тәкәппарлығыңа тәнті боп,
Менмендігіңе бас ұрдым.

Тірі жан ұқпас мұң ба едің?
Жетпейтін қолым биікте ең.
Асқақтығыңмен құнды едің,
Сен соныңменен сүйікті ең!

Сезімнен мөлдір шық тамып,
Паңдана керші қасыңды.
Сұлулығыңа сұқтанып,
Алайын сығып жасымды.

Кедейге біткен байлығым,
Бұралып өскен бұласың.
Қасиетін ұғып қайғының,
Жыласа жаным жыласын.

Кеудеме мұңды күй сіңіп,
“Тек мені қалқам күтердей”
Жүрейін сырттай сүйсініп,
Қол жетсе – қиял бітердей.

Жақындамай-ақ жаныңа,
Ең ұлы жырды жазамын!
Қинашы мені тағы да,
Таусылмас тәтті азабым...
03.03.2016
Вернуться назад