DataLife Engine / Шәді Жәңгірұлы (Шардарбек болысқа)

Шәді Жәңгірұлы (Шардарбек болысқа)

Қаратау маңындағы Қызылкөл ауылының Шардарбек деген болысы Шәдіге: «Бөтен ауылдың әнші- күйші сымақтарын мақтап босқа сандалғанша, өзімен ағайындас мені мақтасын, бір ауыз өлеңіне бір ат беремін» деп сәлем айтыпты. Шәдінің болысқа берген жауабы былай екен:

Шардарбек, ағайын ең асыл затты,
Білерсің сынап айтқан саясатты.
«Құйрығын жатқан жылан баспа» деген,
Бұрынғы естіп пе ең нақлиятты?
Мақтасаң жақсы бір ат беремін деп,
Білдіріп талай жерде нышанатты,
Ағайын сенің көңілің мұны сүйсе,
Мен мақтап не қылайын бөтен-жатты.
Өзгеден «озғандығың» бұл емес пе,
Балаңа естімеген қойдың атты.
Ойлашы, атырабыңда ат қойған ба
Сәбиге жаңа туған Мүңкір атты?!
Ұрлықта, ояздықта еш мінің жоқ,
Қазақ түгіл, зарлаттың ноғай, сартты.
Ат берсең, жүні толық жабыдан бер,
Алмаймын жүні сұйық қазан атты.
Білмеймін, араз болып қаламыз ба,
Ағайын, «тату едік» балдан тәтті.
Сөзіме «ойнап айтқан» өкпелеме,
Қояйын осы бастан мұндай шартты:
Жалған сөйлеп, жан бағу кәсіп емес,
Өлтірсең де айтамын ақиқатты.
Түс болғанша түңлікті ашпай ұйықтап,
Айнамен сақалдағы көрмей ақты,
Болысым, менің айтқан осы сөзім,
Ойлашы, құлағыңа қалай жақты?
«Мақтайтын» мендей адам таба алмассың,
Қолға алып іздесең де қос шырақты.
29.03.2016
Вернуться назад