DataLife Engine / Жандарбек Бұлғақов (Бейнамазға)

Жандарбек Бұлғақов (Бейнамазға)

Жүргенмен дана кейпінде,
Адасып əлі келесің.
Ассаламуғалейкумге
Сəлем деп жауап бересің.

Намазхан жанды тілдейсің,
Тыйылар əсте кезің жоқ.
Бір ауыз аят білмейсің,
Дін жайлы бірақ сөзің көп.

Той болса төрге шығасың,
Асыңды жейсің таңдаған.
Мешітке жақын тұрасың,
Алыссың бірақ Алладан.

Анекдот айтса сандырақ,
Тыңдайсың мəз боп күлісіп.
Уағыз айтылса ал бірақ,
Қарайсың шекең тырысып.

Күмəнмен қарап келесің
Алладан түскен хаттарға.
Имандай бірақ сенесің
Газеттер жазған ақпарға.

Тəубе қылатын шамаң бар,
Бұйырсын Хақтың жұмағы.
Сен жек көретін адамдар,
Сен үшін дұға қылады.
19.04.2016
Вернуться назад