DataLife Engine / Бақытгүл Бабаш (Дос болайық....)

Бақытгүл Бабаш (Дос болайық....)

-Дос болайық, - деп гүлге айтып едім,
Мұңайып Күнге қарады ол.
Мың айып таққан Түнге айтып едім,
Ақ шашын таңның тарады ол.

Желге айтып едім, уақыты жоғын
Сылтау қып кетті жайына.
Бағзы бір таныс, бақыты жоғын
Жазады жыр қып қайыңға.

Бұлдыр да бұлдыр бұлттарға бардым,
Тапсам ба құрбы аспаннан?
Халі осы жалғыз жұртта қалғанның,
Бастады неге басқа арман?

Құстармен мен де бір қайтсам ба екен,
Кірпігімде отыр зілдей мұң.
-Дос болайық, -деп күзге айтсам ба екен,
Сізге айтсам ба екен? Білмеймін...
10.03.2012
Вернуться назад