DataLife Engine / Бақытгүл Бабаш (Егілген ен даланың елігі біз....)

Бақытгүл Бабаш (Егілген ен даланың елігі біз....)

Егілген ен даланың елігі біз.
Түнде - елес, күндіз - сағым серігіміз.
Ілеміз кірпікке әкеп жыр-періште,
Күлеміз - күрсінеді жүрек іште.

Бейдауа халімізді Ай ғана ұғар.
Шербет деп у ішеміз - қайғыны алар.
Әйтеуір шырқамады таңымыз ән,
Бір Өмір барады өтіп жанымыздан...

Тылсымын өлеңге орап сен даланың,
Мен сырын шемен қылдым шер-қаланың.
Кеудеде асыл арман аһ ұрғанда,
Шайырлар мен шаһарлар шақырғанда,

Әлияш! Қосыла алмай қанаттыға,
Қу тірлік бізді талай талатты да.
Дүние - дидарғайып, сия алмадық.
Сия алмай, жанымызды жиі алдадық.

Аласа аспанымыз, құлапты Ай да.
Әлия-я, кетейікші! Бірақ... қайда?
10.03.2012
Вернуться назад