DataLife Engine / Бақытгүл Бабаш (Оралхан Бөкейге)

Бақытгүл Бабаш (Оралхан Бөкейге)

Әппақ... әлем...
Әппақ маржан айналам.
Жаным-көкте,
Жерде жүрген құр сүлдем.
Неге осы мен,
Қайырымсыз дүниеден қайғы алам?
Неге осы мен,
Сіз жайлы ойлап, күрсінем?

Әппақ... әлем...
Адыра!
Түнге ғана құмартады жас жаным.
(Қаралығы үшін бе?)
Алма-қыз ем, қапияда қарға айнала бастадым,
Қара ниет Қоңқай шалдың ісінен...

Әппақ... әлем...
Мөлдір мұңның моншақтарын теремін.
Уысымда - толы Бақ.
Ақ қар кешіп, мен Сізді іздеп келемін.
Ыстық,
Мұ-ұ-ұ-ұздай
Жүрегімді қолыма ап...


Айыртауда...
Тағы да түн. Қара түн.
Мен отырмын сыздап сыңар қанатым.
Кім біледі періштелер мекенін?
Кім біледі Жолды Сізге баратын?

Айыртауда...
Қорғалады бүгін Ай.
Ақ жүзімнен сорғалады жас тағы.
Өрімталдай өмірімді, түбі лай,
Суы да сор теңіз етіп тастады...

Айыртауда...
Көңілімнен күй кетіп,
Болмысымды белгісізге билетіп.
Кім біледі, әлі қа-а-анша жүремін,
Боз далада бос шанамды сүйретіп?

Шығыс ұлы!
Менің хұсни-халімді,
Шыңғыстайда біле ме екен бұғылар?
Тау жаңғыртып түнде салған әнімді,
Сізден басқа, Сізден басқа кім ұғар?


Ағатай!
Жеттің бе Айға, алыстап Арманымнан,
Бейуақта кеттің қайда, «бейғұмыр жалғанымнан»?

Бақытқа шөлдедім мен. (Елге не берем үлгі?)
Айтар ма Әулиекөл, сұрасам дерегіңді?

Жай түскен жаным-жара, жаһанның сызы қонып.
Үлбіге шақырсам ба, үндінің қызы болып?

Ағатай!
Жоғалтпадым сіз берген ар жүзігін.
Жаны-өрт, тәні-дертті баяғы Қар Қызымын.

Алыста - қуанышым, қасымда нала қалып,
Сізді іздеп ақ толқыны, Бұқтырма барады ағып...

Ақшоқы баурайында адасқан Кербұғы кім?
Дауасын таба алар ма ем мен оның шер-мұңының?

Мінәжат еттім тағы, Тәңірге тізе бүгіп.
Кезігіп қалам ба деп көзімде жүзеді Үміт...

Әр түні алаңдаймын. Әр күні таппақ болам.
Бәрібір... бара алмаймын... Айналам - әппақ тұман.
Ағатай!
Жерде әлі жалғасуда, Қоңқайдан қалған лаң.
Беймезгіл неге көштің, «Бейғұмыр жалғанымнан???».
10.03.2012
Вернуться назад