DataLife Engine / Бақытгүл Бабаш (Жазбады....)

Бақытгүл Бабаш (Жазбады....)

Жазбады. Жазбады-м көптен жыр.
Өксіген жүрек бұл өкініп.
Көшеде адасып көктем жүр,
Қараша келгені ө-ті-рік.

Күнтізбе бетіне кектенем,
Ғазалым жетер ме ғарышқа?
Ақ бұлтқа ілесіп кеткен ем,
Арманым бармады алысқа.

...Ол күз бен бұл күздің арасы -
Жұтылған уақыт па, өзім бе?
Көшеде көктем жүр бал ашып,
Бір үміт жүзеді көзімде.

Бір үміт жүзеді көзімде,
Жүректе ауыр ой жаншылар.
Ол бәлкім, тұра алмай сөзінде,
Қапыда қоштасқан жан шығар?

Өткен күн көңілден өше ме,
Көше ме тағдырмен таласа?
Жапырақ кешеміз көшеде -
Адасқақ көктем. Мен. Қараша.
10.03.2012
Вернуться назад