DataLife Engine / Бақытгүл Бабаш (Аңсар)

Бақытгүл Бабаш (Аңсар)

(Фариза Оңғарсыноваға)

Алқаракөкке жайып қанатын,
Сен едің келген ғайыптан ақын.
Жауһардай асыл жырыңды, апа,
Естіген алғаш Жайық болатын.

Жайық болатын шайырдың мұңы.
Оймақтай болды Ойылдың құны.
Ақбөкен сынды адасып жүрмін,
Орайын таппай ойымның бірі.

Жетім жүрекке болған кім медет,
Оятты өлең жарым түнде кеп.
Селт етті-дағы секемшіл көңіл,
Сандуғаш құсқа айналдым кенет...

Қауырсын қалам қолыма алып,
Жыр жазғым келді толқынға малып.
Өрлі өзен бүгін өксіп тұр, апа,
Толағай текті Табылсыз қалып.

Бұлдыр елесті қуып сенделдім,
Болашағымды біліп, сенген кім?
Атырау бүгін ауаға зәру,
Салқыны тиген суық сөздердің.

Тағы да қолын бұлғады-ау аз бақ.
Мазаңды алдым ба мұң ғана қозғап?
Жаныма тар боп жер беті кейде,
Жағаны кезем жындана жаздап...

Налама айналып Нарынның шері,
Қанбай жүр, қайтем, жанымның шөлі.
Жасын жырыңның жарқылын шашып,
Жайыққа келші! Сағындым сені!!!
10.03.2012
Вернуться назад