DataLife Engine / Бақытгүл Бабаш (Іздеймін....)

Бақытгүл Бабаш (Іздеймін....)

«Еркелемей, егіліп мұңға батқан,
Мен деген ағасы жоқ қарындаспын...».
(c) Күләш Ахметова



Іздеймін күндерімнен - сынаптай сырғып аққан,
Іздеймін түндерімнен - жыр мұнартқан.
Іздеймін жанарынан жап-жарық аспанымның,
Купия кейіпкері-ау, ең қысқа дастанымның!

Іздеймін қалалардан, таппаймын, жылаймын кеп,
Кірпияз кірпігімді жасыммен шылаймын кеп.
Сен болып елестейді ағаның бәрі маған,
Ей, менің сормаңдайым, бақытқа жарымаған...

Ессізге есем кеткен кезімде іздедім мен,
Ақұлпа үмітімді бәрібір үзбедім мен.
Білсем де бақи жақтан ешкімнің келмейтінін,
Бір сенім жүрегімде тұрады бермей тыным.

Қорғаным өзің деуші ем, құладың, не етем енді?
Сен күткен биігіме мен қалай жетем енді?
Сүрінсем, сынаған көп күледі бар мұңыма,
Түңілсем, сыбағам көп, не дауа тағдырыма?

Тағы да көзімде мұң, барады жанып ішім,
Сабырға көнер емес мәңгілік сағынышым.
Жақынын жалғанда адам дар жіпке қимайды екен,
Ойласам, опасы жоқ өмірге симай кетем,

Аға-а-а!
10.03.2012
Вернуться назад