DataLife Engine / Ерлан Жүніс (Күйзеліске түскен ақын ініні қайрау)

Ерлан Жүніс (Күйзеліске түскен ақын ініні қайрау)

Сен əлі жас баласың,
Жастықпен, мастықпен де дос боласың,
Ұрылар тауларға да, тасқа басың,
Бəрі де біткендей боп тұрған сəтте -
Басталасың:
Басталған дəуір секілді данышпандардың демінен,
Дауыл секілді теңіздерді сапырған,
Жердің шегінен,
Көктің түбінен,
Дұға секілді мыңжылдар бойы оқылған!
Соғысы секілді жарық пен түнектің -
Ешқашан бітпейтін,
Қағысы секілді жүректің,
Ағысы секілді алапат өзеннің,
Кезеңнің -
Ешкімді күтпейтін!
Басталған мейрамдай мəңгілік тойланатын,
Жұлдыздар секілді Күнді айналатын,
Тіпті Күн секілді,
Ешкімді алаламайтын,
Ешкім де жақындай алмайтын,
Хат секілді оқылмай қалмайтын...
Жебедей - ешкімді жараламайтын,
Шексіздікке атылған,
Сүйісі секілді ғашықтың таңдарға ұласқан,
Азаншының дауысындай мінəжатқа шақырған,
Өзгелер есімін сұрасқан беймəлім жолаушыдай,
Алаушыдай - Олимпке ұмтылған!
Өмірдей - тастың да ішінде бұлқынған,
Ой дауысы секілді марғау ғасырды оятқан,
Қараңғы дүниені оятқандай Күн!
Аспандай жай атқан,
Өлеңдей -
Ешқашан аяқталмайтын!
02.03.2016
Вернуться назад