DataLife Engine / Ерлан Жүніс (Сағатыңыз қанша болды?)

Ерлан Жүніс (Сағатыңыз қанша болды?)

Аққан жұлдыз, өткен қызды бақылап,
Күттім оны, күттім оны не керек?!
Сағатыңыз қанша болды, жапырақ,
Сағатыңыз неше болды, көбелек?

Ол кешікті, жол кешіпті ол қалай,
Адасты ма, кір шалды ма қанатын?
Уақытты айтшы маған, толған ай,
Уақытты айтшы маған, қара түн!

Құлады ма, жылады ма, білмедім,
Сыңары ма, тұмары ма ол басқаның?
Сағат тілі қанша болды, гүлдерім,
Сағат тілі қанша болды, тастарым?

Жаңа жырым бар еді оған оқымақ,
Жаңа сыйым бар еді оған керемет.
Сағатыңыз қанша болды, жапырақ,
Сағатыңыз неше болды, көбелек?
15.03.2016
Вернуться назад