DataLife Engine / Ерлан Жүніс (Бесінші маусым)

Ерлан Жүніс (Бесінші маусым)

Өткен көктем, құстардың қиялынан,
Өткен жаз да, гүлдердің түстерінен,
Өткен күз де, жапырақ жүрегінен,
Өткен қыс та, ақ қардың арманынан,
Өткен бәрі,
Сені еске жиі алудан,
Жиі-жиі сен жайлы түс көруден,
Жиі-жиі сені ойлап түнеруден,
Жиі-жиі сен жайлы толғанудан,
Өткем мен де...

Өткен құстар, көктемнің аңсарынан,
Өткен гүлдер, жаздың да самалынан,
Өткен жапырақ, күздің де көңілінен,
Өткен ақ қар, қыстың да бауырынан,
Өткен бәрі,
Кешкілік ән салудан,
Басқан ізге әр күні оралудан,
Өзге жұртқа есуас көрінуден,
Сағынудан, күтуден, жауығудан,
Өткем мен де...

Міне, солай бесінші маусым келген.

Жүрмегей деп өкпелеп бекер бізге,
Бір гүл тастап кеткем мен кетерде ізге,
Бір жыр жазып кеткем мен өтер күзге.
Жолдарды шөп басқанша,
Шөптерге шық тұнғанша,
Шықтарға күз қонғанша,
Ақ қарда із қалғанша...
Жолығу керек пе осы екеумізге?...


Өзіңде - Өзің,
Өзімде де - Өзің,
Өз, өз, өз...
Өзеуреп бүгін өзіңді ойлар кез емес.
Еркіндігіңді құрметтей алам мен сенің,
Еркінсу бірақ есіру деген сөз емес.
Өзімшіл ұлдың бірі мен едім, мен едім,
Тәкаппар еткен Тәңірім менен Өлеңім!
Мен бірақ, күнім, еркіндік деген дүниенің,
салдарын емес, құрметтеуші едім себебін.
Еркіңді,
ойды,
таңдауды,
арды,
төзімді –
тәуелсіз еттім,
боданың еттім сезімді.
...Өмірді мынау өзгертіп кетем деп жүріп,
Өзгертіп әлде алдым ба екем Өзімді?!
15.03.2016
Вернуться назад