DataLife Engine / Бегілдә Алдамжар (Сыр бойы)

Бегілдә Алдамжар (Сыр бойы)

Сырдың бойы, құтты, рабат мекенiм,
сенде тудым, сен деп мәңгi өтемiн.
Ала шаңың тозаңындай алтынның,
басқа жақтың ұжмағын мен не етемiн?

Ыстық маған боз жусанды қырларың,
бидайықтар ысқырады күнде әнiн.
Бұлдырықтар былдыр етiп ұшқанда,
келтiредi Сыр сазының ырғағын.

Гүлi қандай жыңғыл менен шеңгелдiң!
Самалыңмен мен де бiрге тербелдiм.
Табанымнан өтiп тұрар ыстығы
топырағыңа аунап талай емделдiм.

Дария қандай аққан кезде сарқырап,
кең айдыны жатады ылғи жарқырап.
Аралдарда қаптап өскен нарқамыс
су лебiне иiледi қалтырап.

Сенде талай саңлақтарым жетiлдi,
сенiң желiң алғаш сүйдi бетiмдi.
Самалың да жырауларға қосылып,
термелетiп тұртатұғын секiлдi.

өз қойныңда өскен мен бiр бөбегiн,
бабалардың iзiн сенен көремiн.
Келбетiңдi бере алар ма суреттеп,
буынын әлi бекiтпеген өлеңiм?

Бұл балаңның алаңдайтын күнде ойы,
болар әлi-ақ жырларымның бiр тойы.
Бабалардың бола бiлген бесiгi,
сен аман бол, сұлу, сылқым Сыр бойы!

1960 жыл, № 100 разъезд
02.02.2014
Вернуться назад