DataLife Engine / Сырбай Мәуленов (Көкте бұлттар қансырап тұр)

Сырбай Мәуленов (Көкте бұлттар қансырап тұр)

Көкте бұлттар қансырап тұр,
Оқтар жыртып қорғасындай.
Тағы жаңбыр тамшылап тұр,
Сорғалаған көз жасындай.
Жатыр ұйықтап барлаушылар,
Разведкадан жаңа оралған.
Тағы да олар жауға шығар,
Тағы ұзатар жаралы орман.
Өтті өмірден байланысшы...
Жалғап сымды тістеп өліп.
Жатыр ма олар сол туралы,
Тірілтердей түстер көріп.
Түсті жайдың оғы келіп,
Балапандай тал шыбыққа.
Өртенеді екен өзен
Кім біліпті жайшылықта.
Кім көріпті судың жанып,
Қып-қызыл боп өртенгенін.
Кім көріпті шуыл қағып,
Емендердің ерте өлгенін.
Көкте бұлттар қансырап тұр,
Оқтар жыртып қорғасындай.
Тағы жаңбыр тамшылап тұр,
Сорғалаған көз жасындай.
11.11.2001
Вернуться назад