DataLife Engine / Темірхан Медетбек (Саған)

Темірхан Медетбек (Саған)

Жалғыз өзің бар дертіме дауадай,
аппақ нұрын құйып саған ауады ай.
Жеп-жеңілсің желпіп соққан самалдай,
жеп-жеңілсің тынысымдай, ауадай.

Сені көрсем ескермей жан азасын,
ұмытамын қатал тағдыр жазасын.
Сылқ-сылқ күліп ағып жатқан шымырлап,
судай мөлдір, судай сұлу тазасың.

Шақырсаң сен - құс болам да ұшамын,
ұмытамын не екенін құсаның.
Күйдіретін, жандыратын, өртейтін
күндей ыстық, күндей ыстық құшағың.

Жырлатса өмір - сені маған жырлатсын.
Асылымдай, ардағымдай қымбатсың.
Жер сияқты қарапайым кәдімгі,
Жер сияқты қатпар-қатпар жұмбақсың!

Астан-кестен етіп тымық кезімді,
ажар бейнең қарып кетті көзімді, -
Су мен Ауа, Жер менен Күн бірлесіп,
Осы қазір жаратқандай өзіңді.
01.02.2016
Вернуться назад