DataLife Engine / Тұманбай Молдағалиев (Өлең жазбасам)

Тұманбай Молдағалиев (Өлең жазбасам)

Өлең жазбасам,
бірдеңем жоғалғандай,
Мазам кетіп жүремін оңала алмай.
Әлсіздік пен мәнсіздік, мазасыздық,
Соңымнан бір ереді олар қалмай.

Өзімді өзімді ұнатпай, құнсызданам,
Көз алдыма келеді күнсіз далам.
Қуат таппай ұшуға, қонуға да,
Мұңаямын, өзімше құр сызданам.

Бақытпен де кезінде бастас едік,
Бара жатам біртүрлі босқа семіп.
Өзімді өзім алдаймын, өтірігіме
Өзім сенбей, қалардай басқа сеніп.

Мейіріменен көңілін жібітті де,
Аяқ басты шалдыққа жігіт, міне.
Не тапсам да, барлығын жырдан таптым
Күдікті де, күлкіні, үмітті де.

Өмірімнің өзені жай ақпастан,
Күнде таңда ұйқымнан оятты аспан.
Жырдың өзі - бітпейтін денсаулығым,
Ерке күнім ертеңге аяқ басқан.

Жарқылдаймын, кәрілік, сені ұмытып,
Жігіттіктің кеудеме желі бітіп.
Өмір сүрсем дейтұғын үміт-кеме
Жағалауда тұрады мені күтіп.
02.02.2016
Вернуться назад