DataLife Engine / Жәркен Бөдешұлы (Қайым ағаның қазасын естігенде)

Жәркен Бөдешұлы (Қайым ағаның қазасын естігенде)

Мәңгілік сапарына бұрып бетті –
Дегенде Қайым ағаң жүріп кетті.
Қабынып жан-жүрегім қара бұлттай,
Жанардан сел-жаңбырын үріп төкті.

Қарадым жалтақ-жалтақ жан-жағыма,
Өкіндім қапы айрылып қалғаныма.
Неліктен сыймай кеттің маңдайыма,
Бұл жалған Ұлылыққа тар ма мына?!

Пір тұтқан ерлігіңді ел боп сенің,
Ұрпағы ең Батыр Баян, Еркөкшенің.

Ажалды айбатыңмен қаймықтырып,
Алашқа қайта айналып келмек пе едің?..
Жатсынбас алысты да, жақынды да,
Жан аға, парасатты, ақылды да.
Неліктен тым асығыс атқа қондың,
Қасына Ұлы Мұхаң шақырды ма?

Қасына дос, бауырың шақырғасын,
Бармасаң өзіңіздей батырға сын.
Айта бар бізден сәлем Ұлылыққа,
Бақилық енді соның қасындасың.

Жалығып жүрісінен жабылардың,
Сарғайып мен өзіңді сағынармын.
Аспаннан ақ жұлдыздай ағып түсіп,
Қасыңнан шақырғанда табылармын.
04.02.2016
Вернуться назад