DataLife Engine / Жұматай Жақыпбаев (Ләйләң қайда?)

Жұматай Жақыпбаев (Ләйләң қайда?)

«Ләйләң қайда?» - деді маған күліп күн,
«Ләйләң қайда?» - деді маған күліп түн.

Дүниенің көріп жүрген күллі елін
Көрдім маған күннің қатты күлгенін.

Қатты күлді, әйелдерше күлді кеп:
«Сені тосып жүре ме ол, - деп, - үлбіреп?!»

Құшағы бар аялайтын аялы,
Түн мүсіркеп, түн кеп мені аяды.

Аяды кеп, аялады күлмеді,
Қоңыр үнмен жұбатты кеп түн мені:

«Мәңгі түнге жеткеніңше уақыт көп,
Күлкілі боп жүрісің де бақыт», - деп.

Аямайтын күн болып кел – бәрібір,
Аялайтын түн болып кел – бәрібір.

Сені, Ләйлә, қара көзді киелім,
Қайыспастан қара жерше сүйемін.
06.02.2016
Вернуться назад