DataLife Engine / Несіпбек Айтұлы (Соңғы жұлдыз сырғығанша)

Несіпбек Айтұлы (Соңғы жұлдыз сырғығанша)

Сайрашы тамылжытып, таң бұлбұлы,
Бір ауық жеңілдесін тағдыр жүгі.
Үніңмен үмітімді жалғай тұршы,
Үлбіреп үзілгенше жанның гүлі.

Жұтайын төксең-дағы жырды қанша,
Төбемнен соңғы жұлдыз сырғығанша.
Күн шығып, құстар шулап, жұрт оянып,
Сұр жылан жер бауырлап жылжығанша.

Басталса тіршіліктің арпалысы,
Тек жатпас аспан менен жер тағысы.
Сайрашы, жүрегіме нұрын құйсын,
Осы бір таңның таза қалтарысы.

Ғұмырын жырға қосқан күндіз өткен,
Мен де бір, байғұз да бір түн күзеткен.
Бұлбұлым, білемісің кең дүние,
Сағына күтіп отыр бізді көптен.


Сарқылғанда сабасынан күншуақ,
Түн түбінен шақырады бір шырақ.
Жұмыртқадан жырлап шыққан, төл құсым,
Саған да ертең уақыт жетер тыншымақ.

Өз əлінше əркім сайрар бұл күні,
Жырла, менің өз бақшамның бұлбұлы.
Сылаң қаққан сұлу аттай ғұмырдың
Қолдан сусып кеткенінше шылбыры.

Кең ғаламды отырғанмен ойға алып,
Жердің шарын шыға алмаспын айналып.
Тұмардай боп атамекен төсінде,
Топырағым мəңгі жатар байланып.

Елең қылмай екі дүние соғысын,
Жырла, ғажап ғасырлардың тоғысын.
Сусынымды қандыр əлем сырына,
Құйттай құсым, жаралдың ғой сол үшін.

Жалықпастан барлығын да жырлап бақ,
Сенің бағаң бара жатыр қымбаттап.
Тал бесіктің тəтті əуенін тербеші,
Жер бесікке салса мені құндақтап...


Тəуекелге жаным менің тас-түйін,
Сен болмасаң өмір құны – бес тиын.
Уілдеші бесіктегі сəбидей,
Іңкəр сезім, үніңді бір естиін.

Уілдеші, уілдеші, əлдиім,
Саған аян менің жұмбақ жан күйім.
Сеніменен таңда бірге оянып,
Сеніменен кеште бірге қалғиын.

Уілдеші, ойды оятып ұйқыдан,
Лəззəтына бөлесін бір сиқыр əн.
Селт етпесе өз обалы өзіне,
Шошынбашы тас кереңнің сиқынан.

Менің жаным сенің тəтті үніңде
Сенің жаның тіршіліктің гүлінде.
Сайрашы бір нəзік құстың тілінде,
Жата бермей жүрегімнің түбінде.

Сайрашы бір, серпілейін, сергиін,
Өмір деген өте шығар жел-құйын.
Зарыққанда өзің іздеп келмесең,
Періштем-ау, саған барар жол қиын!..
01.01.2016
Вернуться назад