DataLife Engine / Мағжан Жұмабаев (Сәлем хат)

Мағжан Жұмабаев (Сәлем хат)

Сәлем сөзім алыстағы еліме,
Алыстағы ақ селеулі беліме.
Айдан да айқын сендерді іздеп қайтуым
Күнім бітіп, кіргенімше көріме.
Қар қаланың тастап қызыл-жасылын,
Сардаланың аңсап жусан, сасырын,
Қайтуым хақ бір күн қоңыр іңірде
Қар қаладан қашып шығып жасырын.
Top іздеген құшып жолын Мұсаның,
Құшқаным рас Top деп қала құшағын.
Енді қайту құр бос айту емес қой,
Құшағында көрдім қанды бейшағым.
Түкпір еді тұрған ұзақ үй қылып,
Көп кітапты көп тезектей үйдіріп,
Бір шетінен лауылдатып от қойып,
Кетермін-ау бәрін күл ғып күйдіріп.
Кітап күл боп, өлер оттың жалыны...
Көкті басар қара бұлттың қалыңы...
Тап сол сағат құлағыма келмей ме
Қоңыр жел мен сары белдің зар үні.
Зар үн қоймас жанға бойлап жүгірмей,
Сол іңірде ақырын сөнген өмірдей.
Арқамды аңсап, қар қаладан шығармын,
Қоңыр жырмен сонау қоңыр іңірдей.
Мен қайтармын болмақ үшін елмен ел,
Ел бел асса, аспақ үшін бірге бел -
Аз ғана елдің өмірі құрғыр қалтылдақ,
Ел шер тартса, тартпақ үшін бірге шер.
Қайтуым хақ, белді будым тас қылып,
«Кет!» деме, елім, енді мені басқа ұрып.
Дейтін болсаң: «Қой жырыңды, жырауым
Қобызымды қиратармын тасқа ұрып.
Сөзім осы алыстағы еліме,
Алыстағы ақ селеулі беліме.
Жатсың демей, өзімсің деп баурыңа ал,
Қолың беріп мендей саяқ серіңе.
12.12.2012
Вернуться назад