DataLife Engine / Жанкелді Немеребай (Ауылда қалған балалық...)

Жанкелді Немеребай (Ауылда қалған балалық...)

Тауларды кезіп шың-құзбен,
Табанды тасқа тілгізген.
Бозбала күнім есімде,
Боз тайға әкем мінгізген.
Таң қурай менен құлпынай,
Құлпырған кезең шіркін-ай.
Өреге тізген анамның,
Ірімшігі мен құртын-ай.
Өріске ерте малды айдап,
Ұйқың да шала қанбай қап.
Таңғы асқа келіп таңертең,
Таласа жеуші ек бал-қаймақ.
Кеудемді кернеп саз арман,
Шырқаған кезде ажарлы ән.
Көз тимесін деп ата-анам,
Салатын аулақ назардан.
Бақ қонған сол бір даламнан,
Әкетті шалғай сан арман.
Балалық күнгі бақытты,
Таппаспын енді ғаламнан.
Туған жер сенен нәр алып,
Самғаған биік сан алып.
Алыстап бүгін аңсатты,
Ауылда қалған балалық...

***

Күнді аңсаған гүл сынды,
Солғын тарттым бір түрлі.
Бір сағыныш мұңайтты
Менің жарқын күлкімді.
Тасты жарған гүл сынды,
Көңіл көкке ұмтылды.
Өзімді,өзім түсінбей,
Ғұмыр кештім тылсымды.
Құшақтағы гүл сынды,
(Шыны көңіл мың сынды.)
Көлеңкелеу өмірде,
Сүйіп сендей сылқымды...
03.11.2015
Вернуться назад