DataLife Engine / Жанкелді Немеребай (Әсем қоңыр)

Жанкелді Немеребай (Әсем қоңыр)

Еңсемді көтерейін десем де бір,
Көп уықыт болып жүрдім бәсең көңіл.
Жігерлі серпін берген сондағы күй,
Дина шешей шығарған «Әсем қоңыр».
Әдемі әуезімен еліктірді,
Елесі көз алдыма келіп тұрды.
Әуеннен жаратылып әсем-ару
Сөйтті де ғашық етті бөрікті ұлды.
Тыңдасам шабыт берген болдың маған,
Жыр-құс боп тұғырыма қондың ба аман.
Көзіме еміс-еміс көрінетін,
Муза ма едің алыстан қол бұлғаған.

***

Сен тұратын көшеге тұңғыш аттап,
Есіңде ме, барғаным гүл құшақтап.
МЕН келемін сол түнгі сырды сақтап,
СЕН жүрмісің мен берген жырды сақтап?
Қызғаныштан кетсін деп қызып қаным,
(Тентектердің қоюшы ең тізіп бәрін.)
Сенер болсаң мен бүгін сен түгілі,
Сол көшенің сағындым бұзықтарын.
Сырты шаттық болғанмен іші мұңды,
Жүрегім -саған алғаш ұсынылды.
Гитармен де ең алғаш ән шырқап ем,
Суреттеп гитарадай мүсініңді.
Қоштастық қимай сол бір шақтарменен,
"Пәк сезім"жоқ бүгін бақ тапқанменен.
Ұят болды-ау саған деп жазған жырлар,
Болған еді ол кезде жаттанды өлең...
04.11.2015
Вернуться назад