DataLife Engine / Исраил Сапарбай (Көшеде қалған итке)

Исраил Сапарбай (Көшеде қалған итке)

Құйрығыңды қысып ап қыңқылдайсың,
Кімге налып, кімдерден құн сұрайсың?
Əрі өткенге телміріп, бірі өткенге
Жүрегімді аяусыз шымшылайсың.

Көп қарауға көзіңе дəтім бармай,
Көлге өзімді боламын батырғандай...
Бір "қаңқ" етіп қоясың анда-санда,
Қос бүйірің қабысып, аһ ұрғандай.

Жібергелі қаңғытып иең сені,
Түсіңе енер жылы орын, үй еңселі...
Қуарып тұр түр-өңі тіршіліктің,
Суалып тұр заманның жиі емшегі.

Күннен күнге барады құрып əлің,
Хал-жағдайыңды білмейсің кім ұғарын.
Аспандағы жартыкеш айға қарап
Жарым түнде жақпайды ұлығаның.

Балпан-балпаң басушы ең бағаң барда
Үй ішінде, көшеде, алаңдарда...
Сен адамға сенуші ең өлердейін,
Ал, адамдар...
Адамдар...
Адамдар ма?
02.11.2015
Вернуться назад