DataLife Engine / Исраил Сапарбай (Менiң мұңым тек қана, менiң қайғым емес қой)

Исраил Сапарбай (Менiң мұңым тек қана, менiң қайғым емес қой)

Менiң мұңым тек қана менiң қайғым емес қой,
Қалғып кеткен қаймана – қаңғып жүрген
Елестей...
Көштi қалай түзермiн,
Естi қалай жиярмын,
Оң жағымнан жел еспей,
Сол жағымнан ел өспей?

“Бетегеден биiкпiн, аласамын жусаннан”...
Көрiне ме көкжиек көз сүзгенмен құр шаңнан?
Аларманның сүлейi,
Берерменнiң үрейi –
Ақын қайда бусанған?!
Батыр қайда құрсанған?!

Жаңа туған жас бала...
Кiрпияз ба, кiм өзi?
Кiмге ырыс, кiмге құт кiндiгiмнiң
Кiнәзi?
Ауыздығын шайнаған Арғымағым болмаса,
Кiмге керек қазақтың қойдай қоңыр мiнезi?

Заман мынау апшынған айдаһардай жаланып,
Не болмақшы қаптаса Қараспанды қара бұлт?..
Қам-қаперсiз басыма қайта оралмас күн келсе,
Қасқыр басым қаншыққа қалмаймын ба таланып?..

Ерке мiнез ез емес,
Еркек тектi ел ем ғой?!.
Екi көзiм телмiрдi-ау есiк жаққа елеңдей...
Көкбөрiм-ау,
Көп-көрiм қуарды ма бөктерiң,
Бөрiктiрген кiм сенi?
Түске жүрсiң неге енбей?

...Менiң қайғым тек қана менiң мұңым емес қой?!
Қалғып кеткен қаймана – қаңғып жүрген елестей...
Көштi қалай түзермiн,
Естi қалай жиярмын,
Оң жағымнан жел еспей,
Сол жағымнан ел өспей?!
06.11.2015
Вернуться назад